Садриддин Ахмедов Қазақстан туризмінің елшісі атанды

Садриддин Ахмедов Қазақстан туризмінің елшісі атанды

Садриддин Ахмедов Қазақстан туризмінің елшісі атанды
ашық дереккөзі
Ендігі уақытта танымал боксшы отандық туризмнің дамуына өз үлесін қосатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Елші атағын берген арнайы сертификатты «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы АҚ-ның басқарма төрағасы Рашид Күзембаев табыс етті. «Қазақстанның туризм елшілері бағдарламасын біз өткен жылы бастаған болатынбыз. Ондағы мақсат - елімізге және шетелге танымал тұлғалар арқылы отандық туризмді насихаттау мен оның дамуына үлес қосу. Биыл жастар жылына орай біз елшілер қатарын жас боксшы, еліміздің туын дүниежүзіне абыроймен көтеріп жүрген Садриддин Ахмедовпен толықтыруды жөн көрдік. Сондай-ақ, елшілік сертификатын табыс ету рәсімін арнайы «Beibarys» демалыс базасында өткізуіміз кездейсоқ емес. Себебі, бұл жерде демалыстан бөлек, спортпен шұғылдануға барлық жағдай жасалған», - деді ол. Ұлттық компания басшысының айтуынша, үстіміздегі жылы елшілердің қатысуымен ішкі туризмді ілгерілетуге арналған бірқатар жобаларды жүзеге асыру жоспарда бар. «Мен үшін бұл күтпеген жаңалық және үлкен жауапкершілік. Ендігі уақытта мен спортпен қатар еліміздің туризм саласының одан әрі дамып, жақсаруына жауаптымын. Боксшы ретіндегі басты мақсатым көк туымызды биік ұстап жүру болса, елші ретіндегі мақсатым Қазақстан туризмін дамытуға сәл де болса өз үлесімді қосу», - деді Садриддин Ахмедов. Сонымен қатар, танымал спортшы өзінің демалысын қайда өткізетіні туралы да айтып өтті. «Жекпе-жек өткізер кезде және оған дайындық барысында көбінесе шетелде боламын. Сондықтан елге жеткенше асығамын, яғни өз елімде демалғанды жөн санаймын. Айтар болсам, жуырда ғана достарыммен Бурабайда демалып қайттым», - деді ол. Айта кетсек, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының туризм елшілері қатарында Садриддин Ахмедовтан бөлек, еліміздің мақтанышы Димаш Құдайберген, танымал ұшқыштар Талғат Мұсабаев, Юрий Батурин және тағы басқалар бар.