Жас педиатр дәрігерлер бас қосқан ғылыми конференция

Жас педиатр дәрігерлер бас қосқан ғылыми конференция

Жас педиатр дәрігерлер бас қосқан ғылыми конференция
ашық дереккөзі
537
Халыққа арнаған соңғы Жолдауында Президент 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынған болатын. Жастар – болашақтың, қоғамның қозғаушы күші. Сондықтан Қазақстанның болашаққа бастаған даңғыл жолы жастарға  байланысты. Біздің жастарымыз ғылым мен білімге ұмтылып, елдің болашағын ойлайтын болса, келешегіміз кемел, тәуелсіздігіміз баянды болары сөзсіз. Бүгін 1 наурыз күні «Жастар жылы» аясында Алматыда «Жас зерттеуші: заманауи педиатрия және балалар хирургиясы дамуының сын-тегеуріні мен келешегі» атты тақырыпта докторанттар, магистранттар мен резиденттердің халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.  width=ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы, «Педиатрлар Одағы» қоғамдық бірлестігі мен С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың балалар аурулары кафедрасының ұйымдастыруымен өткен конференцияға Ресей, Өзбекстан, Қырғыз және өз еліміздің 200-ден астам жас ізденушілер: жас педиатрлар мен балалар хирург-дәрігерлері қатысты. Ұлы Абайдың «Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек. Екінші - ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек» деген (Абайдың 32 қарасөзі) ұранымен екінші рет өткен шара еліміздің және шет елдің жетекші медициналық ЖОО докторанттары мен  магистранттарын және медициналық мекемелерде резидентурада оқып жатқан жас мамандардың басын қосты. Жастар жылы аясында халықаралық деңгейде өткен конференцияда  педиатрия және хирургия саласы бойынша 100-ден астам ғылыми жұмыстар, арнайы баяндамалар, мақалалар  және постерлік баяндамалар ұсынылды.  Әртүрлі ЖОО мен елдердің жас делегаттары педиатрия және балалар хирургиясы саласындағы өздерінің тәжірибелерімен бөлісті.  width=Конференцияның ашылу салтанатында Педиатрия орталығының басшысы Риза Боранбаева, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың ректоры Талғат Нұрғожин,  Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің ректоры Жұмағали Исмаилов, «Help today» қоғамдық қорының  директоры Эльмира Алиева  алғы сөз сөйлеп, шараның маңыздылығын атап өтіп, ғылымға қадам басқан жас ғалымдарға жаңа ізденіс тіледі. «Заманауи медициналық ғылым мен практиканың дамуы жас ғалымдардың ғылыми әлеуетінсіз мүмкін емес. Сондықтан біз жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттыру, жас ізденушілерді ғылыммен айналысуға шақыру мақсатында бүгінгі шараны өткізудеміз. Ғылыми-зерттеу жұмыстар тәжірибемен ұштасуы керек деп санаймыз. Бүгінгі конференция балалар жасындағы ауруларды диагностикалау, емдеу және алдын алудағы негізгі мәселелердің бетін ашуға мүмкіндік береді деп үміттенеміз», деді  Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басшысы Риза Боранбаева. Оның айтуынша алдағы уақытта ғылыми конференция жылсайынғы дәстүрлі шараға айналмақ. С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың ректоры Талғат Нұрғожин: «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Жастар жылы» деп жариялауы қоғамның қозғаушы күші – жастарға жаңа серпін береді деп ойлаймын. Жастар қай кезде де жастық жігерінен танбай, тәуелсіз Қазақстанның тұғырын биіктетуге, денсаулық саласын дамытуға, әсіресе, балалар саулығы жолында бар күш-жігерлерін сала береді деп сенемін. Заманауи болашақ медицинасын дамыту жастардың қолында», деп атап өтті. Ғылыми конференцияда балалардағы ауруларды емдеу мен диагностикалаудың заманауи әдістері, балаларға медициналық көмек беруді ұйымдастырудың аспектілері,  сирек ауруларды емдеуді жетілдіру, түрлі хирургиялық және соматикалық патологиялары бар балаларды оңалту, психологиялық және медициналық-әлеуметтік бейімдеу, балалар жасындағы интенсивті терапия мен анестезиология, диагностикалау мен емдеуде  қолданылатын заманауи медициналық технологиялар және т.б. осы сынды нәрестелер мен бүлдіршіндерді емдеу мен педиатрия саласына қатысты өзекті өзекті мәселелер талқыланып, ғылыми жобалар ұсынылды. Сонымен қатар, педиатрия тәжірибесінде сирек кездесетін әр түрлі клиникалық жағдайлар көптің талқысына салынды. Ғылыми жобаларды педиатрия және хирургия саласының білікті мамандарынан құралған қазылар алқасы саралады. Конференция соңында ұсынылған жұмыстар «Үздік баяндама» (педиатрия және балалар хирургиясы саласы бойынша), «Үздік мақала», «Үздік постерлік баяндама» аталымдары бойынша анықталып, арнайы дипломдармен марапатталды. Үздік баяндамалар мен ғылыми мақалалар Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына қарасты «Педиатрия және бала хирургиясы» ғылыми журналында жарияланды.  Журнал ғылыми қызметтердің нәтижелерін жариялау үшін ҚР ҒБМ-нің Ғылым және білім саласын қадағалау комитетімен ұсынылған, сондай-ақ Ресейлік ғылыми дәйексөз алу индексі (РИНЦ) мәліметтер базасына кіреді. Педиатрия жəне бала хирургиясы ғылыми орталығы емдеу мекемесі ғана емес, тәжірибелі кадрларды дайындайтын, ғылыми жобаларды іске асыратын орталық болып табылады. «Педиатрия» және «Бала хирургиясы» саласы бойынша резиденттер осында оқытылады. Бүгінгі күні жас мамандар еліміздің әр аймағындағы медициналық орталықтар мен мекемелерде қызмет жасауда. Қазіргі таңда Педиатрия орталығындағы резиденттер білім алып, біліктілігін тәжірибемен ұштастырып, онкогематология, кардиохирургия, аутоимунды гепатит, сирек аурулар бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуда. Педиатрия жəне бала хирургиясы ғылыми орталығы С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ҰМУ-дың, «Қазақ медициналық үздіксіз білім беру»  университеті мен Республикалық медициналық колледждің клиникалық базасы болып табылады. Орталық базасында бала гемотологиясы, кардиологиясы жəне ревмотологиясы бойынша қайта даярлықтан өту, педиатрияның көкейкесті мəселелері (пульмонология, гемотология, гастроэнтерология, кардиорев-мотология, функциональдық нақтамалау жəне зертхана ісі) бойынша дəрігерлердің білімін жетілдіру циклдары жүргізіледі.

Серіктес жаңалықтары