427
БҰҚАРАНЫҢ БАНККЕ СЕНІМІ НЕГЕ АЗАЙДЫ?
БҰҚАРАНЫҢ БАНККЕ СЕНІМІ НЕГЕ АЗАЙДЫ?
Отандық банктердің басына бұлт үйірілген бе, қалай? Соңғы кезде банкротқа ұшырап немесе бірігіп жатқан банктерге қарап еріксіз осындай ойға қаласың. Жақында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасыға ҚР Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев та мемлекеттен несие алған көптеген компанияның ақшаны уақытында қайтармай отырғанын, проблемалық несиелер көлемінің өсіп бара жатқанын ашық айтқан еді.
«Елге келіп банк құрып, жұмысын бастайды. Адамдар сеніп, ақшаларын салады, сонымен қатар квазимемлекеттік сектор да қаржы құяды. Кейіннен акционерлер қаржыны жымқыруды бастайды. Осы заңсыздық үшін оларды түрмеге отырғызуға заңдар жоқ. Олар қашқаннан кейін, аталған адамды іздеп әуре боламыз. Банк жұмыс істеп тұрғанда акционерлер қаржыны ұрламауы тиіс», – деген Елбасы экономиканы банкроттан тазартпай, елде даму үрдісі дұрыс жүрмейтінін атап өтті. «Бұл мәселелерді шешпесек, Үкімет те, банктер де үнемі сүріне береді. Неден қорқамыз? Банкроттық институты нарықтық елдерде айтарлықтай кеңінен тараған. Жағдайы жоқ компанияларға ақша берсеңдер, желге ұшады. Дұрыс басқара алмаған, құрып бара жатқан компанияларға неге бересіңдер ақшаны? Мұны істеп отырған Үкімет пен банктер. Басқа ешкім емес. Кім көрінгенге береді. Несиені алып, енді қайтара алмай отыр. Бұлай кім жұмыс істейді?», – деді Мемлекет басшысы. Ал Ақышев: «Олар ешқайда қашып кеткен жоқ. Жұмыс істеп жатыр. Бірақ несиені жаппайды. Өсімі өсіп жатыр», – деп жауап берді.
Осыған орай, Ұлттық банк өз реформасын талқыға салды. Бұл реформадан кейбір банктер, әсіресе несиелеуге келгенде бұрынғыдай оңды-солды әрекет ете алмайды. Мәселен, екінші деңгейлі банк пен заң арасында бұрын нормативтік-пруденциалдық құжаттар жүретін. Несиелеу кезінде осы құжаттарға сүйенген банк өз қызметін қалтқысыз атқарып келген. Енді жаңа реформаға сәйкес, бұдан былай екінші деңгейлі банктердің қызметіне Ұлттық банк тікелей араласып, жіті қадағалауда ұстайды. Демек, Ұлттық банктің құзыреттілігі артты деген сөз.
Айта кетелік, соңғы жылдары банк секторында көп өзгеріс болды. 2017-2018 жылдары бірқатар банктер бірігіп, қайта құрылды. Мұндағы басты мақсат – проблемалық несиелерді жою, банк секторын сауықтыру еді. Осыған байланысты көптеген банк қулыққа барып, проблемалық несие көлемін азайтып көрсетуге тырысты. Бірақ Ұлттық банк назарынан бұл қулық тыс қала алмады. Салдарынан көптеген банк қайта құрылды.
Өткен жылы банктерге қойылған жаңа талаптың тағы бірі – өзіндік капиталды арттыру еді. Мұны да кейбірі орындай алмады. Кейбіріне мемлекет қолұшын созды. Былтыр Ұлттық банк осы секторды сауықтыруға мемлекеттік қазынадан 650 миллиард теңге бөлді. АТФ банкке – 100 миллиард, Цеснабанкке – 100 миллиард, Еуразиялық банкке – 150 миллиард, Центркредит банкіне – 60 миллиард, РБК банкке – 150 миллиард теңге – барлығы 650 миллиард теңгені инвестиция жасады. Ұлттық банк бұл ақшаны жаңа эмиссияның есебінен, ал Үкімет Ұлттық қор есебінен беріп отыр.
Ұлттық банк бұл бағдарламаны қабылдағанда, ол мемлекет тарапынан ғана емес, ірі банктерді акционерлер жағынан да капиталдандыруға бағытталғанын айтқан еді, яғни банк 100 млрд теңге көлемінде қолдау көрсе, акционерлері соның үштен бір бөлігін 5 жыл ішінде қайта орнына құюы тиіс. Одан бөлек Елбасы бизнесті қолдау үшін бөлінгелі отырған 600 млрд теңгені тиімді игеруді тапсырып, осы уақытқа дейін несие қарызын қайтара алмаған компанияларды қылмыстық жауапкершілікке тартып, қайтарымды жүргізу керектігін ескертті.
Біз отандық банктердің бүгінгі жағдайы туралы экономист сарапшылардың пікірін білуді жөн көрдік.
Ілияс Исаев, экономист: Банктер капиталын ірілендіру ісін күшейту басталды
– Елбасы акционерлерді сынады. Себебі олар өз ақшасы есебінен банктің қаржысын толықтырмайды, екіншіден, тамыр-танысы, акционерлермен байланысы бар тұлғаларға несие береді. Ол айналып келгенде проблемалық несиеге айналады. Бұл мәселе бұрыннан бар. «Құн базалары мен типтері» бағалау стандарты бойынша клиенттерге капиталдың 10 пайыз мөлшерінде ғана несие беруге құқылы. Ал банктер сол нормативті бұзған. Және қайтарылмаған несиені мемлекет бюджет есебінен немесе Ұлттық қордың көмегімен орнын толтыруға мәжбүр. Осы коммерциялық банктерге беріліп жатқан көмек 2018 жылдың көктемінде қабылданған банк секторын сауықтыру бағдарламасына сәйкес жүзеге асты. Бірақ сол ақшаны игеру қатты қадағаланып отыр. Ұлттық банк арнайы бағдарлама қабылдап, банк секторын сауықтыру арқылы біраз банкке көмек көрсетті. Бұл көмек 15 жылдың ішінде қайтарылуы керек.
Ал банктердің бірігуі немесе банкротқа ұшырауына келсек, Елбасы бір сөзінде: «Бізге 30 банктің керегі жоқ, 10 банкпен де Қазақстан экономикасын амалдай аламыз» деген болатын. Қазір банктер капиталын ірілендіру ісін күшейту басталды. Бұл әлемдік тәжірибеде бар үрдіс. Себебі біздің банктер ұсақ, капиталы төмен. Капиталы төмен банктер бәсекеге қабілетсіз. Егер банктің капиталы неғұрлым үлкен болса, пайыздық мөлшерлеме төмендейді. Екінші, банк экономикада кездесетін кейбір тәуекелдерге төтеп бере алады. Яғни, өзін-өзі сақтандыра алады. Үшінші, банкте жатқан халықтың депозитіне кепілдік болады. Сондықтан банк капиталының іріленуі қазіргі бәсекелестік жағдайда өте қажет. Ал банк капиталы төмен болса, халықтың депозитін қалай сақтандыра алады? Меніңше, капиталды ірілендіру әлі де жалғасу керек. Былтыр үш банктің – «Астана банкі», Qazaq банкі, Эксим банкі лицензиясын қайтарып алды. Себебі капиталы өте аз, тәуекелге қарсы тұра алмады. Бұл – уақыт талабы. Біздің экономикамызға шетелдік банктер де келеді. Бір ғана шетелдік банктің капиталы Қазақстандағы 28 банктің капиталынан көп. Міне, банктің қосылуы, капиталының іріленуі жалғаса беретін түрі бар.
Ақшаны қайда сақтаған тиімді? Меніңше, алғашқы жүйе құраушы 10 банк жақсы жұмыс істеуде. Олардың капиталы жақсы. Одан қорықпай, тәуекелге бел буып, депозитке ақша сала беруге болады. Екіншіден, қазір ақша салатын қаржылық құралдар пайда болды. Былтыр ұмытпасам, Ұлттық банк шешім қабылдады. Егер ақшаңыз көп болса, алтын сатып алуға болады. Қазір алтын нарықта еркін сатылады. Оны кейіннен сатып, қайта ақша қылуға мүмкіндік мол. Сондай-ақ, Ұлттық банк 2018 жылы депозиттің жаңа түрін, яғни жинақ депозитін ұсынды. Оның пайыздық мөлшерлемесі – 12 пайыз. Мұндай жинақ депозитіне кепілдік беретін соманы 10 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін көтерді. Қазір ақша сақтайтын қаржы құралдары көп. Ұлттық банк оған кепілдік беріп отыр. Керісінше, Ұлттық банк халықтың қолындағы қаржыны банк секторына жинап, инвестицияға айналдыруға мүдделі. Қазір қор нарығы да дамуда. Оны басқару үшін терең қаржылық сауаттылық керек. Біздің жұрт қарабайыр ойлайды. Алматы қор биржасында, Астанадағы халықаралық қаржы орталығында да тартымды қаржы құралдары бар. Ақшаны сақтаудың да, басқарудың да тетіктері бар.
Жалғасбек Ақболат, экономист: Әрбір азамат банкке емес, өзіне сенгені дұрыс
– Елімізде банктер саны 33 еді, қазір қысқарып жатыр. Мемлекетке де, халыққа да тікелей пайда әкелмегендіктен сұранысқа да ие бола бермейді. Қазір банктің негізгі мәселесі – несиені шамадан тыс беруі, қарызды қайтара алмауы, т.б. Оған ішкі және сыртқы факторлар да әсер етеді. Бірінші, сыртқы фактор бойынша АҚШ федералды резервтер жүйесінің пайыздық мөлшерлемесін арттыру барысында бүкіл әлемде кері ықпал туындады. Қазақстан мемлекеті базалық мөлшерлемені төмендету саясатын ұстанып отырғанның өзінде де, біршама кедергіге тап болды. Ал банктер базалық мөлшерлемесін көтерген сайын жоғары пайызбен несие бере бастайды. Екіншіден, халықтың тұрмыстық жағдайы қалай? Еліміздегі азаматтардың басым көпшілігі тұтынушылық несиені көбірек қолданады. Яғни, егер несие кәсіпке бағытталса, тиімді болар еді. Бірақ халық ақшаны тұрмыстық заттар, көлік алуға, баспана алуға жұмсайды. Бұл пайда әкелмейтіндіктен пассив тұрғыда көрініс табады. Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев 2018 жылдың өзінде 1,2 трлн теңгені банкке қайта салдық деді. Президенттің өзі банктерге көмек көрсетіп, мәпелей беруді қою керек екенін айтты. Шынында да, ол банктердің пайда әкеліп, қоғамдық мәселені шешуге оңтайлы жағын көрмедік.
Банктердің несиелік портфельдеріне назар аудару керек. Азаматтар несие алғанмен, қаншалықты деңгейде қайтара алады, соған көңіл бөледі. Капитал.кз мәліметі бойынша, алдыңғы қатарда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі», «Цеснабанк», ал ең мәселе туындатып отырған – «Халық банк» АҚ. Себебі «Казкоммерцбанкпен» қосылу нәтижесінде олардың активті портфельдерінің өзінде қайтарылмаған несиелер көбейіп кеткен. Егер екі мықты қосылса, бір мықты өнім шығады. Бір дімкәс, бір сау болса, орта деңгейдегі дүние пайда болады. «Халық банктің» бүгінгі жағдайы тура сондай. 2017 жылғы 22 желтоқсандағы мәлімет бойынша, әлемдік стандарт бағалау статистикасы «Халық банкіне» негативті бағасын берген болатын. Одан бөлек Ұлттық банк экс-төрағасы Марченконың «Қазақстан банктеріне сенетін ақымақ емеспін» деген сөзі бар. Сондықтан әрбір азамат банкке емес, өзіне сенгені дұрыс.
Жасұлан Күшебаев, экономист: Жұрт депозитке ақша салуды азайтты
Екінші деңгейлі банктерге қатысты Ұлттық банктің құзыреті күшейіп жатқаны рас. Елбасы қатаң қадағалауға пәрмен берді. Себебі банктер өз қаржысын дұрыс пайдаланбай келген. Қазір жабылып қалған банктерге қарап соны аңғаруға болады. «Qazaq банк», «Эксим банк», «Delta банк», т.б. өзінің лицензиясынан айырылып қалды. Оған себеп – банктердің өз қаржысын дұрыс басқара алмауы. Банктің акционерлері мемлекеттен үлкен көлемде ақша алып, оңды-солды жұмсаған. Өзінің таныстарына, бизнес компанияларға кепілсіз несие берген. Ол несиелер уақытында қайтпай, банкті тығырыққа тіреген. Сосын акционерлер банкті тастап, акциясын ала қашып, екі ортада халық зардап шекті. Мұның алдын алу жолы қандай? Банктерді қадағалау арқылы екінші деңгейлі банктерге мемлекет тарапынан көмек бермеу. Қазақстанда 28 банк бар. Бұл өте көп. Оларға қаржы беру дұрыс емес. Оларға дер кезінде көмек берілді. Енді өздері несиені кімге беріліп жатқанын тексеру керек.
Халықтың банкке деген сенімі азайып кеткені рас. Жұрт депозитке ақша салмайтын болды. Себебі қорқады. Сондықтан банктер негізгі ақша табу көзінен айырылып қалды. Есесіне, халық ақшасын бизнеске, жылжымайтын мүлікке құйып жатыр. Халықты да түсінуге болады. Банк халық сенімін ақтай алмағандықтан осындай қиындыққа тап болды. Ол үшін бәсекеге қабілетті болу керек, жаңа реформалар жасау қажет. Сол арқылы халықтың сеніміне ие бола алады.