Қазақстандық скауттар Дональд Трамппен кездеседі

Қазақстандық скауттар Дональд Трамппен кездеседі

Қазақстандық скауттар Дональд Трамппен кездеседі
ашық дереккөзі
713
2019 жылдың шілде айында Ұлы дала скауттары делегациясы АҚШ-та өтетін әлемдік Джамбориге қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл туралы «Ұлы дала скауттары» қоғамдық ұйымының президенті  Ильдар Катенов мәлімдеді. Әлемдік скауттар слеті 22 шілде мен 2 тамыз аралығында АҚШ Батыс Виргиния штатының Бэкли қаласында С. Бэхтель атындағы Ұлттық скаут орталығында өтеді. Оған 160 мемлекеттен 45 мың адам қатысады. «Дүние жүзінің скауттары үшін маңызды бұл жиынға Қазақстаннан 12 бала барады. Ол үшін 13-17 жас аралығындағы балаларға іріктеу жүргізілді. Басты талап - үміткерлердің ағылшын тілін білуі және скауттық қабілеттері болды», - деді Ильдар Катенов Астанада Ұлы дала скауттарының VIII конференциясында. Сондай-ақ, әлемдік Джамбориге АҚШ президенті Дональд Трамп және өзге де елдерден танымал саяси тұлғалар, қоғам қайраткерлері қонақ болып келеді. «Слет фестивальдік форматта ұйымдастырылады, онда әрбір делегация өз елін, мәдениетін және салт-дәстүрін таныстырады. Осылайша, әлемнің түпкір-түпкірінен келген скаутшыларға Қазақстанды таныстыру мүмкіндігіне ие болдық», - дейді И. Катенов. Жалпы, скаутинг - балаларға түрлі ойындар мен қызықты сабақтар арқылы орта мектептен де мол мәлімет, зор білім мен дағды бере алатын білім жүйесі. Оны бейресми білім беру жүйесі деп атайды. Скауттар сол арқылы барлық нәрсені үйренеді. Жазда - табиғат аясында тіршілік етудің қыр-сырын үйренсе (отқа ас пісіреді, қос құрады, палаткада ұйықтап, отын жинайды, суда жүзеді, түрлі командық ойындар ойнайды, ағашқа өрмелейді т.б.), қыста - туризм бойынша  жарыстарға, квестерге қатысып, түрлі акциялар өткізеді. Скаут болу үшін жас ерекшелігі маңызды емес. Қысқаша айтқанда, бұл жүйе балаларға жеке тұлға ретінде дамудың жолын айқындап бермек. Бүгінде скауттық қозғалысты ҚР Парламенті, жергілікті басқару органдары, ҚР білім және ғылым министрлігі, ҚР Тұңғыш Президентінің кітапханасы, мектептер мен балалар шығармашылық үйлері, қоғамдық бірлестіктер, балаларды дамыту жекеменшік орталықтары мен жалпы бастамашыл ата-аналар қолдап отыр.

Серіктес жаңалықтары