27 Ақпан 2019, 10:42 972 0 Қоғам Назым Тойлыбаева

Астанада «Қазақ хандығы. Алтын тақ» фильмінің тұсаукесері өтті

Астанадағы «Қазақстан» орталық концерттік залында «Алтын тақ» фильмінің («Қазақ хандығы» киносериалының екінші маусымының кинонұсқасы) тұсаукесері өтті. Тұсаукесер фильм авторларының қатысуымен өтті.

Көп сериялы фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Centaurus Rustem Abdrashev production»  ЖШС-нің қатысуымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген.

Екінші маусымның оқиға желісі Жәнібек пен Керей хандардың Әбілқайыр Шайбани ұрпақтарымен Қазақ хандығының Сығанақтағы тағы үшін таласы айналасында өрбиді. Бұл қазақ хандығындағы ең күрделі кезеңдерінің бірі.

Фильмнің режиссері – Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, кинорежиссер, сценарист және суретші Рүстем Әбдірашов. Ол «Құрақ көрпе», «Қаладан келген қыз», «Сталинге сыйлық», Елбасы жолы киноэпопеясының: «Балалық шағымның аспаны», «От-өзен»,  «Теміртау», «Тығырықтан жол тапқан» және «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» атты кинотуындыларының авторы.

- «Қазақ хандығы» сериалының бірінші маусымы отандастарымыздың тарихқа деген қызығушылығын оятты. Шығармашылық топтың атына көптеген алғыс хаттар келіп түсті, ғаламтор және әлеуметтік желілер арқылы жылы лебіздер алдық. Көптеген пікірталастар мен сындар да болды. Халық тарапынан осы жобаның жалғасын түсірсе екен деген тілегін аңғардық. Бұл біз үшін өте маңызды. Былтыр Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық мәдениетіңді,ұлттық кодыңды сақтай білу. Олар сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды» делінген. Елбасымыздың осы жолдауы  фильмнің идеясымен ұқсас. Сонымен қатар, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көтерілген мәселелер біздің фильмде көрініс тапқан. Мәселен, фильм арқылы көшпенді халқының бай мәдениетін көріп, оның тыныс-тіршілігіне үңілуге болады, - деді фильмнің режиссері Рүстем Әбдіраш.

10 сериядан тұратын тарихи сериалдың екінші маусымының сценарийін жазуға бірінші маусымның авторлары Тимур Жақсылықов, Смағұл Елубай, Рүстем Әбдірашов қатысқан.  Ал жобаның авторы – ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаев.

Тарихи киноның түсірілімдері Алматы облысында мамырдың басында басталған. Кейінірек түсірілім тобы Түркістан облысында орналасқан «Елтай» ауылы маңындағы «Иір су» жайлауына ауысқан. Түсірілім тобы режиссер Рүстем Әбдірашевтің бастауымен Керей мен Жәнібек хандардың тұрағын  – төрелердің ауылын жасап шыққан.  Шайбандар мен Қазақ хандығының үлкен ұрыс сахнасы да жайлауда түсірілген.

Сонымен қатар, түсірілімдер Қазақстанның тарихи қалалары – Тараз және Түркістанда өткенін фильмнің продюсері атап өтті.

«Екінші маусымның аты айтып тұрғандай «Қазақхандығы.Алтын тақ». Қазақ хандығындағы ең бір күрделі кезеңдердің бірі. Жәнібек пен Керейдің Әбілқайыр Шайбани ұрпақтарымен Қазақ хандығының Сығанақтағы тағы үшін тақ таласы. Бұл маусымда тақты, Ақорданың астанасы Сығанақты қайтару сынды маңызды оқиғалардың айналасында өрбиді. Бірінші маусыммен салыстырғанда бұл әрине әлдеқайда қызықырақ, динамикасы жағынан жылдам. Экшн көп болады. Көрерменге қызықты болады деген ойдамын, - деді фильмнің продюсері Арман Әсенов.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына байланысты жасалған сериалдыңбірінші маусымының телевизиялық тұсаукесері 2017 жылдың наурызында өткен болатын. Сондай-ақ, сол жылы қаңтар айында «Алмас қылыш» атты кинонұсқасы жалпыұлттық прокатқа шыққан болатын. Ал прокатқа «Қазақ хандығы. Алтын тақ» фильмі биыл наурыз айында шығады.

Соңғы жаңалықтар