1983
"Төсбелгілер тарихы"
"Төсбелгілер тарихы"
Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі фалерист Қайырбек Рамазановтың «Төсбелгілердегі тарих» көрмесі ашылды.
Фалеристика – бұл медаль, орден, төсбелгі және мерейтойлық, құрмет, оқу орнын бітіргені туралы, ведомстволық сияқты әртүрлі төске тағатын белгілерді коллекциялау. Бұл көпқырлы атау – рим легионерлерінің марапаттарын білдіретін «фалера» сөзінен шыққан. Аталған ұғымды өткен ғасырдың отызыншы жылдары чехословакиялық ғалым әрі коллекционер Олджих Пильц алғаш рет қолданған. Міне содан бері осы термин ғылыми қолданысқа енді.
ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Абай Сатыбалдин: «Бүгінгі ашылып жатқан көрменің маңызы ерекше. Ұлы Отан соғысынан оралған аталарымыздың орден-медалдерін ата-аналарымыз қастерлеп, баланың қолы жетпейтін жерде сақтайтын. Ұлттық музей бұл бағытқа да үлкен көңіл бөліп келеді. Біздің қорға Қайырбек ағамыз жеке қорынан көптеген фалеристік мұраларды өткізді. Тарихтан білеміз, әр орден-медалдің тарихынан кітап жазып, әлемге атын танытқан тұлғалар бар. Қайырбек ағамыздың да жиғандары халқымыздың тарихын түгендеу мәселесінде өте құнды жәдігерлер болып табылады», – деді.
Әлемдегі ең кең таралған хоббилердің бірі – ордендер мен медальдарды коллекциялау. КСРО-да фалеристика елуінші жылдардан бастап танымал болды. Бұл кезде мемлекетаралық байланыстар мен туризм кеңейе бастаған болатын. Міне дәл осы кезде әртүрлі ескерткіш белгілерді жаппай шығару қолға алынған еді. Қайырбек Рамазанов та фалеристикамен өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап айналысқан. Қазіргі таңда оның коллекциясында 12 000 төсбелгі, орден мен медальдар бар. Оның біразы жуығы Ұлттық музейдің қорларында сақтаулы тұр.
Қайырбек Рамазановтың өзі: «Коллекция жинауды 1970 жылдан бастадым. 27 жаста бастағам, мінекей елу жылдан асты. Бұған түрткі болған мынадай жағдай болды. Бірде Өскемен қаласында бір жиында коллекционерлер жиғандарын көрсетті. Әлгілерге қарасам ішінде қазаққа тән, ұлттық нақыштағы бір белгі жоқ. Содан бұл кәсіпті қолға алып, барған жерімнен төсбелгі, орден алуды көздейтін болдым. Таныстарым, достарым да көп көмектесті. Кейбіреулерін шамам жеткенше сатып алып та жүрдім. Жалпы жиған дүниемінің саны жиырма мыңға жуықтады. Екі жыл бұрын барымды халықпен бөлісейін деген оймен 10 000-ға жуығын Ұлттық музейдің қорына тапсырғанмын. Бұл – өшпес тарих, бұл – өткен күннің таңбасы. Мен үшін ішіндегі ең қымбаты – Ұлы Отан соғысына қатысқан аталарымыздың ордендер», – деп өз ойымен бөлісті.
Кез-келген зат фалеристика үшін нысан бола алады, алайда коллекция жинаудың әр түрі портретистика, геральдика, тарих, спорт, сәулет және тағы басқа белгілі бір қағидаларға сүйенеді. Фалеристикада белгілердің түрі көп, сондықтан тақырып та жеткілікті. Әдетте әуесқойлық қолға оңай түсетін қарапайым белгілерден басталады. Содан кейін біртіндеп марапаттар мен медальдар сынды құнды заттарға өтеді.