Цифрлық жүйеге көшу – сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың алғашқы қадамы

Цифрлық жүйеге көшу – сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың алғашқы қадамы

Цифрлық жүйеге көшу – сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың алғашқы қадамы
ашық дереккөзі
Қоғам дамуына кедергі болатын кертартпа дүниелер көп-ақ. Бүгінгі таңда соның үлкені және өзектісі сыбайлас жемқорлық болып тұр. Бір анығы, әлемде бұл кеселден сырт қалған немесе оны жеңген мемлекет кемде-кем. Мұны ел Президенті Н.Назарбаев та өз сөздерінде үнемі айтып келеді. Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауларында сыбайлас жемқорлық мәселесіне мән беріп, онымен күресті жетілдіруге үнемі пәрмен беріп отыруы тегінен тегін емес. 2018 жылы жариялаған «ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫНЫҢ ӨСУІ: ТАБЫС ПЕН ТҰРМЫС САПАСЫН АРТТЫРУ» атты Жолдауында Елбасы «Біріншіден, көрсетілетін мемлекеттік қызметтер аясында мемлекеттік қызметшілердің тұрғындармен тікелей қарым-қатынасын азайтуға қол жеткізген жөн. Сол үшін Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңды жедел жаңарту керек. Жалпы, 2019 жылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы, ал 2020 жылы кемінде 90 пайызы электронды форматқа көшірілуге тиіс. », — деп, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қазақ мақалымен мәндес ой тастаған болатын. Әлбетте, бұл бағытта Қазақстанда қыруар жұмыстар атқарылып, жемқорлықпен күрес заңнамалық тұрғыда бекітілді. Посткеңестік кеңістікте алғаш болып қабылдаған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» туралы Заңның 2015 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң болып өзгертілуі де жегіқұрттың салдарымен күреспей, керісінше, оның алдын алу мақсатынан туған қадам еді. Осы заңдық өзгеріс арқылы Қазақстанның сыбайлас жемқорлықпен күрестегі мемлекеттік саясатының бағыты басқа арнаға бет бұрды десек болады. Ол жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың кешенді шараларын құрайды. Оның аясында әлеуметтік кеселдің зияны, мемлекетке келтірер зардабы, дамуға келтірер кедергісі туралы насихат шаралары жүргізіліп, жемқорлықпен күреске қоғамды жұмылдыруды да көздейді. «Сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене атсалысуына байланысты. Әлеуметтік желінің, өзге де медиа-ресурстардың дамуы жағдайында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет барысында оны жалпы жұртшылықтың жек көруі күрестің қуатты құралына айналуы тиіс», — деп мұны алдыңғы Жолдауында Елбасы нақты атап өткен болатын. Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі сөз болған құжатта жемқорлық тақырыбына орын берілуі де түсінікті жайт. Себебі, әлемде экономикалық, технологиялық және басқа бәсекелестік көркі қазір қызып-ақ тұр. Ал, мұндай бәсекеге түсуді, онда оза шабуды сыбайлас жемқорлықсыз қоғам құрмай, елестету мүмкін емес. Ендеше, бәсекелестік бәйгесінде бағымыз жансын десек, ортақ міндетті жүзеге асыруда бірлік таныта білуіміз керек.  

Алатау аудандық сотының судьясы

Марат Амангелдіұлы Нұрбеков

Алматы қаласы