431
Қырық жыл қаржы жиғанмен...
Қырық жыл қаржы жиғанмен...
«Үйі жоқтың – күйі жоқ» деген халық даналығы бекер айтылмаса керек. Бүгінде қазақ отбасыларының көбі пәтерден пәтерге көшіп, тірнектеп тапқан табысын жалдамалы пәтердің ақысын төлеуге ғана жеткізіп жүр. Халықтың тұрмыс-жағдайын жақсартудың басты бағыттарының бірі – баспана десек, тұрғын үй мәселесінің күн тәртібінен түспеуі түсінікті. Қарапайым халық баспана мәселесін мемлекеттік бағдарламалар арқылы шешуге талпынады. Ал мемлекеттік бағдарлама арқылы қарапайым тұрғынның баспана алу мүмкіндігі қандай?
Қазақтың салт-санасы, арманы мен мұраты да шаңырақпен тікелей байланысты екені белгілі. Ал бүгінде баспана қазақ үшін бас ауруына айналды. Иә, бұл күні үй-күйсіз жүргендер аз емес. Оған еліміздегі баспана бағасының қымбаттығы да, жалақы мөлшерінің төмендігі де себеп. Соған орай, мемлекет баспана мәселесін шешуге мүмкіндік беретін бірқатар бағдарламаларды іске қосты. Мәселен, «7-20-25», «Нұрлы жер», «Өз үйім», «Қолжетімді баспана», «Баспана хит» жобалары бар. Алайда аталмыш бағдарламалардың талаптары қатаң, ондағы ережелерді орындау қарапайым халық үшін айтарлықтай қиындық туғызады. Десек те, «өз үйі – өлең төсегі» болуы үшін тірнектеп қаржы жинауы қажет. Өйткені мемлекет халықты жаппай тегін үймен қамтамасыз ете алмайды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Мен бүкіл елдің алдында тағы бір рет айтамын. Біз басқа әлемде өмір сүріп жатырмыз. Мемлекет ешкімге тегін үй бермейді. Тек несиемен, белгілі бір жеңілдіктермен көмектесе алады. Мемлекетте тегін пәтер де, мұндай заң да жоқ», – деген болатын.
Мұндай жағдайда отбасылар баспанаға қалай қол жеткізбек? Әрине, сатып алуға қолма-қол ақшасы жоқ жандар мемлекеттік бағдарламалар бойынша берілетін ипотеканың көмегіне жүгінеді. Ең бастысы, бағдарлама талаптарын орындау оңай тиетін шаруа емес.
Талаптар неге қатаң?
Еліміздегі экономикалық сарапшылардың пікіріне сенсек, Қазақстанда 2018 жылы тұрғын үй бағасы 10 пайызға төмендепті. Ал ипотекаға үй алатындардың да қарқыны 2017 жылмен салыстырғанда 80 пайызға өскен. Мамандар бұған «7-20-25» бағдарламасы тікелей серпін бергенін айтады. Жыл сайын мемлекеттік бағдарламалар арқылы мыңдаған алматылық баспанаға қол жеткізгенімен, кезекте тұрғандар тізімі әлі де 20 мыңнан асып жығылады. Расымен де, Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «7-20-25» бағдарламасы – қазақстандықтардың баспаналы болуына жол ашқан жобалардың бірі. Бағдарлама бойынша үйлі болу үшін азаматтар алдымен сатып алғысы келетін баспананы таңдайды. Кейін қажетті құжаттарды жинап, ипотека рәсімдеу үшін банкке барады. Дегенмен бұл бағдарлама барлық азаматтар үшін қолжетімді бола бермеуі мүмкін. Өйткені «7-20-25» бойынша пәтер алуға ниеттілер әуелі баспана құнының 20 пайызын құюы керек. Ал қалған 80 пайызын 25 жыл ішінде 7 пайыздық мөлшерлемемен төлеп шығады. Бағдарлама бойынша баспана құны Алматы, Астана, Ақтау, Атырау, Шымкент қалаларында 25 миллион теңге, ал қалған өңірлерде ең жоғарғы баға 15 миллион теңге деп бекітілген. Баспанаға қол жеткізу үшін азаматтардың басында басқа үйі болмауы керек. Әрі ипотеканы тоқтатпай төлеу үшін тұрақты жұмысы, жоғары жалақысы болуы да шарт. Егер осы талаптар орындалмаса, тұрғындар «7-20-25» бағдарламасына қатыса алмайды. Демек, төмен жалақы алатындар мен екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жандардың бұл бағдарламаның шапағатын көруден үмітін бірден үзетіні түсінікті. Оның үстіне, мемлекеттік бағдарламалар бойынша баспана алғысы келетін жандардың несие тарихы таза болуы шарт. Өкінішке қарай, айлығын шайлығына әзер жеткізіп жүрген жандардың несиесін өз уақытында өтей алатындары аз. Аталған бағдарлама бойынша баспаналы болу үшін тұрғындардың жалақысы қандай мөлшерде болуы керек? Алдын ала төлем жасау үшін қанша қаржы және оны неше жыл жинауы тиіс? Баспанаға үй жинау үшін неден бас тарту қажет? Мысал үшін, құны 15 миллион теңге тұратын пәтер сатып алғыңыз келсе, айлық жалақыңыз шамамен 160-170 мың теңге болуы тиіс. Себебі несие беруде қарыз алушының кірісі ай сайынғы төлемнен екі есе көп болуы керек. Егер айлық табысыңыз жеткілікті болса, алдымен үй бағасының 20 пайызын, яғни, 3 млн теңгесін төлейсіз. Қалған 12 млн теңгені банк 7 пайызбен 25 жылға несиеге береді. Сонда ай сайын 84 мың теңге көлемінде несие төлеп тұрасыз. Ал 12 млн теңгенің пәтері үшін 25 жыл бойы ай сайын 68 мың теңге, 7 млн теңге тұратын баспанаға 40 мың теңге, 20 млн теңгенің пәтеріне 113 мың теңге төлеуіңіз қажет. Өткен жылы дәл осы «7-20-25» бағдарламасына ұқсас «Баспана хит» тұрғын үй бағдарламасы қолға алынған болатын. Бұл бағдарлама нарықтағы кез келген баспананы сатып алуға мүмкіндік береді. Ережесі қарапайым, қай жерде тіркелгеніңіз маңызды емес. Мұнда да алдымен баспана құнының 20 пайызын төлейсіз. Қалған бөлігін 10,75 жылдық үстеме пайызбен несиеге аласыз да, оны 15 жыл бойы төлеп шығасыз. Мәселен, 12 миллион теңгеге баспана алсаңыз, оның бастапқы жарнасы 2 миллион 400 мың теңге. Қалған 9,6 млн теңгесіне пайыздық үстеме ретінде шамамен 9,8 млн теңге қосылады да, оны алдағы 15 жыл бойы айына 107 мың теңгеден төлеп шығасыз. Ал пайыздық үстеме төлеп біткенше өзгеріссіз қалады.Қарапайым халық қайтпек?
Әрине, пәтер жалдап тұратын жандар үшін ипотекаға үй алып, ай сайын пәтерақыға жұмсайтын қаражатты сонда құйып отырғаны тиімді. Ал қолма-қол ақшаға үй сатып алу үшін азаматтар ұзақ жылдар бойы қаржы жинауы тиіс. Мәселен, айына 100 мың теңге жалақы алатын азамат неше жылда баспаналы бола алады? Егер азамат тұрақты түрде ай сайын 20 мың теңгесін баспана үшін жинақтап отыратын болса, 1 жылда 240 мың теңге жинайды. 10 млн теңге тұратын пәтерді сатып алу үшін әрбір азамат 40 жылдан астам уақыт қаржы жинауы тиіс. Долларға шаққанда теңге бағамы күн сайын құбылып, төл теңгені сатып алу қабілеті төмендеп тұрғанда бұл мүмкін бе? Сондықтан қазіргі уақытта табысы орташа қазақстандықтар үшін тұрғын үй алуға тиімді жүйе – «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы ипотека алу. Өйткені аталмыш банк тұрғын үйге ипотека алуды елімізде ең төменгі пайызда жүзеге асырады. Дегенмен бұған да қол жеткізе алмай жүрген жандар көп. Азды-көпті табысы бар азаматтар депозитке тұрақты түрде қаржы салып отыруы үшін ішіп-жеуден, киінуден, қонаққа, той-томалаққа барудан бас тартуы тиіс. Сонымен, мамандар баспаналы болудың тиімді жолы – «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» салым салып, арнайы бағдарламаларға тіркелу екенін айтады. Мысалы, «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы тұрғын үй мәселесі 50/50 қағидасы бойынша жүзеге асырылады, яғни пәтердің 50 пайызы әкімдікте үй кезегінде тұрғандарға үлестіріледі. Ал қалған 50 пайызы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» кезекте тұрмаған басқа салымшыларына беріледі. Бұл ретте әкімдікте кезекте тұрғандар мемлекеттік бағдарламаға қатысу үшін банк салымшысы болуы керек, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» шоты, онда жинап жатқан қаржысы болуы қажет. Мемлекеттік бағдарлама аясында баспана жеңілдікпен беріледі. Осыған байланысты үміткерлерге әр шаршы метр үшін қойылатын белгілі талаптар бар. Олар: Қазақстан азаматтығы немесе оралман мәртебесінің болуы, соңғы 5 жылда үміткердің және онымен үнемі бірге тұратын отбасы мүшелерінің Қазақстан аумағында баспанасының болмауы, соңғы 2 жылда тұрғылықты тіркеуде болуы және төлем жүргізуге қабілетінің расталуы. Алайда өзінің тұрақты баспанасы жоқ, пәтер жалдап жүрген жандардың тұрғылықты мекенжайдағы тіркеуі қайдан болсын? Ал жалақысы аз жандардың жылдар бойы банк салымшысы болуға мүмкіндігі болады дейсіз бе? Міне, дәл осындай талаптар қарапайым азаматтарды тағы да баспаналы болу мүмкіндігінен айырады. Жалпы алғанда, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары қарапайым халық үшін қолжетімді болуы тиіс еді. Алайда бағдарламаның халыққа қызмет етуіне орта жолдан кедергі болатындар бар секілді. Мұндай келеңсіздіктің қай уақытқа дейін жалғасатындығы беймәлім. Осы уақытқа дейін бағдарламалардың атауы өзгеріп, жарнамасы «жер жарғанымен», ережелері мен талаптары бәз баяғы қалпында. Қарапайым халыққа қолжетімсіз. Қалай десек те, ертелі-кеш әр қазақтың басында баспанасы болсын деп тілейміз.