333
Тегін үй деген түсініктен арылу қажет - Бақыт Сұлтанов
Тегін үй деген түсініктен арылу қажет - Бақыт Сұлтанов
Қала әкімінің қабылдануында болған тұрғындардың көбісін баспана мәселесі мазалайды, деп хабарлайды Елорда Инфо.
Бүгін елорда басшысының жеке қабылдауында 50-ге жуық қала тұрғыны болып, өз мәселелерін жеткізді. Әкім қабылдауына жазылғандардың негізгі бөлігі көп балалы аналар, олардың көтерген мәселелері - баспана, жұмыс және ерекше күтімді талап ететін балалары үшін жағдай жасау.
Бақыт Сұлтанов әкімдікке келген әрбір азаматты жеке қабылдап, қандай сұрақтар мазалайтынын тыңдай келе, орынбасарлары мен тиісті басқарма басшыларына тапсырма берді.
«Мен сіздерді қабылдауға және әр сұрақтарыңызға жауап беруге әрқашан әзірмін. Осында келген азаматтарды толғандырған сұрақтар мені де мазалайды. Бәрін қызықтыратын баспана мәселесі жайына келсек, қала бойынша коммуналдық тұрғын үй қорында баспана кезегінде 45 мыңнан астам адам тұр, оның 20 мыңнан астамы - түрлі әлеуметтік аз қамтылған топтарға жатады», - деді Б. Сұлтанов.
Сонымен қатар, қала басшысы әкімдік тарапынан берілетін тұрғын үй сертификаттарының санын 2 мыңға дейін ұлғайтатынын айтып өтті. Осы тұста айтып өткен жөн 1 млн теңгені құрайтын тұрғын үй сертификаты, өткен жылы 100 бюджет саласы қызметкерлеріне табыс етілді.
«Сіздерді жеке қабылдауым қызметтік міндетінен бөлек, алдағы уақытта не істеу керек, қандай шаралар қабылдау қажеттігін сараптау үшін де маңызды. Қазіргі таңда баспана мәселесін шешу жолдарын қарастырудамыз. Соның ішінде кезекте тұрған тұрғындардың әлеуметтік осал топтарына белгілі уақыттан кейін сатып алу құқығымен пәтерлерді жалға беру мүмкіндігі ұсынылады. Бұл дегеніміз азаматтар тапқан ақшасын пәтер иесіне емес, өз меншігіне өтетін пәтер үшін құюға мүмкіндік алады деген сөз», - дейді ол.
Әкімнің айтуынша, баспана мәселесін әр отбасына жеке талдау жасай отырып, жүйелі түрде шешу қажет.
«Былтыр 180 пәтер пайдалануға берілсе, биыл 500 егер қолдан келсе одан да асыруға тырысамыз. Тағы бір айтып кететін дүние, қала бюджеті түбі жоқ құдық емес, оныңда шегі бар және жұмсалуы тиіс саласы бар. Көп азаматтар ойлайды әкімдікте тұрғын үй қоры бар және оған бөлінетін бөлек қаражат бар деп. Адам бірнәрсеге қол жеткізу үшін еңбектену керек. Сіз жұмыс істеңіз, еңбектеніңіз, бұл бағытта мемлекет тарапынан барлық мүмкіндік жасалған. Сондықтан да тегін үй деген түсініктен арылу қажет», - деді қала әкімі.
Айта кетсек, 20 ақпан күні Б.Сұлтанов елорда халқы алдында жылдық есеп берген болатын.
Шаһар басшысы өз баяндамасын көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға қатысты түсініктеме беруден бастады.
Одан бөлек, қала әкімі «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Астанада екінші деңгейлі банктерге 27 млрд теңгені құрайтын несие бөлінгенін айтып өтті.