Құпия байлыққа төнген қатер

Құпия байлыққа төнген қатер

Құпия байлыққа төнген қатер
ашық дереккөзі
230

Әлемнің қалталы азаматтары өздерінің қомақты қаржыларын оффшорлық шоттарға орналастыратыны бұрыннан мәлім. Қыруар қаржыны сырт көзден жасырып, шекара асырған бай-бағландар Қазақстанда да көбейіп келеді. Өткен жылы зерттеу жүргізген сарапшылар соңғы 10 жыл ішінде Қазақстаннан оффшорлық аймақтарға 140 миллиард доллар шығарылғанын анықтады. Тіпті, оффшорлық аймақтарға шығарылған жалпы қаражат көлемі әлемдік экономиканы қиындықтан құтқарып қалуға жеткілікті көрінеді.

Еліміздің Бас прокуратурасының былтырғы мәліметтеріне сүйенсек, жеке тұлғалар шетелге жыл сайын шамамен 1,5 триллион теңге шы­ға­рады екен. Мәселен, тек 2013 жылы қайтарылмаған валютаның жалпы көлемі 200 миллион долларды құрады. Сондай-ақ, Қазақстан оффшорлық аймақтарға қаржы орналастыру жөнінен алдыңғы қатардағы 10 елдің қатарына енеді.

Жалпы, оффшорлық бизнестің қар­жы орталықтары шетел капи­талын салық жеңілдіктері мен бас­қа да жеңілдіктер беру, орталық орна­ласқан елде тіркелген шетел ком­па­нияларының табысына салынатын салықты азайту немесе толық жою жолымен тартады. Оффшорлық компания тек салық шығынын азайту ғана емес, шетелдік компанияның атынан келісімді жүзеге асырып, ше­тел­дік банктердегі несие қор­ла­рына қол жеткізеді. 2013 жылы Халықаралық журналист-зерт­теушілер консорциумы 170 ел­ден қаржыларын оффшорлық есеп­шот­тарда сақтап келген 130 мың адам­ның аты-жөнін жариялаған болатын. Аталмыш тізімде британдық Виргиния аралдарында, Гонконгте, Сингапурде, Кука аралдарында тіркелген офф­шор­лық компаниялардың иелері көрсетілді. Консорциумның 2013 жылы ұсынған тізімінде Ресей вице-премьері Игорь Шувалов, Әзір­байжан президенті Ильхам Әлиев пен оның әйелі, қызы бол­ған. Халықаралық журналист-зерттеу­ші­лер консорциумы байлардың қаржысын қандай жолмен жасырын ұстап, салықтан жалтарғандығын дәлелдейтін 2,5 миллионға жуық түрлі құжаттарды көрсетті.

Таяуда Швейцарияның құқық қор­ғау орындары Ресей Бас прокура­ту­расының өтініші бо­йынша бұрынғы ауыл шаруа­шы­лығы министрі Елена Скрынниктің есеп­шотын тұт­қын­дады. Скрынниктің шотында 60 миллион франк (60 миллион доллардан астам) болған. Экс-министрдің шотын тұтқындау «Росаг­ролизинг» компаниясынан жымқырылған қаржыны тексеруге тікелей қатысты. Тексеру нәтижесі бойынша, 2007-2012 жылдар ара­лы­ғында Елена Скрынниктің Швей­цариядағы шотына 140 миллион доллар қаржы түскені анықталды.

Әртүрлі баға беру деңгейі бойын­ша, оффшорлық есепшоттарда 32 трил­лион доллардан астам қаржы бар екен. Мұндай шоттардағы қомақты қара­жаттың басым бөлігі «лас ақша». Арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізген консорциум осылайша 2013 жылы оффшорларға соққы беру науқанын бастаған. Жалпы, өзге елдің есебінен қағып алып, ешқандай салық төлемей еселеніп артып жатқан оффшорлық байлықтың тәбетіне тоқтау салатын шақ әлдеқашан жеткенін бәрі де аңғарып отырғаны рас.

Еуроодақ елдері салық төлеуден жал­тарған азаматтары мен резидент­те­рінің кесірінен жылына 1 триллион еуродан астам қаржы жоғалтады екен. Еуропалық одақтан оффшорлық ай­мақ­тарға жасырылған қаржыдан жина­луға тиіс салық көлемі халық­ара­лық дәре­жеде дағдарысқа қарсы бағдар­ламада қарастырылған қаржыдан екі есе көп. Сондықтан Еуропада салықтан жалтарғандардың жасырын ақшаларына қарсы күрес ерекше белең алды. Еуропа одағының алғашқы соққысы оффшорлық аймақ атанған Кипр мемлекетіне бағытталған. Осыдан кейін Кипр мемлекетінің қаржылық жүйесі қайта оңалмастай қиын жағдайға тап болды. Жасырын ақшаның «жұмақ мекеніне» айналған Люксембург пен Мальта елдері де Еуропалық одаққа мүше жетекші мемле­кеттердің қыспағынан оңай құтылмайды.

Оффшорлық аймақтарға қатысты даулы мәселені 2012 жылы Ресей де шешуге тырысқан. Владимир Путин Ресейдің стратегиялық нысандарын «оффшорлық көлеңкеден» шығару қажеттегін ескертіп, инфра­құ­рылымдық кәсіпорындарға оффшорлармен байланысуға тыйым салған еді. Мемлекеттің инвестициялық жағдайын жақсарту үшін оффшорлық жүйені тоқтату қажеттігін де жақсылап түсіндірген. Тіпті, Ресей билігі салықтан жалтарған кәсіпкерлерді қолға түсіру, шетелдік оффшорлардағы ресейлік компанияларға тиесілі қаражатты елге қайтару жұмыстарымен айналысуды тоқтатпақ емес.

Құпия миллиардтар Қазақстанға орала ма?

Қалталылардың шетелдегі капиталын елге қайтаруға Қазақстан да барын салуда. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Шетелде ештеңенi жасыра алмайтыныңды, бәрiн анықтауға болатынын өздерiңiз де байқап отырсыздар. Жақында HSBC банкi ақшасын сонда сақтайтын 100 мың адамның тiзiмiн жариялады. Қазақстандық қалталылардың бар ақшасын сыртта сақтайтындығы түсініксіз. Ол бiздiң Отанымыз емес, онда бiздi ешкiм күтпейдi, ешкiм жақсы көрмейдi. Бұған дейiнгi капиталды заңдастыруда ешкiмдi жазалаған жоқпыз. Бұл жолы да жазаламайтынына кепiлдiк беремiн. Сырттағы ақшаны Қазақстанға әкелiңiздер, ол ақша өзiмiзге жұмыс iстесiн», – деген болатын. Тіпті, Мемлекет басшысы сырттағы қаржыны елге қайтарудың жалғыз мүмкіндігі ретінде мүлікті жария етуді ұсынды.

2014 жылы Қазақстан рақым­шы­лық шарасын қолға алды. Бұл қадамға еліміз шетелдерде сақталған қаржыны Қазақс­танға қайтару мақсатында барды. Дәл мұндай амнистия Қазақстанда бұрындары да жасалған. Еліміздегі алғашқы қаржы амнистиясы 2001 жылдың маусымында жүзеге асырылды. Бір ғана айға созылған рақымшылық шарасы кезінде Елбасы мемлекеттік қызметкерлерді, кәсіпкерлерді, көлеңкелі бизнеске қатысы бар жандарды адалдыққа шақырған еді. Сөйтіп алғашқы амнистия кезінде 480 миллион доллар қаржы елге қайтарылды. Екінші қаржы амнистиясы 2006-2007 жылдары болды. Бұл кезде елімізге шетел банктерінде сақталған 7 миллиард доллар отандық банктерге алмастырылды. Ал 2014-2015 жылдарға жоспарланған қаржы амнистиясы еліміздегі үшінші ірі шара болды. Қаржы амнистиясының үшінші кезеңінде қазынаға 12 миллиард доллар қаржы түсуі тиіс. Мұндай болжамды Экономикалық зерттеулер институты жасаған. Ал наурыз айындағы шараның аралық нәтижесі бойынша капиталы мен мүлкін амнистиялауға 16 мың өтініш түсіпті. Олар 125 миллиард теңге көлеміндегі байлығын заңдастырмақ. Үшінші амнистия кезінде Қазақстаннан тыс жерлердегі мүлікті жария етуге үлкен үміт артылды. Үміт артылған осы миллиардтардың біраз бөлігі қазір шетелдік оффшорлық аймақтарда құпия сақталып отыр. Алайда сол жасырын жолмен келіп, оффшорлық шоттарда жатқан қыруар қаражаттың иелерін нақты атап айту мүмкін болмай тұр.

Үстіміздегі жылдың мамыр айында «Ақ жол» партиясы «HSBC» банкі швейцарлық бөлімшесінен табылған құпия шоттардың қазақстандық иегерлерінің аттарын жария етуді талап еткен болатын. Өйткені Халықаралық журналист-зерттеушілердің консорциумы анықтаған деректер бойынша банктен Қазақстанның 82 азаматына тиесілі 251 банктік шот табылған еді. Соның екеуі белгілі кәсіпкерлер болса, қалған 80-інің есімі еш жерде аталмады. Бұл шоттарда барлығы 435 миллион доллар болған. Олардың арасындағы ең бай клиенттің шотында 145 миллион доллар бар. «Бүгінде бұл қаражаттардың басқа мемлекеттің пайдасына тәркілену қаупі бар. Бұған байланысты бұл шоттардың кімге тиесілі екендігін және олардың шыққан тегі заңды болып табылатындығын анықтау керек. Егер де бұл қаражаттардың жемқорлыққа қатысты күдіктенуге негізі бар болса, онда оларды алып, Қазақстанның пайдасына қайтаруға тырысу керек. Елімізден заңсыз шығарылған қаражаттарды қайтару, әділеттілікті қалпына келтіру ғана емес, сонымен қатар, қаражатты шет елдерде жасырмай, отандық экономикаға инвестициялауға мүмкіндік береді. Егер де шоттардағы қаражаттар заңды иелеріне тиесілі болып және жария бизнесте жасалған болса, онда мемлекет оларды қорғауға жәрдемдесуі тиіс», – дейді «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев. Оффшорлық шоттарға жасырын қаржы орналастырған қазақстандықтардың аты-жөнін анықтау мақсатында «Ақ жол» партиясының депутаттарынан құралған «Kazakhstan Financial Integrity Center» қаржылық қоғамдық қоры Халықаралық журналист-зерттеушілер консорциумына тиісті сауал жолдаған еді. Алайда консорциум мұндай ақпараттың тек ресми мемлекеттік органдарға ғана берілетіндігін ескерткен жауап хат жолдады. Сондықтан, «Ақ жол» партиясы еліміздің Бас прокуратурасынан Ұлыбритания мен Швейцарияның уәкілетті органдарына Қазақстан азаматтарының арасынан аталған шоттардың иелерінің толық тізімін беру туралы сұраныс жолдауды ұсынды. Мемлекеттік органдар ләм-мим демей, үнсіз қалған сияқты. Неге?..

Айта кетейік, «Ақ жол» пар­тия­сы бұған дейін де бірнеше рет Қазақстан экономикасында оффшорсыздандыруды жүргізу және жоғары қызметтегі мемлекеттік шенеуніктердің шетелдегі шоттарына қатысты банктік құпияны жою қажеттігін айтып, дабыл қаққан. Қазақстандықтар инвестиция салған елдердің қатарында Нидерланды, Ұлыбритания, Швейцария, сондай-ақ, Виргиния аралдары, Кипр, Люксембург бар. Әрине, бұл жерде оффшорлық аймақтарға кеткен қайтарымсыз ақша туралы болып отыр. Мәжіліс депутаты Азат Перуашев: «Біреу елден миллиардтарды шығарып байи түседі, ал біреулер елде жүріп жұмыс таба алмай ақшасыз қиналады. Жоғалған миллиардтарға кәсіпорындар құрып, жұмыс орындары ашылуы тиіс еді. Шетелге сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар қаржы ғана емес, сонымен қатар шынайы еңбекпен, бизнес арқылы түскен қаржы да шығарылуы мүмкін. ондай жағдайда бұл қаржыдан салық төленуі тиіс, тым болмаса 10 пайыз көлеміндегі жеке табыс салығы төленуі қажет», – дейді.

Қазақстанға оффшорлық аймақ қажет пе?

Оффшорлық аймақтар мәселесі біздің еліміз үшін ғана емес, ТМД және Еуропа одағы елдері үшін ортақ түйт­кілге айналып отыр. Елімізде қомақты қар­жының оффшорлық аймақтарға құйылып жатуы жиі талқыға түсіп, сыртқа кеткен қаражатты елімізге қайтару жолдары іздестіріліп жатқаны аян. Алайда 2014 жылдың наурыз айында «лас ақшалар» жинақталған оффшорлық аймақты Қазақстанның аумағында құру туралы да бастама көтерілді. Мұндай бастама жай ғана емес, Парламент мінберінен естілді. Сол кезде Мәжіліс депутаты Тұрсынбек Өмірзақов қалталы отандастарымыздың оффшорлық аймақ болып табылатын Виргиния аралдарына 3 миллиард 600 миллион доллар, Сейшель аралдарына 2 миллиард 600 миллион доллар, Кипрде 1 миллиард 900 миллион долларды сақтап отырғандығы туралы есебін естірткен. Әрине, бұл өте қомақты қаражат! Сондықтан Мәжіліс депутаты Тұрсынбек Өмірзақов өз ішімізде оффшорлық аймақты қалыптастыруды қолға алу қажет дейді. Қазір оффшорлық аймақ дамыған елдердің барлығында бар. Тек бізге әзірге 50-ге жуығы ғана белгілі. Тіпті, көршілес Ресей де Қиыр Шығыста осындай оффшорлық аймақ құруды қолға алды. «Бүгінде екі ел арасындағы шекарамыз ашық. Оның үстіне Бірегей экономикалық кеңістік аясындағы жағдайға келсек, онда қазақстандық капиталдың басым бөлігі Ресейде ашылуы қарастырылып жатқан оффшорға ағылып кететіні әбден белгілі. Үшіншіден, келешекте оффшорлы аймақтар шетелден капитал тартуда негізгі құралға айналуы мүмкін. Сондықтан да өзінің «ойын ережелері» айқындалған мұндай аймақ ашсақ ұтылмасымыз анық. Бұл ретте Жезқазған немесе Семей қаласын оффшорлық аймақ үшін ең қолайлы аймақ деп есептеймін. Тұтастай алғанда, салыққа сал­мақ түсірмейтін оффшорлық аймақ ашылса, кәсіпкерлерге де тиім­ді әрі дүниежүзінен капитал тар­туға мүмкіндік туар еді. Сонда дүние­жүзінен ақша келеді сол жерге. Күллі ел солай жасап жатқанда, бізге қарап отыруға болмайды», – дейді халық қалаулысы.

Алайда қазіргі уақытта бүкіл әлем оффшорлық аймақтардың экономикалық емес, саяси қырына баса назар аударуда. Соның әсерінен офф­шорлық аймақтар әлем елдерінің қар­сылығына тап болды. Ал олигарх­тар артық қаржыларын оффшорда емес, Швейцария мен испан банктерінде сақтағанды жөн санай бастаған тәрізді. Мұндай жағдайда біздің елімізде оффшорлық аймақ қалыптастыру қисынсыз болмай ма? Оның үстіне азаматтарының заңсыз табысы туралы кез келген мемлекеттің сұрау салуға, тіпті, оффшорды жауып тастауға да құқығы бар. Сондықтан, бүгінгідей қым-қуыт заманда оффшорлық аймақ құрудан бұрын, сыртқа есепсіз ағылып жатқан қыруар қаражат пен оффшордағы қазақстандық компанияларды қадағалау маңызды болып тұр.

Серіктес жаңалықтары