7 Наурыз, 10:16 210 0 Ішкі саясат Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

«Нұрлы жолдың» келесі кезеңі әзірленбек

Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жұзеге асыру жайы сөз болды. Былтыр «Нұрлы жол» бағдарламасының арқасында 86 мыңнан астам жұмыс орны құрылса, биыл тағы 54 мың жұмыс орны ашылмақ.

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің айтуынша, «Нұрлы жолды» іске асыруға 2018 жылы барлық қаржыландыру көздерінен шамамен 791 млрд теңге көзделген. Соның ішінде республикалық бюджеттен 437,2 млрд теңге бағытталды, оның 437,1 млрд теңгесі немесе 99,9 пайызы игеріліпті. – Көлік инфрақұрылымын дамыту аясында жалпы алғанда, 4,6 мың шақырым жолда құрылыс және реконструкциялау жұмыстары жүргізілді. 2018 жылдың қорытындысы бойынша 528 шақырымында қозғалыс ашылды. 928 шақырым темір жолға күрделі жөндеу жасалды. Қостанай облысында ұшу-қону жолағы рекон­с­трукцияланды. Семей қаласының ұшу-қону жолағын реконструкциялау аяқталды. 2018 жылы 172,7 шақырым инженерлік желілер тартылды, олардың тозуы 60%-дан 57%-ға дейін кеміді. Бағдарламаны іске асыру 2018 жылы ЖІӨ өсіміне үлес қосты, – деді Р.Дәленов. Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр «Нұрлы жол» аясында осы жылы 4,4 мың шақырым жол қайта жаңғыртылатынын, атап айтқанда, Қарағандыдан Алматыға және Ақтөбеден Ресей шекарасына (Астраханға) дейін құрылыс жұмыстары басталады. Жыл қорытындысында жаңғыртылған 654 шақырым автожол қозғалысын ашу жоспарланғанын жеткізді. «Астана-Павлодар» (441 шақырым), «Щучинск-Зеренді» (80 шақырым), «Бейнеу-Ақжігіт» (85 шақырым), «Таскескен-Бақты» (20 шақырым), «Жетібай-Жаңаөзен» (73 шақырым) жобалары бойынша жұмыстар толығымен аяқталады.

Биылғы қаңтардың соңында жалпы ұзындығы 471 шақырым болатын «Алматы-Қорғас» (295 шақырым), «Алматы-Қапшағай» (42 шақырым) және «Астана-Теміртау» (134 шақырым) жол телімдерінде ақы жинау басталды. Тұтастай алғанда, 2019 жыл қорытындысында 4 ақылы жолдан жиналатын жыл сайынғы алым шамамен 5,4 миллиард теңгені құрайды. Келесі жылы ақы алу жүйесін тағы 5 мың 500 шақырымда іске қосу жоспарлануда. 2022 жылдың соңына қарай ақылы жолдардың жалпы ұзындығы шамамен 6 мың 500 шақырымға жетпек. Болжам бойынша, одан түсетін қаржы 40 млрд теңге болмақ.

Биыл 2015-2019 жылдарға арналған мембағдарламаны іске асырудың бірінші кезеңі аяқталады. Премьер-министр А.Мамин бағдарламаны жүзеге асыру көлік және инженерлік инфрақұрылымның дамуына қуатты серпін бергеніне екпін түсірді. Өткен кезеңде 8 мың шақырым автожол, 3 мың шақырым жылумен және сумен жабдықтау желілері салынып, реконструкцияланды. 1776 шақырымдық «Солтүстік – Оңтүстік» үшінші электр желісі пайдалануға берілді. Сондай-ақ, «Нұрлы жол» елдің транзиттік әлеуетін дамытуға ықпал етті. Өткен жылдың өзінде транзиттен түскен кіріс 1,5 млрд долларды құрады. Транзиттен қосымша табыс табу мақсатында осы жылдан бастап, «Астана – Щучинск» автотрассасынан бөлек, тағы 471 шақырымдық ақылы жаңа жолдар пайдалануға берілді. Енді «Нұрлы жол» бағдарламасының 2020-2025 жылдарға арналған келесі кезеңі әзірленбек. Үкімет басшысы оны Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне тапсырды.

Соңғы жаңалықтар