Қарттарға қажетті орталық

Қарттарға қажетті орталық

Қарттарға қажетті орталық
ашық дереккөзі
«Нұр Отан» партиясы «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында зейнет жасындағы қариялардың уақытын тиімді өткізуіне жол ашты. Яғни, еліміздің бірқатар өңірінде қарттарға арналған «Белсенді өмір» орталығы жұмысын бастады. Бұл орталықта зейнет жасындағы қариялар шахмат ойнап, кітап оқып, домбыра тартып, қолөнермен шұғылданып, тіпті, фитнес залында жаттығулар жасай алады. Осындай орталықтың бірі Талдықорған қаласында ашылды. «Белсенді өмір» орталығының ашылуына «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы түрткі болған. Жаңа орталықта мәдени-рухани клубтар, тіл үйрету және компьютерлік сыныптар жұмыс істейді. Ардагерлерді белсенді өмір сүруге баулитын орталықта психолог пен заңгерлер де қызмет көрсетіп, кеңес береді. Дәл осындай орталық Қызылорда облысында да ашылды. Бұл – партияның Қазақстан халқы ассамблеясымен бірлескен іс-шаралар жоспарына сәйкес қолға алынып отырған игі шаралардың бірі. Орталықтың негізгі мақсаты – қазыналы қарттарымыздың тұрмыстық жағдайын жақсартуға, әлеуметтік белсенділігін дамытуға, бос уақыттарын қызығушылықтарына қарай тиімді  өткізуге, сондай-ақ оларды қоғамдық өмірге тарту және қосымша жағдайлар жасау. Ардагерлер қауымын құттықтаған «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев орталық жұмысының қазіргі қоғамда «белсенді қарттықтың моделін» қалыптастырудағы рөліне тоқталып, ардагерлерді қолдауға бағытталған  жұмыстарды атап өтті. Салтанатты шараға өңірде жұмыс сапарымен жүрген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ахмет Мурадов қатысып, Мемлекет басшысының үлкенді құрметтеу, қолдау көрсету бағытындағы міндеттерін тиімді жүзеге асыруда «Нұр Отан» партиясы мен Қазақстан халқы ассамблеясының игілікті бастамаларына сәттілік тіледі. Орталықтың ашылуына облыстың ардагерлері мен зейнеткерлері, этномәдени бірлестік өкілдері, сондай-ақ, Қорқыт ата атындағы ҚМУ оқытушылары мен белсенді жастар қатысты. Қарағандының Достық үйінде де зейнет жасындағы азаматтарға арналған «Белсенді өмір» орталығы жұмысын бастады. Онда қарттар кез келген уақытта бас қосып, пікір бөлісе алады. Орталықта мәдени-рухани клубтар, мемлекеттік, ағылшын тілін оқыту  сабақтары және компьютерлік сыныптар  жұмыс істейді. Сондай-ақ, кітапхана, шахмат ойыны, демалыс, денсаулық залдары бар. Қолөнермен шұғылданам деушілерге шығармашылықты дамыту орталығы аптаның кез келген күнінде жұмыс істейді. Сол арқылы қалада тұратын зейнет жасындағы азаматтардың уақытын тиімді өткізуі үшін жағдай жасау көзделген. Тіпті, психолог пен заңгер кеңесінің қызметі де ұсынылған.