242
Жобаға алматылықтар белсене қатысты
Жобаға алматылықтар белсене қатысты
Медициналық сақтандыру қоры өткен жыл соңында дәрі-дәрмек беру процесін бақылауға бағытталған нобайлы жобаны іске қосқан болатын. Жоба шеңберінде тегін дәрі-дәрмек алатын 37 мыңға жуық алматылық тұрғынға SMS-хабарлама жолданды.
МСҚ Алматы филиалы таратқан мәліметтерге қарағанда, хабарламада рецептінің нөмірі мен берілген күні жазылған. Дәрі-дәрмек алмаған пациенттерге SMS хабарламаға жауап ретінде «0» санын жолдау ұсынылды. Сонымен қатар, азаматтар бұл мәселе бойынша 1439 нөмірі бойынша байланыс орталығына да хабарласа алады.
Хабарламаға сүйенсек, Денсаулық сақтау министрлігі, Медициналық сақтандыру қоры мен «Самұрық-Қазына» ЖШС бірлескен жобасының басты мақсаты – дәрі-дәрмек беру процесін бақылауға пациенттерді жұмылдыру болатын.
Нобайлы жоба нәтижесін қорытар болсақ, Алматы қаласы бойынша берілді деген дәрі қолына тимеген 86 адамнан жауап келді. Жалпы, ондай пациенттер саны еліміз бойынша 441 адам екен.
Естеріңізге сала кетсек, 2018 жылдың басында Медициналық сақтандыру қоры кепілдендірілген тегін көмек пакеті шеңберінде берілетін дәрі-дәрмек пен медицина бұйымдарына ақы төлеу тәртібін өзгерткен болатын. Яғни, бұрын дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдар ақысы дәрігер жазған рецепт бойынша төленіп келген болса, 2018 жылдан бастап дәрі қолма-қол берілген рецептілерге ғана төленеді. Атап айтқанда, пациент дәріні алған кезде тиісті құжаттарға қол қояды. Содан кейін төлем туралы мәлімет «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету» ақпараттық жүйесіне енгізіледі.
МСҚ республикалық бюджеттен қаржыландырылатын тегін медициналық көмек (ТМККК) пакетінің және жұмыс берушілер, азаматтар мен мемлекет жарнасы есебінен қаржыландырылатын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакетінің операторы. ТМККК пакеті шеңберінде көрсетілген қызмет ақысын биылғы жылдың басынан бастап Қор төлеп келеді. Ал, МӘМС пакеті бойынша қызмет көрсету 2020 жылы басталмақ.
Дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдарды «СК-Фармация» ЖШС сатып алады.