«Túrkіstan» ұжымы – Еуразия ғылыми-зерттеу институтында

«Túrkіstan» ұжымы – Еуразия ғылыми-зерттеу институтында

«Túrkіstan» ұжымы – Еуразия ғылыми-зерттеу институтында
ашық дереккөзі
335
Бүгін халықаралық «Túrkіstan» газетінің ұжымы Еуразия ғылыми-зерттеу институтында қонақта болды. Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-түрік университетінің аясында жұмыс істейтін ғылыми мекеме түрлі зерттеу жұмыстарымен айналысады.   width= Институттың ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі бағыты — халықаралық ғылым саласындағы өзекті мәселелерді кешенді түрде зерттеу. Аймақтық интеграция географиялық жақындық, экономикалық біртұтастық және ұқсастық, сондай-ақ мәдени-идеологиялық қарым-қатынас сияқты бірнеше шарттарға негізделеді. Бұл саяси жүйелерді, келіссөз процестерін және әлеуметтік құрылымды жеңілдетеді. Институт директоры Вакур Сүмер институттың зерттеу жұмыстары мен қызметкерлердің жүргізген сараптамалық зерттеулерімен таныстырды. Мәселен, институттың ғылыми қызметкері "Орталық Азиядағы аймақтық интеграцияның перспективалары мен мәселелері" атты зерттеуінде 1991 жылы Кеңес Одағының ыдырауы Орталық Азияның бес республикасының (Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан) тәуелсіздікке жол ашқанын және аталған республикалардың табысты аймақтық интеграция үшін ортақ саяси, экономикалық және мәдени байланыстар сияқты барлық қажетті алғышарттарға ие болғандығын айтып, Кеңестік кезеңнің әсері Орталық Азия елдеріне аймақтық интеграцияны дамытуға жол бермегенін, сондай-ақ, соңғы екі онжылдықта Орталық Азияда әртүрлі аймақтық ұйымдар құрылғанмен, бірақ әлі күнге дейін Орталық Азия институттары мен ұйымдарына кірмейтін аймақтық елдер баршылық екендігін жеткізген.  width= Сондай-ақ, институт басшылығы бүгінде қазақ зиялыларының мерейтойын атап өту мен мол мұрасын насихаттауға атсалысып келеді. Соның бірі ақын Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына байланысты кітаптар жарық көргенін айта кеткен жөн. Бұдан бөлек Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры Вакур Сүмер Елбасының "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласында "Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың «тарихи отаны» екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. ...Қазақстан аумағындағы Шу, Іле тауларының етегінен әлі күнге дейін жергілікті өсімдіктер әлемінің жауһары саналатын Регель қызғалдақтарын бастапқы күйінде кездестіруге болады. Бұл әсем өсімдіктер біздің жерімізде Тянь-Шань тауларының етегі мен шөлейт даланың түйісер тұсында пайда болған. Қазақ топырағындағы осынау қарапайым, сондай-ақ ерекше гүлдер өз әдемілігімен көптеген халықтың жүрегін жаулап, біртіндеп бүкіл әлемге тарады. Бүгінде жер жүзінде қызғалдақтың 3 мыңнан астам түрі бар, олардың басым көпшілігі – біздің дала қызғалдағының «ұрпағы». Қазір Қазақстанда қызғалдақтың 35 түрі өседі" деген пікірін дәлелдейтін дүниелер табылғанын да тілге тиек етті.  width= Кездесу соңында журналист Таңсұлу Алдабергенқызы институт кітапханасына "Әйелмен әлем әдемі" атты кітабын сыйға тартса, өз кезегінде Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры Вакур Сүмер «Túrkіstan» газетінің ұжымын 25 жылдық мерейтойымен құттықтап, әріптестік байланыс орнатуға ниетті екенін жеткізді.  

Серіктес жаңалықтары