Мәулен Әшімбаев: Халықтық мүдде мен елдік мұраттың жалауын желбіреткен

Мәулен Әшімбаев: Халықтық мүдде мен елдік мұраттың жалауын желбіреткен

Мәулен Әшімбаев: Халықтық мүдде мен елдік мұраттың жалауын желбіреткен
ашық дереккөзі
236
Ел егемендігін алған жылдары ұлттық қасиеттерімізді ұлықтап, жоғымызды түгендеп, тәуелсіздігімізді нығайтуға зор үлес қосқан бірнеше басылым жарық көрген болатын. «Túrkistan» апталығы солардың бірі ғана емес, бірегейі болып, ширек ғасыр бойы халықтық мүдде мен елдік мұраттың жалауын желбіретіп келеді. Бүгінгі таңда ол ақпарат айдынынан ойып тұрып орнын алған – пәрменді басылым. Осындай айтулы күнде қазақтың рухы үшін күресіп, әдебиетіміз бен мәдениетімізді жандандыруға атсалысып келе жатқан өрелі басылымның негізін қалаған халқымыздың қабырғалы қаламгері Қалтай Мұхамеджановтың жарқын бейнесін ыстық ықыласпен есіме алғым келеді. Ардақты ағамыз еліміз экономикалық дағдарысты басынан кешіп жатқан қиын кезеңде газет шығарып, экономика, тарих, саясат, дін мен өнерімізге байланысты қордаланып қалған мәселелерді батыл көтеріп, мемлекетшілдік сананы қалыптастыру жолында аянбай еңбек етіп, жас ұрпаққа ұлтты сүюдің нағыз өнегесін көрсетті. Бүгінгі таңда «НҰР-Медиа» холдингіне кірген басылым жаңа заман талабына сай өзгеріп, қалың оқырманның іздеп жүріп оқитын сүйікті газетіне айналды. Газет бетінде күрмеуі күрделі проблемалық мақалалар жазылып, ел тізгінін ұстаған азаматтармен бірге толғақты мәселелер ұдайы талқыланып отырады. «Túrkistan» газеті Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатын насихаттай жүріп, халықаралық ақпарат кеңістігінде төл бет-бейнемізді қалыптастырды. Оның Қазақстаннан тысқары, әсіресе, қандастарымыз шоғырланған Ресей, Моңғолия, Түркия мен Қырғызстанға тарайтыны – осының айқын дәлелі. Негізі қаланған алғашқы жылдардан бастап күні бүгінге дейін мемлекетіміздің қалыптасуы мен руханиятымыздың жандануына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан газет ұжымына шалқар шабыт, телегей табыс, қажымас қайрат пен ерен еңбектеріңіздің жемісті болуын тілеймін. Қаламдарыңыз мұқалмай, тәуелсіздігіміздің арқасында келген ынтымағымыз бен бірлігімізді көздің қарашығындай сақтап, әрдайым биіктен көріне беріңіздер.

Серіктес жаңалықтары