Қалағаң негізін қалаған

Қалағаң негізін қалаған

Қалағаң негізін қалаған
ашық дереккөзі
532
Осыдан ширек ғасыр бұрын марқұм Қалағаң – Қалтай Мұхамеджанұлы ағамыз «Túrkistan» газетін шығара бастағанда ел құлағы елең ете қалып еді. Тәуелсіздігіміздің таңы атып келе жатқан тұста дүниеге келген басылымның Түркістан аталуының өзі көп жайттан хабар беріп тұрды. Біздің еліміз бүкіл түркі халқының атажұрты, негізгі орталығы екені әлі де батыл айтыла қоймай жүрген заманда осындай атаумен жалпақ әлемге жар салып, халықаралық газет шығарудың өзі үлкен ерлік еді. Бұл Қазақстанның өзіндік орнын айғақтап қана қойған жоқ, тарыдай шашылып, жарты әлемге жайылған түркітектес жұртшылықтың бірігуі мен өзара ынтымақтастығына түрткі болды. Газет қарымды қаламгер, білікті басшы Шәмшидин Паттеев Бас редактор болған тұста да, талантты жазушы, жүйрік журналист Жаңабек Шағатай басылымға жетекшілік жасаған уақытта да өз деңгейін биіктетпесе, аласартқан жоқ. Бұл басылымның өзіндік жолы әлдеқашан қалыптасып, бағыт-бағдары нақты айқындалғанынан хабар берсе керек. Қалағаңның өз тілінде айтсақ, жаңадан келген жас жолбарыс, жаңа толқын журналистикасының беткеұстар қайраткерлерінің бірі, жалынды журналист Қуат Әуесбайдың газет тізгінін қолға алуы оның болашағына деген сенімімізді одан сайын нығайтып отыр. Шыға бастағанына 25 жыл толып отырған газет ұжымын мерейтойларымен құттықтай отырып, алдағы уақыттарда да жемісті еңбек етіп, биік белестерді бағындыра берулеріне тілектестігімді білдіремін.  

Қали СӘРСЕНБАЙ,

«Алматы ақшамы» газетінің Бас редакторы,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Президент сыйлығы мен «Парасат»,

«Құрмет» ордендерінің иегері.             

Серіктес жаңалықтары