Төрт судья жұмыстан босатылды

Төрт судья жұмыстан босатылды

Төрт судья жұмыстан босатылды
ашық дереккөзі
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ұсынысымен бірнеше судья қызметтен босатылды,  деп xабарлайды ҚазАқпарат. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы төрағасының орынбасары Шыңғыс Қабдоланың айтуынша, бүгінде этикалық нормалар аясында жемқорлықтың алдын алу шаралары жүргізіліп келеді. Осылайша, Ұлттық бюро ҚР Жоғары сотына Шығыс Қазақстан облысының төрт судьясына қатысты ұсыныс хат енгізген болатын. «Бізге жауап келді. Ағымдағы жылы 20 ақпанда Мемлекет басшысының Жарлығымен қол қойылды. Тәртіптік комиссияның шешімімен сот этикасына қайшы әрекет жасағаны үшін Өскемен қалалық №2 сотының төрағасы К.Т. Қасымов, осы соттың судьлары - М. К. Арғымберді және Г. К. Қайролдина, сондай-ақ, Глубоководский аудандық сотының судьясы Б. Г. Әміров қызметтен босатылды. Бүгіннен бастап аталған құжат күшіне енді», - деді Ш.Қабдола Астанада өткен баспасөз мәслихатында. Оның сөзіне қарағанда, бүгінде ондай материалдар көп. Негізгі мақсат -тәртіптік құқық бұзушылықтар аясында қауіп-қатерлерді анықтап, қылмыстың алдын алу. Ол үшін адамды дер кезінде қызметтен шеттету керек. ҚР Жоғары сотының ішкі қауіпсіздік және жемқорлықтың алдын алу бөлімінің меңгерушісі Қайрат Бижановтың сөзіне қарағанда, жұмыстан шығарылған төрт судьяның бәрі тәртіптік құқық бұзушылықтарға жол берген. Мәселен, Қасымов пен Арғымберді этикалық нормаларды бұзды. Ал Қайролдина мен Әміров қылмыстық істер бойынша жауапқа тартылған адамдармен байланыс жасап, жемқорлыққа әрекеттерін жасады. «Олар Мемлекет басшысының Жарлығымен жұмыстан босатылды. Бұдан былай төртеуі де сотта да, жалпы мемлекеттік қызметте жұмысқа тұра алмайды», - деп атап көрсетті Қ.Бижанов.