227
КЕШ ҚИМЫЛДАЙТЫНЫМЫЗ ҚАЛАЙ?
КЕШ ҚИМЫЛДАЙТЫНЫМЫЗ ҚАЛАЙ?
Қарағанды облысының Шахтинск қаласында қазандық жарылып, кінәсіз тұрғындар қаза тапты. Осыдан соң іле-шала қақаған қысқа қарамай көп қабатты үйлерге жапсарласа немесе жертөлесіне орнатылған жеке қазандықтардың қауіпсіздігі жаппай тексеріле бастады.Осы ауыр жағдайды көргеннен кейін ой келді: «Тиісті орындар осы жұмысты істеу үшін адам өлімі болуы керек пе еді? Сонда ғана қимыл-қозғалыс бола ма?».
Түркістан облысынан шыққан автобус жолаушыларымен бірге Ақтөбе облысының аумағында өртеніп, қаншама адам мерт болды. Сол-ақ екен алыс сапарға шығатын автобустардың техникалық жай-күйі жаппай тексеріле бастады. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдары күндіз-түні хабарлап жатты. Осыны көріп отырып тағы да ой келді: «Сонда автобустардың қауіпсіздігін жаппай тексеру үшін де адам шығыны орын алуы керек пе еді? Бұл олардың күнделікті жұмысы емес пе?».
Күні кеше Астанада қыс қаһарына мінген шақта өрт салдарынан бейкүнә бес бала ажал құшты. Бүкіл Қазақстан қайғырды. Егілмеген, езілмеген жан жоқ шығар. Әсіресе көп балалы аналар жер-жерде жанайқайын жеткізді. Сол күндері төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері елорданың жеке үй секторын күндіз-түні аралап, қайта-қайта тексеруге шығып, өрт қауіпсіздігін сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізді. Сол сәтте тағы да ойға қалдық: «Сонда деймін-ау өздеріне тиісті осындай жұмыстарды жүргізу үшін бейкүнә жандардың көз жұмғанын күту керек пе еді?».
Рас, Мемлекет басшысы осы қайғылы жағдайға байланысты қайтыс болған балалардың ата-аналары мен туған-туысқандарына көңіл айтып, еліміздің барлық аймағында өрт қауіпсіздігіне байланысты іс-шараларды күшейтуге пәрмен берді. Ел-жұрт болып қайғы жұтқан отбасыға көмек көрсетілді. Демеу болды. Дем берді. Бірақ, мұның бәрі бейкүнә балдырғандардың орнын толтыра ала ма? Жоқ, әрине.
Сонда дейміз-ау, осы ауыр жағдайдың алдын алуға болатын ба еді? Егер жайдары жаз айларында, тіпті болмағанда қоңыр күзде төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері қыс қыспаққа алғанда өрт қаупі болуы мүмкін үйлерді қатаң қадағалап, егер сол жерде өмір сүріп жатқан отбасының жағдайы жоқ болса тиісті орындарға ескертіп, көпшілікті құлаққағыс етіп, ертеңгі күні зардабы көп болатынын айтса қайтер еді?! Өрттің салдарымен емес, себебімен күрессе деген ой ғой біздікі. Әкімдік бар, әлеуметтік қорғау мекемелері бар, қайырымдылық қорлары бар, қолы ашық, жаны жомарт жандар бар, бірі болмаса бірі қол ұшын созып, көмегін жасар еді-ау...
Мұндай ауыр жағдай енді елімізде қайталанбасын. Айдың-күннің аманында ажал құшқаннан сақтасын Алла! Әсіресе шарасыз балалардың өмір қызығын көрмей жазым болып жатқаны жанға қатты батады. Бала болсын, жас болсын, кәрі болсын, бәрінің де аман-есен болғанына не жетсін!
Осындай ауыр жағдайлардан сабақ алуымыз керек... Оны болдырмаудың алдын алған жөн. Күні бұрын қам жасалса, өкініш өзегімізді өртемес еді ғой. Болары болып, бояуы сіңгеннен кейін апыл-ғұпыл қимыл-әрекет жасағаннан не пайда? Кеш қимылдайтынымыз қалай?
Ғалым ОМАРХАН
Астана