Ұлттық өнерді ұлықтаған кеш

Ұлттық өнерді ұлықтаған кеш

Ұлттық өнерді ұлықтаған кеш
ашық дереккөзі
Семей қаласында «Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ұлы даланың көне сарындары» атты дәстүрлі музыка фестивалі өтті. Өнер керуенін ұйымдастырған «Нұр Отан» партиясы ұлттық өнерді дәріптеп, төл мәдениетімізді түлете түсуді көздеп отыр. Ұлттық құндылықтарды дәріптеуді мақсат еткен фестиваль арқылы өскелең ұрпаққа рухани тәлім беріп, жастардың бойында патриоттық рух қалыптастыруға күш салмақ. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев «Ұлы даланың көне сарындары» фестивалінің дәл шығыстан бастау алу себебін әлеуметтік желідегі парақшасында былайша түсіндірді: «Партиямыздың 20 жылдығына орай өткізіліп отырған бұл ауқымды шараның Семей жерінен бастау алуы да тегін емес. Өйткені Хакім Абай туып-өскен топырақтың қазақ өнеріндегі алар орны ерекше. Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында тарихи сананы жаңғыртудың тиімді тетіктерін атай келіп, бұл істе дала фольклоры мен музыкасының да алар орны ерекше екеніне назар аударған болатын. Осы тұрғыдан келгенде қазақтың ән, күй, жыр, терме сияқты асыл құндылықтарын кеңінен дәріптейтін фестивальдің берері мол деп есептейміз. Сонымен қатар, осы фестиваль арқылы өскелең ұрпаққа рухани тәлім беріп, жастарымыздың бойында патриоттық рух қалыптастыруды да көздеп отырмыз. Өйткені ұлттық құндылықтардан нәр алып өскен ұрпақтың осалы болмайды. Кешегі «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атты форумда Елбасы айтқан патриоттық тәрбиенің бір ұстыны осындай ұлы мұраларымызға да табан тірейтіні сөзсіз. Сондықтан жарты жылға жалғасатын жаңа жоба арқылы еліміздің барлық өңірін қамтуды жоспарлап отырмыз. Соған байланысты аталған фестиваль алдағы ақпан айында Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстарында ұйымдастырылмақ». Семейден бастау алған дәстүрлі өнер мерекесіне еліміздегі ең танымал термеші, дәстүрлі әншілер мен күйшілер қатысты. Жәкен Омаров Қаратаудың, Сыр бойының Майлықожа, Құлыншақ, Мәделіқожа секілді жыршы-термешілерінің рухани-адамгершілікті насихаттайтын термелерін орындады. Көмеймен жыр айту мектебінің үздік өкілі Алмас Алматов шараны лекция-концерт форматында жүргізіп отырды. Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Сейтек бастаған батыс күйшілік мектебінің өкілі Батыржан Мықтыбаев, Жамбыл, Сүйінбайдан бастау алып, Кененге жалғасқан Жетісу әншілік-жыршылық мектебінің өкілі Шолпан Дәржанова мен Алтай-Арқа мектебінің өкілі Ерлан Рысқали бір жарым сағат бойы көрермендерге естен кетпес ерекше кеш сыйлады. Ұмыт болып бара жатқан көне музыкалық шығармалар орындалып, қалың көрерменді думанға бөледі. «Маған концерт өте ұнады. Мен кіші буын өкілі болсам да, мұндай жобаларды қуана қарсы алам. Ұлттық өнерімізді білуіміз, құрметтеп, насихаттауға тиіспіз деп ойлаймын. Қалай дегенмен, олар бабамыздан қалған мирас», – дейді фестивальден алған әсерімен бөліскен Абзал Ысқақ. Айта кетейік, фестивальдің Семейде өткен ашылу салтанатына «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қ.Жұмашев қатысты. Ол өз сөзінде партия қолға алған жобаның мақсат-міндетіне тоқталып өтті. Семей жұрты «Нұр Отан» партиясының мұрындық болуымен ұйымдастырылған фестивальден ерекше әсер алды. Бұл фестиваль көрермендердің ғана емес, ұлттық өнерді ұлықтап, биікке көтеріп жүрген өнерпаздардың да еңсесін көтерді. Ұлы өнерді ұлықтау салтанаты әрі қарай да жалғасын табады. Айтулы жоба еліміздің 15 қаласында өткізіліп, қорытынды кеші киелі Жетісу жерінде түйінделмек.