Қуандық Шәкіржанов: Театрда ойнау маған бұйырмады

Қуандық Шәкіржанов: Театрда ойнау маған бұйырмады

Қуандық Шәкіржанов: Театрда ойнау маған бұйырмады
ашық дереккөзі
Өнерге берілген, шынайылықты жаны сүйетіндер аз емес. Соның бірі – Қуандық Шәкіржанов. Ол өзіне тиесілі қайсыбір рөлді де шынайы алып шығады. Әсіресе, көрерменнің сүйікті телесериалына айналған «Жаңа қоныс» актер Қуандық Шәкіржановты жаңа қырынан танытты десек, ешкім қарсы бола қоймас. Тіпті, «Жаңа қонысты» Қуандық аға үшін қараймын» дейтіндердің қарасы басым бүгінде. Осы орайда халықтың ілтипаты мен құрметіне бөленген актер Қуандық Шәкіржановпен аз-кем әңгімелескен едік. – Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында белгілі әртіс Тұңғышбай Жаманқұловтың мектебін тәмамдадым. Біз 24 түлек бітірдік. Оның біразын Тұңғышбай ағаның өзі іріктеп, М.Әуезов атындағы драма театрына алып қалды. Ал мені жолдамамен Семей қаласына жіберді. Бірақ «ол жақта не істеймін?» деп, туған жерім Жаркент пен Алматының арасында жүрдім. 1993 жылы Бауыржан Ибрагимов «Бауыржан-шоу» театрын ашып, біраз талантты жастарды жинады. Солардың қатарында мен де болдым. Осы ұжымда тапжылмай 10 жыл жұмыс істедім. Актерлік шеберлігім шыңдала түсті. Бірқатар интермедиялар жазып, сахналадық. 2009 жылдың наурыз айында «Бауыржан-шоу 33» қойылды да, сосын театр тарады. Осы уақыт ішінде тәжірибе жинақтағандар өз бетінше театр ашып кетті. Мәселен, Әбунасыр Серік шәкірт жинап, «Нысана» театрын құрса, біз Бақыт Әліпбаева екеуміз бөлек кеттік. Алайда театр ашып, оны жүргізу оңай емес екен. Ол үшін мықты ұйымдастырушы продюсер қажет көрінеді. Былайша айтқанда, сондай сенімді адам табылмады. Соған қарамастан біз концерт қоюға деңгейіміздің жететінін дәлелдедік. 2013 жылы бір күнде екі рет думанды кеш өткіздік. Студенттер сарайының залы адамға лық толды. Бақыт екеуміздің «визиткамызға» айналған «Көк «Москвич», «Беташар», «Ауғанстан әлегі», «Неміс-қазақ», «Ассимилияция» сынды біраз интермедиялар жазылды. Кейбіреулеріне авторымен бірлесе отырып толықтырулар мен өзгертулер енгіздім. Бір өкініштісі, содан кейін тоқтап қалды. Оның үстіне Бақыт Т.Жүргенов атындағы колледжде ұстаздық етіп, қолы тимеді. Ал өзім телесериалдарға түсуге кірісіп кеттім. Біз тіпті, театрға ат қойып та үлгермедік. Біреулер «Бақыт пен Қуандық» театры деп шығарып алыпты. Бұл біздің актерлік өмірдегі жеке тарихымыз болып қалды. Міне, маған театр сахнасы құшақ жаймаса да, телеарнадағы сериалдарға түсуге шақырту ала бастадым.

«Жаңа қоныс» – көрерменді баураған сериал

– Мені жұрт көбінесе комедиялық рөл арқылы таниды. Бұл сол «Бауыржан-шоудан» басталған. Оның үстіне телесериалдарда да комедиялық образда түсіп жүргендіктен шығар, режиссерлер де сондай кейіпкерлерді ұсынып жатады. Қазір телесериал түсіру деңгейі біршама өсті. Оның ішінде сапасы жоғарысы, төмені бар, әйтеуір сан жағынан көбейді. Маған драмада да ойнау қиын емес. Керісінше, комедия  – қиын жанр. Өнерді түсінетіні бар, түсінбейтіні бар, бәрі комедия түсіріп кетті. Заман ағымына сай, әншілер де кино түсіруге кірісті. Мейлі ғой, әркім қаражатына қарай тірлік істейді. Бірақ телеарнаға үкіметтің қаражаты бөлініп жатқан жоқ па? Демек, ол  халықтың ақшасы емес пе? Халықтың ақшасы болған соң, оны тиімді пайдалану маңызды. «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан көрсетілген «Жаңа қоныс» сериалы көптің көңілінен шықты десем, артық айтпағаным. Қаралымы жоғары болғандықтан да, телеарна былтыр үшінші маусымын түсірді. Бірінші маусымы – 12 серия, екінші маусымы – 20 серия, үшінші маусымы – 20 серия. Қала қазақтарын былай қойғанда, шалғайдағы елді мекен тұрғындары тұрақты көрерменіне айналыпты. рейтингі жоғары болған соң, үш маусымы таспаланды. Әлеуметтік желідегі оқырмандарым: «Қуандық аға, «Жаңа қоныстың» төртінші маусымы қашан түсіріледі?» деген сауалды көп қояды. Актер ретінде менің қолымда ешқандай құзыреттілік жоқ. Көрерменнің сұранысын телеарна басшылары қаперіне алатын шығар деген үмітім бар. Тағы бір айта кетерлігі, «Жаңа қоныс» телесериалын ыңғайсыз уақытқа қойғанына қапаландым. Әуелгіде таңғы 8-ге, одан түскі уақытқа қойды. Жұрт кешке жұмыстан шаршап келгенде тартымды дүние көргісі келеді. Былайша айтқанда, «Жаңа қоныс» жайланып, шәй ішіп отырып көретін сериал ғой. Неге сондай прайм-тайм уақытқа қоймағанына таңым бар. Бұдан өзге 7-арнадан көрсетіліп жүрген «Тақиясыз періште» сериалында Жанар Айжанова екеуміз басты рөлде ойнадық. Екеуміз баламызға келін іздейміз. Бұл телесериалдың да рейтингі жоғары болды. Бұл тіпті, «Жаңа қоныстан» да асып түсті. Алайда ауыл-аймаққа барсам жұрттың көбі «Жаңа қонысты» мақтап, алғысын жаудырып жатады. Ал соңғы түсіп жатқан «Шашу» телесериалы «Хабар» арнасынан көрерменге жол тартты. Бұған да көрерменнің қошеметі жоғары. Телеарна – айна. Еліміздегі телеарнаның бәрі рухты көтеретін ұлттық дүниенің санын да, сапасын да көтеруі керек. Кез келген телеарнаны қоссаңыз, шоу бағдарламалар көп. Дұрыс-ақ, көрерменнің сұранысы сол шығар. Дегенмен шектен шықпау жағын да ескеру керек. Мәселен, «Келіндер бәйгесі» бағдарламасының берері не? Жалпы, осындай дүние керек пе? Өмір табалдырығын жаңадан аттап жатқан келіндерді жарыстырып, сол келінді болып жатқан отбасының дастарқанын сынап-мінеу қаншалықты жөн? Бұл арқылы жастарға берер тәрбие қайсы?  Жастарда ұлттық намыс, елді-жерді, туды сүю деген сезім төмен. Неге? Оған олар кінәлі де емес. Себебі тәрбиені дұрыс бермей жатқан біз кінәліміз. Сондықтан осы мәселені дереу қолға алу керек. Сол сияқты «Мент», «Питерден келген оралман» фильмінде ойнадым. Басты рөлді сомдаған толықметражды кино – «Питерден келген оралман». Бұл фильмде махаббат та, комедия да бар. Құмар ойынға ерік берген адамның образы ашылады. «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» деген Абай атамыздың пәлсапасына лайық жұмыс істесек деген зор мақсат бар. Яғни, қазіргі көрерменді саусақ шошайтып күлдіре алмайсың. Тек күлдіру мақсат емес, күле отырып, ой салу маңызды. Арзан күлкі емес, астарлы әжуаға көңіл бөлуіміз керек деп ойлаймын.

Сценарийге 20 пайыз өзгеріс енгіземін

– Кез келген актер сериал болсын, толықметражды фильм болсын, алдымен сценарийімен танысу керек. Бастан-аяқ не оқиға екенін білуі тиіс. Біз де аға буын деңгейіне кеп қалдық қой, телесериалдарда көбінесе жастармен бірге жұмыс істеймін. Байқайтыным, жастар көп қателеседі. Өйткені қазақша дұрыс сөйлей алмайды. Екінші, қазақша сөйлемеген соң сөздің түпкі астарын түсіне бермейді. Оқиға желісін іштей сезінбеген соң, ол не ойнап жатқанынан да бейхабар. Бәрі құрғақ шығады. Онымен ешкімді сендіре алмайды. Өзі бір жақта, рөлі бір жақта қалады. Сөз жоқ, қазіргі қыз-жігіттер өте әдемі. Сымбатты, көрікті. Ол жағынан мақтануға болады. Ал рөл ойнағанда көңілің су сепкендей басылады. Сөзді қазақ тілінде таза айта алмайды. «ң», «қ», «ү», «ұ», «ғ» әріптеріне келгенде тілдері мүкістеніп кететін сияқты. Олар мәтінді ғана ойлап тұрады. Мәтінді шала жаттап, соны ұмытып қалмасам екен дегенге ғана бас қатырады. Сол шеңберден шықпаған соң, көрермен де оған сенбейді, қарамайды. Жасандылық басым. Көрермен сүйіп көретін түріктің, кәрістің телесериалдарын алайықшы. Оларда да үлгі алатындары бар. «Хабар» арнасынан «Батыл жүрек» деген телесериал көрсетілді. Актерлік шеберлік, режиссерлік шешім қандай? Сценарийі де керемет жазылған. Тарихи оқиғаны баяндаған. Адамның бойындағы патриоттық рухты көтереді. Телесериал арқылы түріктің жастары туы, елі, жері үшін жанын беруге даяр екенін көрсетті, көз жеткізді. Міне, біз түсірілімдегі актер болсақ та,  өзгеден үйренетін тұсымыз көп. Мәселен, театрда жаңа қойылымды сахналауға екі ай уақыт кетеді. Актерлер шығарманы оқып, сіңіріп, образға енгені маңызды. Неге екені белгісіз, телесериалда бұл мәселеге үстірт қарайды. Өз басым әуелі телесериалға түспестен бұрын сценариймен жіті танысамын. Тіпті, қарап шығып, келіспеген кездерім де болды. Кішкене өтірігі көп болып кетсе, негізгі оқиғадан ауытқып кетсе, табиғатыма жақын болмаса, онда бас тартамын. Әй, ертең осы рөлді ойнап жүріп ұялып қаламын-ау, одан да түспей-ақ қояйыншы деген сәттер болады. Егер ұнап жатса, авторлармен сценарийін 20 пайызға дейін өзгертуге  келісіп аламын. Кез келген актер қойылымға немесе телесериалға пайда келтіретін жағын ойлау керек. Сценарист жазды, телеарна қабылдады. Әрі қарай режиссер актерлер таңдауға кіріседі. Әр актер шеберлігіне қарай алып шығуы тиіс. Бұл жерде қатып қалған қағида жоқ. Әрине, телесериалда қаржыны көп төлейді дей алмаймын. Әр телеарнаның өз бюджеті бар. Бір жылда қанша телесериал түсіреді, соған да байланысты. Оған мемлекет арнайы қаржы бөледі. Бірақ әлі күнге «ақша жоқ» деуді қоя алмай келеміз. Сондықтан қаламақы көп алдым, аз алдым деген әңгіме жоқ. Осының өзіне шүкіршілік. Халықтың, көрерменнің алғысына бөленуден артық бақыт жоқ шығар. Қарапайым актер ретінде барлық жерде ойымды бүкпесіз айтамын. Қазағым, ұлтым дегенде жаным біреу.

Өткенге өкпе жоқ, ертеңнен үміт көп

– Өнерге тамшыдай болса да, өз үлесімді қосып жүрген жайым бар. Әркімнің талғамы әр басқа. Алайда өнерге деген көзқарас әлі де төмен. Халық театрға неге көп бармайды? Себебі жаңалық керек. Үнемі драманы көрсете бермей, адамның шаршағанын басатын қойылымдарды сахналау қажет. Онсыз да жұрт күйбең тірліктен қайда қашарын білмей жүргенде театрға кеп тағы безініп кетсін дейміз бе? Ол аздай театрлар шетелдің дайын дүниесін сахналауды әдетке айналдырып алды. Оның кейбірі таза ұрлыққа жатпай ма? Меніңше, театрға да, телеарнаға да намысты оятатын патриоттық дүниелер ауадай қажет. Өзім фильмдерін сүйіп көретін Аль Пачино деген актер бар. Сол актер «әркез бірінші орында отбасы тұруы тиіс. Атақты да, ақшаны да бірінші қойма. Бірінші сүйген жарың, балаларың мерейіңді тасытып, мейірімге бөлейді. Ешқашан ақша келіп көз жасыңды сүртпейді», – деп айтады. Менің өнерімді бағалайтын жарым, бір ұл, бір қызым бар. Ал жалпы, өзім туып-өскен отбасымда бес ағайындымыз. Екі ағам және екі әпкем бар. Үйдің кенжесі деген мен де 50 жастың ауылына келіп қалдым. Күнтізбе бойынша табалдырықтан аттаған 2019 жыл елімізге береке-бірлік, молшылық, тыныштық сыйласын. Қасиетті өнер сахнасы жаңа, тың дүниелермен толығып, көрерменге сыйлар қуанышты сәттеріміз көп болғай.