6 Ақпан 2019, 15:31 875 0 Көлік Назым Тойлыбаева

Fly Arystan билеттері қашан сатылымға шығады

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек Қазақстанда ашылатын жаңа лоукостер Fly Arystan жұмысы жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Биыл мамыр айында Fly Arystan әуе компаниясы өз жұмысын бастайды. Екі борты Қазақстанда дайын тұр. Жыл соңына дейін су жаңа төрт А320 ұшақтары алынады. Қазіргі уақытта әуе компаниясының жұмысы бойынша заңнамаға сәйкес өзгертулер енгізіп жатырмыз", - деді Жеңіс Қасымбек Үкімет үйінде "Отандық өндірісті дамыту және көлік-логистика саласын жаңғырту" брифингінде.

Оның айтуынша, билет құны Қазақстанда Air Astana бағасынан екі есеге арзан болады.

"Мәселен, түрлі бағытқа Air Astana билеттері шамамен 100 долларды құрайды. Бұл баға сатып алу мерзіміне байланысты өзгеріп отырады: бір апта тұрын алсаңыз - бір баға, үш күн бұрын алсаңыз - басқа баға дегендей. Fly Arystan билеттері Қазақстан бағыттары бойынша шамамен 40-45 доллар болады деп болжап отырмыз. Демек, Қазақстандағы Air Astana, BekAir, Scat компанияларынан анағұрлым төмен", - деді министр.

Наурыз айының басынан бастап, мамыр айында ұшатын Fly Arystan билеттерін сатып алуға болады.

"Біздің міндетіміз - Қазақстан азаматтарына ұшақ билетін қолжетімді ету. Мұнда көрсетілетін қызмет те өзгешелеу болады. Әдеттегідей тегін 20 келі емес, 5 келі жүк орны беріледі. Одан артық жүк үшін қосымша ақы төлеуге тура келеді. Жаңа әуе желісіне бюджеттен немесе Самұрық-Қазынадан қосымша қаржы бөлінбейді. Бұл компания Air Astana қаражаты есебінен жұмыс істейді", - деп түсіндірді Ж. Қасымбек.

 

Соңғы жаңалықтар