«КӨКТЕМДЕ ТУҒАН ЖІГІТТЕР...»

«КӨКТЕМДЕ ТУҒАН ЖІГІТТЕР...»

«КӨКТЕМДЕ ТУҒАН ЖІГІТТЕР...»
ашық дереккөзі
768
Қазақтың біртуар ақыны, поэзия мұзбалағының шын аты – Мұхамедқалиды еркелетіп Мұқағали атап кеткенін біреу білсе, әрине, біреу білмес. Негізі туған күні наурыз айының 13 жұлдызы, бірақ құжат бойынша  9 ақпан! Өз тұстастары секілді балалықтың бал дәмі таңдайына сіңбей өскен ол он төрт жасынан өлең-жырға әуестене бастаған. Ауыл баласының қолынан қазақ-орыс сөздігі  түспей, күндіз-түні кітап «кемірген». Соның арқасында қазақ әдебиеті классиктерінің шығармалары түгілі, орыс әдебиетін, оның ішінде Пушкин, Есенин, Блок шығармаларын зерделеп оқитын алғырлығын шетел әдебиетінің өкілдері Гейне, Дюма, Байрон, Стендаль, әсіресе Бальзак, Лондон, Шекспир шығармалары арқылы шыңдай түседі. «Адам өмірінің бақыты – балалық шағы. Балалық шақ бақытсыздықпен өтсе, санасы бар пенденің бүкіл ғұмырына ақау түскені...» (9 апрель, 1973 жыл),– деп күнделігіне жазғандай, ақынның да балалық шақтың кәусар бұлағына қанбай өскені аңғарылады. Сондықтан да болар, әкесі Сүлеймен соғысқа кеткенде бұғанасы қатпаған үш ұлдың үлкені, анасының тірегі болып қалған Мұқағали өте бауырмал, мейірімді, балажан болған деседі. «Бізді табыстырған халық әндері болды,– дейді өз естелігінде ақын жары Лашын  Әзімжанқызы. – 1948 жылы Ұлы Октябрь революциясының 31 жылдығына орай, колхоз жастарының бастамасымен концерт ұйымдастырылды. Мұқағали поэзияны жақсы көріп қана қойған жоқ, музыканы да жақсы түсінетін. Тамаша қоңыр даусымен халық әндерін төгілдіріп орындайтын-ды. Жанары жанып тұрып өлең оқыды. Сол кеште танысып, келесі жылдың көктемінде отау құрдық. Өте балажан болды. Сырттан қандай көңіл-күйде келсе де, балаларын көргенде мұздай еріп сала беретін-ді. Шығармашылықпен айналысқанда дүниені ұмытатын. Қайта-қайта есіне салып, ас ішуге әрең келетін. Көбіне түнде жазатын. Ертесіне «бүгінгі жоспар орындалды» дейді, онысы «өлең  тыңдауға келіңдер» дегені. Айнымайтын, ашуланбайтын серігі, досы – өлең еді. Жыл мезгілдерінің ішінде – күзді керемет жақсы көрді. 1974-75 жылдары жиі ауырып, ауруханаға түсе берді. Сонда да қолынан қаламы түспейтін. Сырқаттар ұйқыға жатқанда, ол асханаға барып жазатын көрінеді. «Аурулар асханасы – кабинетім» дейтін болмашы жымиып...» Ақын жары осылай ағынан жарылады. Сырлы да мұңға толы естеліктер мен ақынның пәлсафалық ой-толғамдарға құрылған күнделіктерін парақтап әлі отырмыз.  «Поэзия махаббаттан басталып, парасатпен аяқталуы тиісті» дегенінде ұлы ойшыл – адамзаттың болмысы, түйсігі жатыр емес пе?!  Енді бірде:  «Өзіңе бір жаңа екі костюм алып кимей-ақ өліп  кетуің (құдай оның бетін әрі қылсын) қандай аянышты. Жетіспеушілікте туып және үнемі жетіспеушілікте өмір сүру қандай өкінішті. Егер бала, бозбала кезімді есіме алсам, сұмдық үрейленемін, қатты жәбірленемін. Бүкіл жастық шағым менің өзіме соқпай жанай өтіп кетіпті. Санамда титімдей бір қуаныштың ізін қалдырған, ең құрыса, бір күнімді есіме түсіре алмаймын. Мен бұл жарық дүниеге келгелі, міне, қырық төртінші жылға аяқ басып барады екен, бар өмірімнің қор, жиренішті болып көрінетіні соншалық, кейде өз ырқыммен-ақ қиып кете салғым келеді... Шындығын айтқанда, мен бұрын денсаулық дегеннің, ауру дегеннің не екендігін білмеуші ем. Тағдырым  мені бұдан да тыс қалдырмапты. Бұрын білмесем енді бар сырқаттың сырын түсінуге тура келді. Мен өлімнен қорқам ба? Қорқам. Қорқатын себебім: өмірдің қуанышын татып көргем жоқ, шығармашылықтың қуанышына жолыққам жоқ, бар өмірімді жоқшылыққа, жоқшылықтан өмірі үрейленуде өткіздім. Қысқасы туғанда да, өмір сүргенде де және өлгенде де біркелкі болу: ештеңе көрмеу, ештеңе өзгермеу – қашанда қорлық қой... (31 январь, 1975 жыл)»,– дейді ақынның өзі.  Бұл сол заманның, ақын өмір сүрген заманның зары еді! Өйткені қазақ даласына жете қоймаса да, сұрапыл соғыстың зардабы қаншама әкелеріміздің, бауырларымыздың өмірін қиды... Ол бүкіл қоғамның, біздің ғана емес, бүкіл халықтың басына түскен ауыртпалық, жоқшылық болатын. Ақын  шығармаларында да сол азапты күндердің, жарын, баласын жоқтаған аналардың зары тек поэзия тілінде ғана емес, күнделігінде де  осылай мұңын шағады. Оқыған сайын, оқырманын жетегіне ертіп алып, өзімен бірге сырласуға, мұңдасуға шақыра түседі. Ары қарай тыңдасақ: «... Поэзия – ғылым. Зерттеу керек. Адам өмірінің, адам жанының зерттелмеген, қалам тартылмаған несі қалды? Соны табу, соны зерттеу керек. Адам сезімін жан-жақты зерттейтін құдірет болса, ол тек –поэзия. Басқа ешқандай да ғылымның қолынан келмейтін шаруа бұл!» (20 март, 1973 жыл) «...Мен үшін дүниенің ең қорлығы – адамның айыбын бетіне басу, оның нашарлығын дәлелдеу. Бұл – бір. Екіншісі – болмайды, жарамайды, жоқ деп айта алмайтыным. Қорлықты осыдан тартып жүрмін. Көңілшектік – менің осал жерім. Сірә, сүріне беретінім де осыдан болар...» (9 апрель, 1973 жыл) «... Адамдарды жауыз деп айта алмаймын, өйткені оларды аз білемін. Мен зерттеуші емеспін, ақынмын. Адамзаттың қайғысы мен қуанышы мені жеке адамның өзінен артық қызықтырады. Адамдардың жаман екенін, жақсы екенін ажыратушы мен емеспін, өйткені өзім де солардың бірімін. Мені жұрттың тағдыры, оларды қоршаған ортаның шындығы, олар өмір сүріп отырған уақыт, оларды басқарып отырған қоғам қызықтырады...» (10 июнь 1974 жыл)  Міне, сізге пәлсафа! Ақынның ой-толғанысқа толы күнделіктері әркімді де қызықтырары сөзсіз. Біз де «Су сұрасам сүт берген, айран берген, Қартайып қалыпсың-ау, қайран жеңгем...» деп базына айтып,  «Жапырақ  жүрек – жас қайың, Жанымды айырбастайын...» деп қайыңға мұң шаққан ақынның туған күнінде жазғандарымен сырласуды жөн санадық...

Серіктес жаңалықтары