Тұрсын Жұртбай. Ұлт аңсарының ұйтқысы
Тұрсын Жұртбай. Ұлт аңсарының ұйтқысы
Турасына көшсек, Ілияс Есенберлин – Мұхтар Әуезовтен кейінгі ұлттық алаш идеясының кепілі болған бірден-бір ұлттық тұлға. Аса тегеурінді, қазақ көркем сөзі мен көркем өнерінің көсемі, түйінді тұтқасы, ұстанатын ұстыны болған тұлғалар бар. Бірақ олардың ешқайсысы ұлттық иірім тұрғысынан алғанда Мұхтар Әуезовтей кепілді киеге ие бола алмады, ал ұлы суреткер дүниеден көшкен соң біраз жыл, қашан Ілияс Есенберлин тұлғаланып шыққанша, оның орыны ойсырап тұрды. Оның табиғи және тарихи басты себептері мынадай.
Кеңестік кеңістіктегі қазақтың ұлттық санасы үш буыннан құралды. Біріншісі, отызыншы жылға дейінгі, яғни, алаш қайраткерлері жаппай жазаға тартылып, жер аударылып, атылып тынғанға дейінгі ұлттық сана мен намыстың тұлдануына қарсылық пен арбалу кезеңі, яғни, қазақ тарихындағы «қилы кезең». Сол ұлттық сана жолындағы үлкен құрбандықтар арқылы біздің ұлттық рухымыздың киесі басылды, мысы сынды. Жан ұранын – жалаң ұран басты. Дегенмен де сана түкпірінде әлдебір әлсіз үміт ұшқыны қалды.Ұлттық кие мен нысаннан, рухани мақсат пен мұрадан бас тартуға мәжбүр еткен тұста: «Қандай қасиеттен, қай идеядан, қай мұрадан бас тартамыз?» – деп сұрақ қоя талдау арқылы да киеміз бен мысымызды еске алып отыруға мүмкіндіктер болды. Қалың қауым, ұлтшылдық сананы әшкерелеу арқылы да ұлттық сананың қозын көсеп отырды. Табы басылмаған мор сияқты кез келген шағымды шақта тұтанып сала беруге дайын тұрды.
Ал отыз жетінші-отыз сегізінші жылдардағы жаппай жазалау мен елуінші жылдардағы «тар кезеңде», яғни, «тар заманда» (М.Әуезов), санадағы ұлттық сарқыншақтар жуылып-тазартылды, тәуелсіз намысты рух жойылып, үмітті мақсат оты өшіріліп, тындым боп тындыруға бағытталған жазалау саясаты үздіксіз жүргізілді. Тіпті, ұлт үмітінің медетіне айналған тұлғалардың өзін булықтырды. Соңғы бұлқыныс– «Абай жолын» да күлтөбеге көмді. Бірақта, өздерінің тірі сүлдерінің қалуы арқылы да Қаныш Сәтбаев пен Мұхтар Әуезов, Қалибек Қуанышбаев пен Әлкей Марғұлан, алаш идеясының соңғы елесі ретінде жұрттың рухани медетін жебеді, жанын жұбатты, сенімін өшірмеді. Өйткені олар сол «қилы кезең» мен «тар кезеңнің» қыспағында жүріп алаш идеясының кепілі бола білді. Қалың қауым олардың тірі жүруінің өзін солай түсінді, жақсылықтың нышанына балады.
Өмір заңының қатал үкіміне орай «жылымық кезең» туған шақта, «азап майданынан» аман өткен шақта арыстар да бұ пәнидің шымылдығын жапты. Осынау бір кеңестік қысымның құрсауы босаған шағымды шақта қазақ ұлты рухани кепілдіксіз қалды. Елуінші жылдардағы ұлтшылдықтың дертіне шалдықпай, әшкереленуден аман қалған зиялылардың мысы пәс, жаны жасыған, ойын үрей әлдилеген жымысқы жылымық кезеңде алғаш рет «ұлттық ерекшелік, ұлттық сана, ұлттық көркем бояу» деген тіркесті жиырма бес жасар шәкірт Әнуар Әлімжанов орыс тілінде айтты. Оған Олжас Сүлейменов «Арғымақтары» арқылы арын берді. Ал қазақтілді қайраткерлердің бұған дәті жетпеді. Міне, сол кезде Ілияс Есенберлин «алмас қылыш» боп қазақ көркем ойының көгінде жарқ ете қалды. «Қатерлі өткелден» өтті. «Айқасты». «Қаһарын» төкті. «Жанталасты». «Майдандасты». «Мұхиттан өтті». Алаштың «Аманатын» орындады. Халқын «Көлеңкесімен қорғады».«Ғашықтардың» «Алтын құсын» қолына қондырып, «Махаббат мейрамын» өткізді. Ең соңында «Алтын орданың» тоғыз құйрықты ақ туын «Ақ ордаға» тігіп,«Қазақ хандығы – алтын орданың заңды мұрагері» дегізіп тынды.
Сондықтан да Ілияс Есенберлин – кеңес одағы көрге көмуге ұмтылған ұлттық-азаттық идеяны көркем ой арқылы күлтөбеден қазып алып, қайта тірілткен рух қаһарманы, ұлт қаһарманы. Алпысыншы жылдарғы «жылымық кезеңнің» шымылдығын қарс айырып, ұлт рухын – рухани тәуелсіздікке, тәуелсіздікке жеткізген алаш идеясының кепілді тұлғасы. «Желтоқсан оқиғасын» тудырған себептер мен салдарды, ұлттық идеяны қозғаушы күштерді анықтап, әшкерелеуге арналатын Қазақстан Орталық комитетінің 1987 жылғы мамыр пленумында Колбиннің атынан жасалуға тиісті бас баяндаманың алғашқы жұмыс нұсқасында ұлтшылдықты оятқан жеті жазушының аты аталып, оларды қоғамдық көзтүрткіге айналдырудың жазалау шаралары қарастырылған болатын.
Сол ұлтшылдардың көшбасында қайтыс болғанына әлі жыл толмаған Ілияс Есенберлин тұрды. Идеологиялық жазалау науқанының «тұсаукесері» ретінде «Ілияс Есенберлиннің шығармаларындағы ұлтшылдық сарыны» туралы мақала «Қазақ әдебиеті» газетінің екі санында қатар жарияланды. Ілияс Есенберлиннің тарихи шығармаларындағы ұлттық рухты бойына сіңірген қазақ зиялылары мен жастарының қуатты қарсылығының сесті мысының арқасында, «Қазақ ұлтшылдығы» туралы арнайы қаулы қабылдауға тиісті бұл мәселе кейінге шегерілді, соңынан күн тәртібінен мүлдем алынып тасталды. Сол көтерілген мыс тәуелсіз күнге бастады.
Сондықтан да, біз бүгінгі ерікті ел, азат азамат, еркін ой иесі атанып отырғанымыз үшін де Есенберлиннің алдында қарыздармыз. Қазақтың ұлттық санасының дәуірлеуі мен тәуелсізденуіне Ілияс Есенберлиннің қосқан үлесі, міне, осындай.
Көркем ойлау жүйесіне көтерілмеген ұлт – жетілмеген ұлт саналады. Егерде ұлттың басынан кешкен ауырлы-алғаулы оқиғаларды, яғни, жоғарыда айтылған «қилы кезеңді», «тар кезеңді», «кер кезеңді» қапсыра қарастырып, олардың ортақ рух қуатын біріктіре анықтап, біртұтас идея тұжырымдауға тек көркем ойлау жүйесі, көркемсыни талдау, көркем шындық, көркемдік шешім ғана мүмкіндік береді. Бар заманның арман-мақсатын, ұлт мұратын, ар-намысын бойына қапсыра сіңіретін эпостың құдіреті де осында. Эпосы жоқ ұлт – елдіктен енші дәметпейтін ұлттың қатарында қалатыны да сондықтан.
Бұл тұрғыдан алғанда және жазушы ретінде бағамдағанда, Ілияс Есенберлин – ұлттық тарихи көркем ойлау жүйесін қазақ әдебиетіне әкелген реформатор. Ол – «Көшпенділерден» бастап «Аманатқа» дейінгі аралықты қамтитын қазақ ұлтының тағдырын желілес романдар жүлгесі арқылы көркем жүйелеп берді. Бұл романдар қазақтың ұлттық санасы мен көркем ойына бетбұрыс жасады және жаңа сана мен санат деңгейіне көтерді.
Сондықтан да, Ілияс Есенберлиннің көркем шығармаларындағы көркем идея мен көркем жүйе тұтастай қарастырылмай, жазушының нысаналы аңсары толық бағаланбайды. Егерде: «Алтын орда» мен «Көшпенділер» үштағандарындағы қазақ хандығының тарихы мен ұлт-азаттық қозғалыс, «Қатерлі өткелдегі» алаш идеясы, «Айқастағы» идеологиялық қысым мен жазалау саясаты, «Мұхиттан өткен қайықтағы» қазақ тектілерінің қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалу жолындағы елуінші-алпысыншы жылдардағы саяси ахуал, «Маңғыстау майданындағы» тұтқындағы зиялылардың рухани күресі, «Ғашықтардағы» өнер қайраткерлерінің ұлттық көркем ойлау мен дербес көркем шешім қабылдау барысындағы даралығы – деп, бұтарлап-бұтарлап, бұтақтап әкетсек, мәуесіз қу ағаштың өзіне ғана емексіп, оның басын қосып, нәрлендіріп тұрған алтын өзегін назардан тыс қалдырғанымыз болып шығады.
Өкінішке қарай, біз қазір: «Міне, Есенберлиннің көркем идеясы мен көркем әлемі осы» деп жіліктеп түсіндіріп жүрміз. Бұл мүлдем теріс тұжырым. Әр туындының даралығының сыни тұрғыдан талдануы табиғи, бірақ, олардың жазылу мақсатына келгенде қосылатын желі, нысана көгені біреу. Кез келген тұрлаулы туынды жазушының түпкі идеясын анықтайды, шығарманың тарауланып келіп құйылатын тұсы да, атырауланып тарамдалатын таспасы да көркем идеяға тікелей тәуелді және барлық көркемдік амал-тәсілдер сол идеяға қызмет етеді. Қаламгерлік қарымның бар қуаты бір тудың астынан табылса ғана мұратына жетеді. Ол ескерілмесе – қаламгерлік өнерге де және қаламгердің өзіне де қиянат.
Ал Ілияс Есенберлиннің мұқым шығармасы –жалғыз-ақ көркем идеяны арқау етеді. Ол идея – қазақтың ұлттық-азаттық идеясы. Жазушының барлық шығармашылық аңсары мен мақсаты сол идеяға түбірлі түрде бағынған. Оның әр дәуірді, әр кезеңді, әр уақытты суреттейтін әр шығармасындағы көркем идея бір-бірін толықтырып, Тәуелсіздік деген түп идеяның туының астына кеп бас қосып, ұлттық мүддені ұйытып, мұрат-міндетін біріктіреді.
Оның шығармаларындағы осы Басты аңсарды – идеяны тұтастыра қарастырғанда ғана Ілияс Есенберлиннің суреткерлік ұлы тұлғасы сомдалады. Оның жазушылық басты мұраты да сол. Ілияс Есенберлин романдарының көркемдік нысаны мен деңгейін, жазу мәнері мен баяндау тәсілін, көркем амалдарды пайдалана отырып орындалу орайын, өмірлік, тарихи шындықтарды көркем шындық дәргейіне асқақта жеткізудегі болмыстық ерекшелігін осы Басты идеяны – Ұлттық идеяны ерекше қаперге алу барысында ғана түсінеміз және әділ бағалай аламыз.
Көркем кеңістік – шығарманың ғана ауанын кеңейтіп қоймайды, сонымен қатар тарихи кеңістіктің де тынысын ашады. Тұтамдалған, тот басқан, күмән мен кәдік кеулеген тарихи шындықты:оқиғалар мен себептерді, тағдырлар мен талқыларды, болжамдар мен бопсаларды тастүйін етіп шыңдап, абсолютті шындық деңгейіне көтереді. Сол мақсатқа, яғни, көркем идеясына жету амалын қарастырғанда, суреткер қилы және оңтайлы көркем әдіс-тәсілді таңдайды. Жазушы Есенберлин де сол толғақты басынан кешірді. Кешіре отырып, қазақ тарихының ауызекі шежіре мен жәдігерлердің арасындағы қиянпұрыс бұрмалар мен қайшылықтардан шындықтың қылын суыртпақтап тарту үшін көркем ойды саралай отырып, тарихи салыстыра талдауды таңдап алды.
Бұл жадағайлата баяндау емес, әдеби тәсіл. Сол тәсіл арқылы оқырманға мағлұмат та берді, әсерге де бөледі, ойға да қалдырды, яғни, көркем тәфсірлеудің негізінде көркем шығарманың да, тарихи талдаудың да міндетін мойынына алды. Әйтпесе, қызықты оқиға, қитұрқы желі, қыздыртпалы тартыс, күйіндіріп-сүйіндіретін машақат пен ашық-машық хикаясы қазақ тарихында жеткілікті болатын. Қазақ хандығының құрылу тарихы қақындағы мүмкін болған тарихи жазбалар мен деректерді, түрлі пікірлер мен зерттеулерді, болжамдар мен бопсаларды бір ізге түсіріп, жинақтап, жүйелеп, саралап, талдап, түсінік беріп, арнайы зерттеу еңбегін жазып шыққан аңғарлы ғалым Берекет Кәрібаев сол кітаптың тұсаукесер рәсімінде: «Қазақ хандығының тарихын Ілияс Есенберлиннің тарихи романдарын оқу арқылы түсіндім»,– деп дұрысын және шындығын айтуы да сондықтан! Міне, нағыз тарихи көркем ойлау жүйесі қалыптасқан оқырман, яғни, І.Есенберлин қалыптастырған тарихи ойлау жүйесін түсінген жаңаша ойлайтын тарихшы дегеніміз осы!
Ежелгі көшпелілер әлемінің миләдиден жеті ғасыр бұрынғы көш көсемі Ишпақай туралы тарихи әфсаналар мен деректерден ойға – жетек, пікірді дамытатын – дәйек, әфсанаға өзек тартатын – желі таппай тығырыққа тірелген шағымызда, Олжас Сүлейменовтің «Қыш кітабындағы» көркем шындық арқылы тұйықтан шыққанымыз бар. Міне, көркем шындықтың құдіреті мен күші қайда! Ендеше, Есенберлиннің шығармалары – тарихи шындықтың да, көркем шындықтың да қапысыз балқытылған сом қорытпасы болып табылады.
Қазақ әдебиеттануы мен тарихи пайымдау тарапында Ілияс Есенберлин туындаларының тәфсірленуі сан жағынан алғанда ұланасыр, ол туралы не сүйініп, не күйініп, не түйіліп, не күмілжіп қалам тартпаған қазақ оқығаны жоқтың қасы. Бәрі де қажетті, есіркей ескерілетін қаперлі пікір. Бірақ та Есенберлиннің жазушылық идеялық мақсатын ажырата ашып беретін, оның шығармаларындағы өмірлік шындық пен көркем шындық, тарихи шындық пен көркем шындық, тарихи тұлға мен тарихи көркем бейне арасындағы аражік көркемөнер теориясы тұрғысынан салыстырыла талданбай келеді. Тек тарихи оқиғаларға шолу жасалумен, жалаң көркем баяндауды түсіндірумен, тақырыпты тез әрі өжеттікпен меңгеруін шектелеміз. Оған «Қаһар» романы алғаш жарық көрген тұста айтылған:Абылайдың көрген түсін Кенесарыға телудің қаншалықты көркем лажы бар еді – деген астарлы емес, қитұрқы уәжді тәмсілге келтіруге болады. Шындық қайсы?
Шындығы: түсті көрген – Абылай, жорыған – Бұқар жырау. Ендеше, Есенберлин Абылай көрген түсті неге Кенесарыға теліп, Досқожа жырауға жорытты? Тағы да неге деп сұрақ қойып, авторлық идеяны ескерте отырып, бұл түс: Абылайдың тұсындағы ұлттық арманға қызмет еткені дұрыс па, жоқ, жан беріп, жан алысқан, басынан тірі айрылу жазасы күтіп тұрған жанталас тұсында белгісіз болашаққа бет алып бара жатқан Кенесарының ұлт-азаттық идеясына қызмет еткені дұрыс па? – деген сауалды алдыға тартамыз. Үштағанды осындай сананы түршіктіретін түспен көркем тұжырымдаған Есенберлин, бұл түстің жоруын және оның бар зауалды жауабын беруді кешегі және бүгінгі толқынға аманат етіп артып отыр.
Әрине, бұл түстің жоруына кейінгі ұрпақтың жауап беруі тиіс екенін емеурін етті. Ілекең оңаша сырын ашқанда: «Менің бар арманым – Алтын ордадан бастап бүгінгі күнге дейінгі қазақтың тарихын көркем жазу», – деген.
Жазушының мұндай астарлы көркем идеясы – «Алтын орда» трилогиясындағы ұзынырғасы миллионға жуық ағайынды қандастар өзара қырқысып, бірін-бірі қан майданда қасап еткен Темірлан мен Тоқтамыстың арасындағы шайқастың кезіндегі «ел қамын жеген Едіге» мен оның туған ағасы Исабектің қылыш қағысытыруы сәтінде толық ашылады. Ресми емес деректерге қарағанда, «Алтын орданың» күйреуі қарсаңындағы елу жылдың ішінде Темірланның, Мамайдың, Тоқтамыстың, Едігенің жорықтары мен өзара шайқасында үш миллионнан астам еркек кіндік жер жастаныпты. Бұл ұлы дала иесіз қалды деген сөз.
Ең үлкен қасірет: әкесі – Темірланның, інісі – Тоқтамыстың, баласы – Мамайдың, немересі – Едігенің әскерінің қатарында (не керісінше болуы да мүмкін) бір-біріне қарсы соғысуға мәжбүр болған қандастар тағдыры! Қанжосада осыдан отыз жыл бұрын ажырасқан ағасы Исабекпен бетпе-бет келіп қалған Едіге: «Амансыңдар ма? Артта тұқым бар ма? Бар! Бар!» – деп айқайлап сәлемдесе салып екеуі екі жаққа айрылып, бірінің әскерін бірі қидалай алға ұмтылады.
Осы жан түршігерлік көрініс пен жан ерітер бауырмалдықта Ілияс Есенберлиннің ұлы аңсары жатыр. Әкесі мен баласын, ағасы мен інісін майдандастырған тақ таласы «Алтын орданың» түбіне жетті. Соның кейінгі кесірі қазақ хандығын бодан етті, Кенесары көрген кесірлі тұспалды түсті шындыққа айналдырды. Алда «қатерлі өткел», «айқас» күтіп тұрды. Жұбанышы, қазақ халқы соның барлығынан – бодандықтың «қасірет мұхитынан қайықтай қалтылдап» барып, бүгінгі тәуелсіздіктің дәмі бұйырды.Тәубә!
Мұндай ұлы аңсар жолында Ілияс Есенберлиннің өзі де мемлекет тарапынан бір адамның басына төнуі мүмкін барлық тосқауылды, жеке адамдардың арандатуын басынан кешті. Үстінен жазылған ашық не домалақ арыздар көлемі жағынан оның шығармаларының ауқымымен пара-пар келеді. Соның барлығына қайыспай қасқая қарап, төзіммен шыдап, сабырлықпен өмір сүру де оған оңайға соққан жоқ. Жеке тұлғалар арасындағы себепті-себепсіз интригалар да жүрегін шабақтады. Можантопай кітап редакторларының да тоңмойындығы шыдамын тезге салды. Тек күрескерлік қайсар қайраткерлігі ғана оны бұл иірімнен аман алып шықты. Империялық-идеологиялық қысым мен шетқақпайды былай қойғанда, алты – аласы, бес – бересі жоқ қаймана тұлғалардың да қастандыққа бергісіз қиянаты бір жақты, әрі атүстірт айтылып келеді. Ол көрген қиянаттың барлығын кеңестік қысым саясатына сілтей салады. Ал шынында, солардың дені ұлттық идеяның ұюына мүдделі өз әріптестері еді. Оның жігі толық ажыратылмай, Ілияс Есенберлиннің күрделі де күрмеулі тұлғасы барлық болмысымен танылмайды.Ол «Көшпенділер» трилогиясының бірінші кітабын: «Қазақ елі нағыз бір алмас қылыш қой... Кәп осы алмас қылыш кімнің қолында болады. Кім оны қалай ұстайды, қандай арман үшін жауына салады»,– деп аяқтаған болатын.
Сол алмас қылышты қазір де тот басқан жоқ. Жүзі жанылған, қыннан суырылған күйінде. Әділ де арлы қолға қашанда ұсталуға дайын.
Міне, ұлт-азаттық аңсардың ұйытқысы Ілияс Есенберлиннің тұлғасы туралы толғанғанда, осындай ойларды ортаға салғым келді.
Тұрсын ЖҰРТБАЙ