ЕЛ СЕРПІЛГЕН КЕЗ ЕДІ

Қазақтың Абайдай данышпан ақынын өмірге әкелген топырақ – Семей өңіріндегі осы бір жаппай халықтық қасіретке айналған ядролық жарылыстардың зардабы әлі күнге ұмытыла қойған жоқ. Қалай ұмытылсын?!.  Халқымыздың тұқымына тұз сепкен сол бір «Невада-Семей» қозғалысын тоқтату жайлы  қоғамдық-саяси ұйымының құрылғанына отыз жыл өтсе де,  жүрекке түскен салмақ пен тәнге жабысқан жарадан әлі арыла қойғанымыз жоқ. Ол бір запыран жылдар сол кездегі әдеби-көркем шығармаларға да талай мәрте арқау болғанын,  сахналанғанын да көрдік. Көріп қан жыладық. Жарылыстан уланған ұрпақтың мүгедек халін көріп, жүрегіміз сыздады. Қол-аяқ жоқ, тіл-ауыздан айырылған ғаріп мүгедектерді дүниеге әкеліп жатқан талай аналарымыздың осынау адамзатқа жасалып жатқан қиянатқа шыдамай, өмірмен қоштасқанын да естідік, көрдік…

ХХ ғасыр ғалымдары ядролық қаруды ойлап тауып, түрлі сынақтар өткізіп, біздің ғана емес, талай мемлекеттің, атап айтар болсақ, ядролық энергияны игеру Англияда, Германияда, АҚШ-та басталып, ең алғашқысы осыдан 64 жыл бұрын тамыз айындағы Жапонияның Хиросима қаласына америкалық «Малыш» атты бомба тасталуымен тарихта қалғаны белгілі. Сол сияқты Жапон елінің Нагасаки деген екінші қаласы да ядролық бомбаның құрбаны болғаны да  жұрт жадынан өше қойған жоқ. Сондай-ақ, кеңес заманында Қазақстан аумағынан да атом бомбаларын сынақтан өткізу үшін 18 миллион гектар жер бөлініп, Семей ядролық полигоны ашылғаны, ал оның Кеңес одағының аса маңызды стратегиялық обьектісіне айналғанын тәжірибелік  алаңдарындағы бес жүзге тарта жарылыстан-ақ байқау қиынға  түспес. Өйткені зерттеуші-ғалымдарымыздың пікірінше, қырық жыл бойы сыналған ядролық жарылыстардың жиынтық қуаты Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан екі жарым есе асып түскен деседі.

Сондықтан да 1989 жылдың 28 ақпанында Семейдегі атом полигонын тоқтату үшін құрылған «Невада-Семей» қозғалысының алғашқы шеруі өткізілді. Оны белгілі қоғам қайраткері, көрнекті ақын Олжас Сүлейменов басқарды. Халықтың жаппай қолдауына ие болған бұл қозғалыстың халықаралық деңгейге көтерілуі  Семей ядролық полигонындағы сынақтарды тоқтатуға қол жеткізбесе де, қалың бұқараның қысымымен сынақтар саны азая бастады. Осылайша атом қаруынан бас тарту әрекеті іс жүзіне асып,  полигон жабылып, қазақ халқы өз дегеніне жетті.Осы жолда Семей, Павлодар, Өскемен, Жезқазған, Қарағанды қалаларындағы жұмысшылардың бас көтеруі де үлкен қозғау болды.  Осы бастаманың әсерінен Ресейдің, АҚШ пен Францияның полигондарында ядролық қаруды сынауға мораторий жарияланды. Өз халқының  тағдыры, болашағы алаңдатқан жанашыр азаматтарымыздың бас көтеруінің арқасында қаншама мемлекет ядролық қаруды сынаудан құтқарылды. Тәуелсіздігімізге қол жетіп, еліміз егемендігіне иелік жасаған 1991 жылдың тамызында Семей полигоны тұтастай жабылып, сол жылдардан бері Елбасымыздың бастамасымен  Ядролық қарусыз әлем құруға бағытталған АТОМ жобасы жүзеге асырылып,  бейбітшілік сүйгіш саясатымен әлемдік қоғамдастықта өзіндік орын алған елдердің санатында танылып келе жатқан елімізде 29 тамыз халықаралық ядролық сынаққа қарсы күн болып белгіленді. Жоба мақсаты – әлем басшыларына Ядролық қару сынақтарын тоқтатуына ықпал ету, қару сынақтарын әлем бойынша жоюға бағытталған келісімнің заңды құралы ретінде күшіне енуін қамтамасыз ету.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button