842
Халықты жаяу жүру құтқарады
Халықты жаяу жүру құтқарады
Қазіргі заманның өмір сүру салты, яғни адамның қимыл-қозғалысының азаюы салдарынан жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті, простатит, бүйрек және бауыр аурулары т.б. көбейіп, қаншама есіл азаматтар ажал құшуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамына сүйенетін болсақ бұл қорқынышты деректер жылдан жылға ұлғая бермек.
Әлемнің ғұлама ғалымдарының пікірінше, халықты құтқарудың ең оңай жолы, ең қолжетімді де әрі тиімді әдісі күн сайын таза ауада жаяу жүру. Жапон ғалымдарының пікірінше, әр күн сайын, тәулігіне 10 мың қадам (ол шамамен 6-7 км) жаяу жүрген адамдардың дендері сау, әрі жоғарыда аталған аурулардан ада болады. Ал Американың Онкологтар Қауымдастығы, қатерлі ісіктің алдын алудың тиімді жолы ретінде де жаяу жүруді ұсынады. Мұндай материалдар медициналық БАҚ-та, ғаламторда өте көп. Өзіміз жүргізген зерттеулеріміз бен тәжірибелерімізді сараптайтын болсақ, шын мәнінде жаяу жүруді күнделікті хоббиына айналдырған азаматтар ішінде осы аталған ауруларға шалдыққандар жоқ екен.
Бірақ біздің азаматтар жаяу жүрмейді, таяқ тастам жерге де көлікпен жүргенді дұрыс көреді, өйткені көпшілігі жаяу жүрудің зор денсаулықтың кепілі екендігін, аталған аурулардың алдын алатынын білмейді, ал білетіндері жаяу жүруге ерінеді, оған қоса мотивация (оған ықпал ету) тағы жоқ. Сондықтан халық арасында көп үгіт-насихат жүргізуміз керек.
Қазақстанның жаяу жүру және скандинавияша жаяу жүру федерациясы (бұдан әрі - Федерация) жаяу жүруді халық арасында жаппай насихаттап, оны жалпыұлттық қозғалысқа айналдыруды жоспарлап отыр. Федерацияны дамыту үшін қатарымызға қалың бұқараны тартып, ерікті азаматтармен жұмыс жасайтын боламыз
Біз «Әр күн сайын – 10 000 қадам жүрейік» деп аталатын жалпыұлттық бағдарламамызды бұқара жұртшылыққа ұсынамыз. Әрбір адамның осы мақсатты орындауы үшін Федерация көмектесетін болады, яғни оларды оқытамыз, үйретеміз, көмектесеміз, тиісті шаралар ұйымдастырамыз және қажет болса арнайы дайындаймыз.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) деректеріне сүйенетін болсақ соңғы кезде рак, жүрек-қан тамырлары аурулары, простатит, қант диабеті, пневмония, бүйрек және бауыр ауруларына шалдығу саны бүкіл әлем бойынша өсіп келеді, біздің еліміз де одан шет емес. Қаншама бауырларымыздың өмірін жалмап жатқан осы ауруларды болдырмай, оның алдын алудың ең тиімді жалғыз жолы жаяу жүру екендігі қазіргі медицинада дәлелденген. Сондықтан да, осы қорқынышты аурулардан халқымызды құтқарудың тиімді жолы күн сайын 10 000 қадам жаяу жүру. Яғни, әркімнің белсенді қимыл-қозғалысы, дене шынықтыру мен спорт, денеге пайдалы жүктеме беру, яғни жаяу жүру бұл зауалды тоқтата алады. Біз кеңесімізді 1000 адамға тыңдата алсақ, яғни біз 1000 адамды осы зауалдардан құтқардық деп есептейміз.
Біздің елімізде жаяу жүру және скандинавияша жаяу жүру спорт түрінде танылмаған, яғни республикалық спорттық тізбеде спорт түрі ретінде тіркелмеген. Сондықтан біздің алдымызда осы спорт түрлерін заңды түрде тіркетіп, ресми мойындалуы үшін жүргізілетін үлкен жұмыстар күтіп тұр. Скандинавияша жаяу жүру спорты түрі бойынша Финляндиядағы Халықаралық скандинавияша жаяу жүру федерациясының стандарттары мен нормативтерін қабылдаймыз. Ал жаяу жүру спорты бойынша өзіміздің нормативтеріміз бен стандарттарымызды әзірлейміз және соған сәйкес өзіміздің тәртіптеріміз бен ережелерімізді жасап шығарамыз.
Федерациямыз республикалық және халықаралық деңгейдегі тиісті аккредиттеу және мойындалу рәсімдерінен өткеннен кейін еліміздегі басқа да мойындалған спорттық Федерациялар секілді заңдық негізде өз спортшыларымыз бен жаттықтырушыларымызға тиісті спорттық разрядтар мен атақтар береміз. Мамандар дайындап, тиісінше өзіміздің жаттықтырушыларымыз бен спортшылар құрамын жасақтаймыз.
Қазақстанның жаяу жүру және скандинавияша жаяу жүру федерациясы республикамыздың барлық өңірлерінде облыстық, Астана, Алматы, Шымкент қалалық Федерацияларын құрамыз. Осыған байланысты, өз денсаулығымен бірге халықтың денсаулығын да жақсартуға үлес қосуға ниеттес азаматтарды Федерацияға кіруге шақырып, Федерация филиалының Президенті, вице-президенттер лауазымдарына конкурс жарияладық. Барлық ақпарат www.hodba.kz сайтында.
Жамбыл Ахметбеков,
ҚР Парламенті Мәжілісінің
депутаты,
Қазақстанның жаяу жүру және
скандинавияша жаяу жүру
Федерациясының Президенті