Үздік командалар анықталды

Үздік командалар анықталды

Үздік командалар анықталды
ашық дереккөзі
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында  «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының ұйымдастыруымен «Сұңқар кубогы SSP» чемпионатының жартылай финалдық кезеңі өтті. Аталған жобаның басты мақсаты – жастардың көпшілік біле бермейтін таланттарын ашу, оларды үлкен сахнаға баулу,  жаңаша ойлайтын, креативті идеялары бар жастар легін көбейту. Әзіл әлеміне қанат қаққан ҚазҰУ қарлығаштары  ақпанның 15жұлдызында өткен Smart student’s project чемпионатының жартылай финалдық кезеңінде қағытпа қалжың, орынды оспақ, әлді әзілмен көрермен қауымның көңілін көтерді. Жартылай финалдық кезең қатысушылары «Ақпен бірге»,  «Әлем», «Эверест», «Физтех», «Мамасының балалары», «Мехмат», «Брэнд», «Музыканттың қойын дәптері», «Элита» командалары болды. Жобаның маусымашар кезеңінен іріктелген осы 9 команда өнер сүйер көпшілікке өз деңгейінде керемет ойын үлгісін көрсетті. Оларға өзінің әділ бағасын беріп, төрелік еткен әділқазылар қатарында «Bugin Group» компаниясының директоры Айбек Қуатбаев, тележүргізуші Гүлназ Ауданбаева, Қазақстан КВН одағы «Алматы КВН» филиалының директоры Оңдасын Дінмұханбетұлы, актер, «Жайдарман» ойындарының чемпионы  Нұрсұлтан Жақсыген, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әлеуметтік тәрбие жұмысы жөніндегі басқарма басшысы Талғат Болатұлы және «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының ҚБ төрағасы Шұғыла Мейрамбекқызы болды. Жартылай финалдық кезең нәтижесі бойынша, «Ең үздік креативті шақыру» номинациясын ақпаратық технологиялар және механика-математика факультеттерінің «Мамасының балалары» командасы еншіледі. Ал «Ең үздік жанкүйер» номинациясы ақпараттық технологиялар факультетіне бұйырды. Жартылай финалдық кезеңде жалпы балл көрсеткіштері бойынша озық нәтиже көрсеткен  «Ақпен бірге», «Эверест», «Физтех», «Брэнд», «Музыканттың қойын дәптері» командалары «Smart student’s project» чемпионатының гранд финалына жолдама алды. Жартылай финалда белсенділік танытқан «Әлем», «Мамасының балалары», «Мехмат, «Элита» командаларына демеушілердің, оның ішінде: «Жас сахна» театрының, «Дәм әуені» кондитерлік үйінің, «Крапива» боулинг орталығының арнайы сертификаттары және «Сұңқар» СмМ кәсіподағының алғыс хаттары табыс етілді. Креатив пен қызыққа, бәсекелі тартысқа толы болған жобаның жартылай финалдық кезеңіне келген көрермен қауым, арнайы қонақтар, ҚазҰУ оқытушы-профессорлар құрамы жоғары баға беріп, «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының алдағы ағымдық жұмыстарына сәттілік тіледі. Идаят Нұрсәуле Иманмәдиқызы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Биология және биотехнология факультетінің 3 курс студенті