Дағдарыс дамуға түрткі ме?

Дағдарыс дамуға түрткі ме?

Дағдарыс дамуға түрткі ме?
ашық дереккөзі
299

Шикізаттық экономиканың бар кілтипаны бір-ақ сәтте су бетіне қалқып шықты: азық-түлік пен тұрмыстық заттар қымбаттап,  сауда-саттық  қарқыны күрт бәсеңдеп, өмір сүру деңгейі одан әрі қиялап барады. Осыдан екі ай бұрын теңгенің бағамын еркін айналымға жібергенде, лауазымды шенеуніктер халық тұтынатын тауарлардың бағасын құрсауда ұстаймыз деген еді. Бірақ тіпті нан бағасының өзін жыл соңына дейін бұрынғы деңгейде ұстап тұру мүмкін болмай шықты. Несін айтасыз, қымбатшылық құрығын салмаған сала жоқ. Оның үстіне, жоғары мінберден «шын дағдарыс енді басталды» деген мәлімдеме жасалды.

Екінші жағынан, бұл тек біздің басымыздағы жағдай емес. Әлем бойынша шикізатқа тәуелді елдердің бәрі дағдарыстан тұралай бастады, дамушы нарықтардағы қарқын бәсеңдеді.

Жақында ХВҚ ғаламдық дамуға қатысты болжамдарын жаңартты. Оған сәйкес биылы жылғы әлемдік өсім 3,1 пайыздан аспайды. Яғни, халықаралық қаржылық ұйым бұған дейінгі болжамын 0,4 пайызға төмендетуге мәжбүр болды. Бұл есепке сәйкес, ғаламдық ЖІӨ 2,7 триллион долларға азаймақ.

Көршілерге көз салсақ, Ресей экономикалық санкциялардан титықтай бастаса, әлемдік нарықтағы баға саясатындағы  құлдырау  одан әрі еңсесін езіп барады. Көк желкемізде отырған Қытайдың экономикалық дамуы тежелді. Атышулы «қытайлық ғажайыптың» келбеті бүкіләлемдік дағдарыстың кесірінен көмескілене бастады.

Кез келген даму жолында өрлеу мен құлдыраудың болатыны анық. Қазақстанның соңғы оншақты жылдардағы өрлеуі мұнай мен газдың бағасына байланысты еді. Мұнай мен металдар экспортына қараған экономика енді аяғына жем түскен аттай кібіртіктеп қалды. Бірақ қара алтынның бағасы аспандап тұрған шақта одан түскен пайданы экономиканы дамытуға жұмсамадық. Шикізат өңдеуді кәсіп қылған жоқпыз, отандық өнім шығаруды әдет еткен жоқпыз, зауыт-кәсіпорын ашуды жолға қоя алмадық. Бұған көз жеткізу үшін Алматы мен Астана, тіпті облыс орталықтарында соңғы жылдары салынған құрылыстарға шолу жасау жеткілікті.

Иә, көп аймақтарда жеке меценаттардың қолдауымен зәулім мешіттер бой көтерді – мұны халықтың рухани өсу сатысы делік. Ірі қалаларда, облыс орталықтарында мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында бірқатар жаңа үйлер салынды – мұны елдің әлеуметтік ахуалын жақсартуға талпыныс деңіз. Бірақ елдегі құрылыстың басым бөлігі – сауда-саттық, көңіл көтеру орындары, мейрамханалар мен тойханалар. Аты мәлім ірі көңіл көтеру орындарын араласаңыз, елде экономикалық дағдарыстың бар екенін елестету қиын. Сырт көзге мұнда балаларын ойнатып,  дүкен аралап, дәмді тамақ ішіп, кино көріп, түрлі сауық құрып жүрген халықтың тұрмыс жағдайы онша емес деуге ауыз бармайды. Қандай жағдайда да олардың мұртын балта шаппастай көрінеді.

Сонда дағдарыс кімнің есігін қағып тұр? Кез келген дағдарыс елдегі шынайы әлеуметтік ахуалды анықтап, қар бетіне қына жаққандай анықтап беретінімен құнды. Өзіңіз ойлап көріңіз, осыдан санаулы жыл бұрын мұнай баррелінің бағасы 100 доллардан асып, қара алтын өндіруші елдердің айдарынан жел ескен кезде, ханның да, қараның да жағдайы жақсы еді. Ақша айналымы кідіріссіз үйіріліп, тұтынушылық тәбетті асқындырған сәтте елдің жаппай тұрмыс деңгейі түзу көрінетін. Ас та төк тойлардың көптігі соншама, сенбі-жексенбісін тек тойханада өткізу көп адамның дағдысына айналған болатын. Қызмет көрсету саласында сұраныстың көптігі екі қолға бір күрек дейтіндердің нәпақасыз қалмайтынына кепіл еді.

... Осыдан бірнеше жыл бұрын Мысырдағы жағдайды өз көзіммен көргенім бар. Мүбарак тақтан тайған, ал ас Сиси әлі президент болып сайланбаған өліра кез еді. Халық көше демократиясының бар «қызығын» әлі көріп болмаған, бірақ жаппай тәртіпсіздіктен, бейберекетсіздіктен үріккен қалпында еді. Дегенмен, мұның бәрі мысырлық тұрмыстың бір қыры ғана екен. Каирдің орталық аудандарындағы ірі сауда-саттық орнына барғанда, мүлде өзгеше жағдайға тап болдым. Еңселі биік ғимараттың іші-сырты заманауи нышандарға сай безендіріліп, менмұндалап, жайлы тұрмысқа шақырып тұр. Обалы нешік, есіктің алды күзет. Ал одан өте бере мамыражай,  жаймашуақ әлемге тап боласыз. Асықпай дүкен аралаған, отбасымен қыдырған, қарны да, көңілі де тоқ адамдар жүр мұнда. Көшесінде БТР-лар орныққан, ел басшысын күшпен ауыстырған, аштық пен берекесіздіктен шеруге шыққан наразы елге мүлде ұқсамайды. Керісінше, мұндай жаймашуақ өмірді Астанадағы не Лондондағы ірі көңіл-көтеру кешендеріндегі көрініске ұқсатуға болар еді.

Ал халық жаппай көшеге шыққанда, бұл ғимараттың күзеті қаруланып, өзін-өзі қорғайтын ортағасырлық қамалға айналған деседі. Жалпақ елден бөлек өзінше күй кешкен орта өз қымбатымен бөлісуге құлықсыз, сондықтан да қорғанады...

Мұндай топ қай кезеңде, қай жерде болмасын, өзінің ішкі заңымен, үйреншікті тәртібімен өмір сүреді. Экономикада, саясатта қандай толқын жағаға ұрып, қандай сілкініс болмасын, оларға еш әсері жоқ.

Бізде де қарапайым халықтан қорғанатын топ бой көтеріп келеді. Олардың мұңы біздікінен бөлекше. Олардың қызығы елден ерек. Мына дағдарыс олардың есігін қақпайды. Сондықтан мерейі үстем топ пен қарапайым азаматтардың сөйлеу мәнерінде алшақтық бар, бірінің айтқан ойы екіншісіне жетпейді.

Бір ғана мысал. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Қ.Қожахметов девальвациядан соң: «Халық доллардың бағамына несіне қарайды?» деді. Қарапайым азаматтардың қорында қап-қап доллардың жоқ екенін меңзегені, шамасы. Шетелдік валютамен есептесу белгілі бір топтың ғана үлесінде екенін еске салғаны болар.

Ал қарапайым халық неге доллардың бағамына қарамауы тиіс? Жалақысын теңгемен алатындардың көбісі ипотекалық несиелерді доллармен рәсімдеген, олар үшін шетелдік валютаның әр секірісі жүрек талмасына апаратын жағдай. Ал азын-аулақ ақшасын теңгемен сақтайтындардың өзі жинаған қорына ойлаған тауарын сатып ала алмайтын жағдайға жетті. Себебі тауарлар мен қызметтердің бағасы доллардың бағамына байланған. Тұрғын үй бағасы тікелей өспегенімен, доллармен есептелінетіндіктен, оның бағасы бір-ақ сәтте отыз-отыз бес пайызға аспандады. Үйін жалға берушілер де доллардың жаңа бағамына орай қызметті беру бағасын күрт қымбаттатты. Азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық заттар, ақыр аяғы, коммуналды қызметтер бағасы бірінен соң бірі қымбаттап жатыр. Химияда мұны «тізбекті реакция» дейді.

Мынандай да дерек бар: Қазақстанда жұмыс істейтіндердің 45 пайызы 20 000 теңге мен 75 000 теңгенің аралығында жалақы алады екен. Долларға шақсаңыз, үстіңгі деңгейі 275 доллардан аспайды. Ал былтырғы жылдың соңында елдегі орташа жалақы деңгейі 650 долларға жеткен болатын. Жалақы көрсеткіші сол күйі қалды дегеннің өзінде, қазіргі доллармен шаққанда, енді бұл 450 доллар ғана. Сонда баспана,  өмір сүруге қажетті тауарлар мен қызметтердің бағасы доллармен есептелгенде, табысы күрт кеміп, кешегі күніне зар болып қалған қазақстандықтар доллардың бағамына қарамауы тиіс пе?

Иә, тоқсаныншы жылдардан бері Қазақстан үш-төрт дүркін экономикалық дағдарысты бастан өткерді. Ресми түрде. Саяси дағдарыстың салқыны бізге әзір тиген емес, соны шүкіршілік қыламыз. Ал тәуелсіздік алғалы дағдарыста өткізген жылдардың санын шығарар болсақ, тоғымыздан жартықұрсақ болған күніміз көптеу сияқты. Себебі дағдарыс жылдары деп саналған кезеңнің алдындағы тоқырау бар, одан соң дағдарыстан тырбыңдап бас көтере бастаған жылдар  бар. Оны аз көрсеңіз, дағдарыстың бірінші толқыны, екінші толқыны бар...

Ресми деректерге жүгінсек, мұнай-газ бағасының төмендеуінен биылғы бюджеттің кірісі 40 пайызға қысқарыпты. Одан басқа қара және түсті металдардың, көмірдің бағасы арзандаған. Өнеркәсіп кәсіпорындарындағы қарқын бәсеңдеген, өндіріс көлемі қысқарды. Бүйте берсе, Индустриаландырудың екінші бесжылдығы басталмай жатып тұралайтын сияқты. Ауылшаруашылығына тағы иек арта алмаймыз, оның өзі мемлекеттің дотациясымен әрең күн көріп отыр.

Кеше ғана Президент Н.Назарбаевтың Үкімет басшысын шақырып алып, экономикалық  дағдарыс туралы толғануы бекер емес. Елбасы дағдарысты ашық жариялау арқылы елді жаппай жұмылдыруға үндегендей. Сын сағатта етек-жеңді жинауға шақырып тұр. Бәлкім, бізге осы дағдарыс енді сабақ болар? Жуанның жіңішкерер кезі келді. Осы дағдарыстан жуан жалтақтығымызды,  тоңмойын жалқаулығымызды тастап шықсақ жарар еді.

Серіктес жаңалықтары