«Сүйікті менің ағатайым»

«Сүйікті менің ағатайым»

«Сүйікті менің ағатайым»
ашық дереккөзі
М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының қоржыны жаңа премьерамен толықты. Бұған дейін театрда Л.Толстойдың «Анна Каренинасы» сахналанса, өткен аптада А.Чеховтың «Сүйікті менің ағатайым» спектаклі көрерменмен қауышты. Белгілі қаламгер Әбіш Кекілбаевтың аудармасындағы бұл драма қоғамның кейбір көлеңкелі тұстары мен тағдырлар тоғысын әдемі суреттеген. Қойылым арқылы рухани катаклизмді, әбден қанға сіңіп кеткен өмір салты мен өзара психологиялық қақтығыстарды іштей сезесіз. Әсіресе, драманың бүкіл жүгі мен түпкі мақсатын көтеріп тұрған Иван Войницкийдің тағдыры жан ашытарлық. Бұл жалған, әр күні алдамшы идеалдардың жетегінде жүрген, тіпті, соны өмір бойы мақтан тұтқан, әлі де тұтып жүрген ұрпақтың бет-бейнесін көз алдымызға әкеледі. Актерлік құрам да сәтті таңдалған. Кілең «сен тұр, мен атайындар». Атап айтқанда, Төлеубек Аралбайұлы, Ғазиза Əбдінəбиева, Бақтияр Қожа, Гүлшат Тұтова, Азамат Сатыбалды, Еркебұлан Дайыров, Берік Айтжанов, Асан Қырқабақов, сондай-ақ, Зарина Кəрменова, Салтанат Бақаева, Ермек Бектасов, Аян Өтепберген, Əсел Сайлауова, т.б. талантты жас актерлердің төбесі көрінді. Осы қойылымның бас демеушісі «Алмалы активтермен басқару» компаниясының басшысы Қайрат Боранбаев мырза жас актерлердің көп тартылуын өтінген екен. Театр ұсынысты сөзсіз қабылдағанға ұқсайды. Кезінде исі қазақтың жадында асқан талантымен сақталып қалған, қазақ театр сахнасының көркі болған Әнуар Молдабековтің бағын ашқан драма бұл. Бас кейіпкер Иван Войницкий рөлін ойнап шығу Әнуар ағаның өнердегі бағындырған биігінің бірегейі деуге болады. Әнуар Молдабеков ойнаған бұл спектакль Мәскеуде де үлкен жетістікке жетті, жылы лебіздер айтылды. Бұл қойылымды әйгілі режиссер Ә.Мәмбетов қойды. Кеңестік кезеңде Мәскеудегі театрсүйер көрерменнің көңілінен шығу өте қиын еді. Бірақ мықты актерлік құрам, режиссерлік шеберлік мойындата білді. Мәскеуліктердің өзі «Біз басқа Ваня ағайды көрдік» деп жоғары баға берген. Әсіресе, екі рет «Моссовет» театрының сахнасында қойылған «Ваня ағай» Әуезов театрының атын асқақтатқан деседі. Бұл  өнер әлемінде «Мәмбетов театры», «Мәмбетов дәуірі» деген ұғым қалыптасқан кезең еді. Сонымен хош, Моссовет, Вахтангова, Ленсовет, Малый театр, т.б. үлкен сахналарда қойылған «Сүйікті менің ағатайым» Әуезов театрына да қадам басты. Қоюшы-режиссері – Асхат Маемиров, қоюшы-суретші – Т.Охикян (Грузия), режиссердің ассистенті – М.Жұмабаев (Түркіменстан), жарық суретшісі – А.Мезентцев (Украина). Сонау жылдары «осы қойылымнан кейін («Ваня ағай») біздің сахнамызда Чеховтың философиясын, кейіпкерлерінің жан дүниесін тереңінен ашқан дүние болған емес...» деген пікір болған екен. Бұл стереотип бұзылған сыңайлы. Себебі көрермен бірінші құрамдағы басты рөлде – Иван Войницкийді сомдаған Азамат Сатыбалдының актерлік ойыны мен шеберлігіне дән риза болды. Войницкийдің жасы 47-ге келген. Азамат Сатыбалды да қырықты алқымдаған жігіт. Әрі актердің түр-тұлғасы да, бет-бейнесі де дәл сол орыстың Иванын көз алдымызға әкелді. Тіпті, оның Азамат Сатыбалды екенін де бір сәт естен шығарып алдық. Қысқасы, қойылымның ауыр жүгін өзі көтергендей әсер қалдырды. Себебі образға енуі, кейіпкер мінез-құлқын дөп беруі, сахна мен көрерменді байланыстыра алуы тәнті етті.  Мұны біз әсіресе, қойылымнан кейін театрсүйер қауымның ыстық ықыласы мен қошеметінен анық байқадық. Әрине, басқа актерлердің де осал емес екенін әлгінде айттық. Жұлдызды құрамдағы қайсыбір актерді алсақ та өзіне жүктелген міндетін адал атқарған. Біраз жыл театрдан қол үзіп қалған Берік Айтжанов та (дәрігер Михаил Астров) өз биігінде екен. Ал талай қойылымды әп-сәтте жандырып жіберетін Төлеубек Аралбайұлының (Александр Серебряков) сахнада өзін-өзі ұстауы, актерлік шеберлігі көрерменді мойындатып-ақ қойған. Адамда арман аласарған ба?! Ертеден қара кешке дейін кабинетінен шықпай, бұрқыратып жаза беретін Серебряковтің арман-мақсаты үшін өмір сүрген жандардың жан күйзелісі мен тебіренісін кім түсінген? 27 жасар сұлу Елена Андреевнаға үйленген профессор марқұм болған бірінші әйелінен қалған мұраға өмір сүреді. Осы үйдің бар жұмысы қызы Софья мен әйелінің інісі Иванға міндеттелген. 47 жастағы Ваня профессор жездесін «асырау» үшін өмірінің бәрін сол ауылда өткізіп, еңбек етеді. Себебі ол жездесін елге танымал тұлға, ғылымға жаңалық енгізген ғалым деп ойлады. Алайда шындықтың беті ашылғанда талай жылғы сенім мен үміт отының күл-талқаны шықты. Өзі оқып-тоқымаса да, профессор жездесінің биік белесті бағындырғанын құптаған Иван алдамшы арман үшін үйленіп, отбасы құрмағанына ашынады. Күйзеліске түсіп, ішімдікке де салынады. Ол жездесінің жас әйелі Елена Андреевнаға көңілінің бар екенін білдіреді. Ал Елена мен профессордың қызы Софья ауылдағы үйге жиі келетін дәрігер Астровқа ғашық. Осындай шым-шытырық тағдырлар тоғысының соңы немен бітуші еді? Профессор әйелімен қалаға кетеді, Софья мен Ваня тағы да бәз-баяғы күйбең тіршілігімен бетпе-бет қалады. Өзін өлімге қиғысы келген Иванға қарындасы Софьяның: «Амал қайсы, өмір сүру керек. Біз! Ваня ағай, өмір сүреміз. Әлі талай ұзақ-ұзақ күндер мен ұзақ кештерді бастан кешеміз, тағдырдың жіберген қай тауқыметін де тайсалмай бағамыз: қазір де, ертең қартайғасын да біреу үшін сілейіп қатып еңбек ете береміз; шекті мерзім жеткенде үн-түнсіз жан тапсыра саламыз; табытқа түскесін қандай азап шеккенімізді, қанша рет жылағанымызды, қанша қасірет тартқанымызды тапжылтпай айтып береміз; сонда тәңірдің бізге мейірімі түседі, ағатай, сүйікті ағатай, сіз екеуміз сонда әсем, сондай тамаша өмір кешеміз, қатты қуанамыз, тіпті осы қазіргі бақытсыздықтарымыздың өзіне күлімдеп сүйсіне көз тастаймыз, сосын ағыл-тегіл рахатқа батамыз. Мен бұған, ағатай, ынты-шынтыммен сенемін. Сен өміріңде еш қызық көрген жоқсың, Ваня ағай, бірақ сәл шыдашы... Біз де тынығамыз, біз сонда ғана демаламыз!» – деп ағасының көз жасын сүрткенде жүрек тұсымыз шым ете қалды. Сол сәтте сахнаның да шымылдығы жабылды. P.S Қойылым басталмас бұрын журналистермен өткен баспасөз мәслихатында қоюшы-режиссері Асхат Маемиров актерлік ұжымның екі жарым ай дайындық жүргізгенін айтқан еді. Аудармасы да жұп-жұмыр. «Театрдың мақсаты – көрерменге ақпарат беру, ой салу. Осы қойылымды көрген жас қыздар Елена да, Софья да болып қалмау үшін ойланса, мақсаттың орындалғаны. Біздің мұрат – көрермен мен актерлердің ортасында интеллектуалды диалог жасау. Мақсатымызға жеттік. Бүгінгі күннің, қазіргі уақыттың «Ваня ағай» қойылымының сахналық өмірі басталды» деді. Біз де «Сүйікті менің ағатайымның» сахнадағы ғұмыры ұзақ болғанын тілейміз.