Топты жарып төрге озған

Топты жарып төрге озған

Топты жарып төрге озған
ашық дереккөзі
Қазақта атам заманнан бүгінге жеткен аталы сөздер биқисап. Соның бірі «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген лепес. Осынау ұлағат сөздің ойыма оралуы, әрине себепсіз емес. Қазақ әдебиетінің бүгінгі буыны ортасынан оза шауып, оқшау көзге түсіп, талантымен танылған ақын Бауыржан Жaқыптың шығармашылығы жөнінде көкейіме түйгенім аз емес. Өйткені Бауыржанның бірегей білімді, ойлы оқымысты екендігі өз алдына, дара дарынды ақындық тұлғасына толымды талдау жасау жағы кемшін. Арынды ақындығы, сарабдал сыншылығына сай Темірхан Медетбектің тамаша талғамды жалғыз мақаласы болмаса. Ал шындыққа жүгінсек, нағыз ақынның өлең-жыр, поэма-балладаларын көтере мақтаудың жөні бар. Әйтсе де, соны көре-біле тұрып тіс жарып, тіл қатпайтынымыз қызық-ақ. Бұл, әрине, көпе-көрнеу қиянат демеске лаж жоқ. Тірісінде көзге ілмей, өмірден озған сәтте санымызды соғып, өкінішімізді айтып, жаппай мадақ мақалалар жариялау әдепкі әдетімізге айналып кетті. Осы бір мерез мінезімізден тезірек арылсақ, адамгершілік ар-ұятымыздың алдында, хас таланттыларымыздың әруағы алдында кінәлі болмас едік... Ал ақындық жаратылысы, қалам қайраты ешкімге ұқсамайтын, талант қуатымен жырлау үлгісі мүлде бөлекше Бауыржан шығармашылығын артық мақтамай-ақ, тал бойында барын ашып айтсақ та, жетіп жатыр. Әлбетте, Бауыржанның ақындық жолын талдамас бұрын, оның туып-өскен жері, өмір сүрген ортасы, өнеге алған ақын-жазушылары хақында бір ауыз сөз арнау артық болмас. Бұл кімнің кім екенін: ақын болып көктен түсті ме, әлде алдыңғы буын, қатарлас қаламдастарының үздік шығармаларынан, көңіліне тоқыған ілім-білімнен тәлім алып жетілді ме деген сұраққа жауап қайтару үшін қажет. Бауыржанның атамекені дана Абайдың елі, ал қайынатасы айбоз ақын Төлеген Айбергенов, бітірген оқу орны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті болса, оның шалқыма шабытты шайыр атанбасына бола ма?!. Бүгінгі қазақ поэзиясының көшін бастаған Мұхтар, Темірхан, Иранбек, Жүрсін, Жәркен, Күләш, Ұлықбек, Несіпбек, Есенғали, Ғалым, Светқали, Тыныштықбек, Сабыр, Гүлнәр Салықбаева, Серік Ақсұңқарұлы мен Серік Тұрғынбекұлы, Байбота, Әбубәкір сынды бірінен-бірі өткен, талассыз топжарған, үркердей үзеңгілес талантты топтың бел ортасында жүрген Бауыржанның да жыр жұлдызы дара жанды. Бұл пікірімді дәйекті дәлелдер келтіре отырып айғақтайын. Тағы бір ескерте кететін жағдай  – ақынның шалқар шығармашылық қыры мен сырын түгел қамтып, қопара талдау бір мақалада мүмкін еместігі анық. Сондықтан ақынның өлең-жыр, баллада-поэма-дастандарын сала-салаға бөліп, тақырыптарын тарата айтудан гөрі, жалпы шығармашылығы орайындағы ортақ ой, тұтас түйіндеріне ғана тоқталғанды жөн көрдім. Көркем әдебиет қай жанрда жазылмасын, қай тақырыпқа арналмасын, оның бәріне ортақ басты мақсат-мұраты – адамдардың жан-дүниесін жасантып, ой, сезім, санасын байытып, танымының тереңдей түсуіне қозғау салатын, өмір-тіршіліктің анық ақиқатын, шынайы шындығын ашып көрсететін көшелі сөзбен, кемел парасатпен жазылған шығармалары. Ойлы оқырман, зиялы қауымның қалауы, жүрегіндегі сөзі осы. Бауыржан ақынның ұлт болмысын, қазақы қасиетін айғақтайтын айшықты өлең-жырлар жазуда айрықша талантымен танылған әріптестерінің алдыңғы сапында жүргенін айту парыз. Ал ақынның өзге шайырлардан өзгешелігін айқындап тұрған ой-пікірінің, толғам-түйінінің жаңалығы, сөзді түрлендіріп қолданудағы тың тәсілі, ұйқас, ырғақ, теңеу сынды өлеңнің сынын келтіріп, сыр-сипатын айғақтайтын бірегей белгілерінің бәрі төрт аяғын тең басқан жорғадай келісімді болуы. Ақын поэзиясының бағасын асырып тұрған осы қасиеттері. Бауыржан өз өлеңдерінде ұлттық мінез, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, таза қазақы қалпымызды әспеттеп жазудан жаңылған емес. Оның әр сөзінен қазақтың иісі шығып тұратыны да шындық. Алапат арынды ақынның салған жерден жүректерді жаулаған, өрттей лаулаған жалынды жырлары қолыңа түскен бетте жалт қаратып, көз жаздырмай оқи беруіңе мәжбүрлейтін тартымдылық қасиетімен де ерекшеленіп тұр. Сырлы сөзімен жүрегіңді қозғайтын өлең-жырларының жып-жылы шуағына шомылып, әрі-сәрі қиялға беріліп, көңіліңді аңсаған арман-тілегін әлдилей жөнелетіні де ғажап. Сөз зергерінің зерделілігін, ойшылдығын, тапқырлығын, аңғарғыштығын, шешендігін, қазақтың ұлттық қасиеттерін жетік білетіндігін, ел-жұртының кешкен өмір, тартқан тағдырын қапысыз таныған тарихшы, парасатты философ деңгейлес оқымысты екендігін айғақтайтын өлең-жырлары жетерлік. Бір сүйсінер қасиетін даралап айтуым керек. Бауыржанның өлең-жырлары тұнып тұрған таза қазақы ұғым, түйсік, таным, тәлім сынды ерекше сипатымен құнды. Мысалы, «Киіз үй», «Алаша», «Білте шам», «Домбыра», «Тайқазан», «Әжемнің ұршығы», «Балқаймақ», «Бәйге», «Көк жусан», «Күрең жол», т.б. өлеңдерінің атауларына қарап оларды этнографиялық тақырыптағы өлеңдер екен деп ойлайсың. Солай екені де рас және мұндай мазмұндағы жырларды барша қазақ ақындары жазған. Алайда Бауыржанда тақырыбы ұқсас болғанымен түйіні өзгеше. Ой-сезімі қатар өрілген өлеңдерден ақынның жүрек толқынысын, көңіл айнасына түскен өмір-тіршілік көріністерінің суретін көресің. Айдың киіз үйге иегін сүйеп тұрып, таң атып, күннің аспанға көтерілгенін көрген оның қиялы көкке өрлеп, әжесінің асыл бейнесі, туған жерінің жазиралы жайлауы, өзен-көлдері, орман-тоғайлары елестеп, өзін алыста қалған ауылында жүргендей сезінетін Бауыржан ақын білте шамды жанына жарық берген, білімнің шырағын жаққан киелі санаса сенесің. Сондай-ақ, білте шамның жарығымен оқыған эпостық жырлардың кейіпкерлерімен кездесіп, танысып-табысып, балалық дәуреніңді соларға еліктеп өткізгенің есіңе түсіп, сол Қобыланды, Алпамыс, Ер Тарғын, Ертөстік, Қамбар сынды батыр-бағландармен, Гүлбаршын, Құртқа, Қыз Жібек, Баян сұлу, Күн астындағы Күнікей сынды арулармен жүздесіп, Кендебайдың Керғұласын, Тайбурылды, Байшұбарды, Тарланбозды мініп, бәйгеге шапқандай сезінесің. Иә, терезеден күлімсіреп Ай қарап тұрған түндерде қара шалдарға – аталарына батырлардың көзсіз ерлігі, ессіз ғашықтардың сүйіспеншілігі хақындағы балалық қиялыңды тербеген хикаяларды оқып берген кездерді ойыңа оралтып, сағындыратын да Бауыржан ақынның өлең-жырлары. Енді бір сәт ақынның сөзіне жүгінейін: ...Желп-желп еткен түндігі – Кең даламның жүрегі... Бұрын-соңды еш ақынның аузына түспеген тың теңеу. Ал төрінде төсеулі жатқан алаша туралы толғамы да жүрегіңді толқытатын жыр. ...Ауылымнан алдырған Үйімдегі тұмарсың. Әжем марқұм қалдырған Сен бір асыл мұрамсың, ...Жатсам сенің үстіңе Туған жерде ояндым... Алашаны аяулы әжесінің көзіндей көретін ақын оған жамбастай жата кеткен сәтте бейне бір табаны туған жеріне тигендей сезінеді. Бұл – жүйрік ой, мөлдір сезімнің жемісі емей немене?! Елде ержетіп, баяғы ескі ауылдың жүдеу тұрмыс-тіршілігінің суретін есіңе түсіріп жазған жырларының бірі – «Білте шамның жарығы». ...Жанымызға жарық беріп, Парақтардан әріп теріп, Сол жарықпен оқушы едік Небір кітап алып келіп. ...Өрт боп жанып жалынынан, Соның бәрін қанып, ұғам. Қымбат нәрсе жоқ-ау, сірә, Білте шамның жарығынан... Кешегі келмеске кеткен кеңес заманында жазылса, бүгінгі гүлденген ауылдың сән-салтанатын көрмегенсіп, есі кетіп ескілікті аңсап жыр арнап отыр деп ақынға жала жабылар еді. Шын мәнісінде бұл тарихи шындық әрі батырлық пен ғашықтық дастандарын оқып өскен аға ұрпақтың атамұрадан алған үлгі-өнегесінің қайнар көзі қайда жатқанын қазіргі жастардың есіне салу. Ескілікті еске түсіретін тағы бір өлеңге тоқтала кетейін. Ақын «күнге ұшып кеткен» әжесінің төр үйде тұрған ұршығын көргенде көңілі толқып: ...Кетсең де алыс Күнге ұшып, Кетпейсің естен, ендеше. Өзің боп мені жүр құшып Сен тоқып берген кеудеше... Әжесі тоқып берген кеудешенің тәнін ғана емес, жанын жылытып жүргенін өрнектеуінде үлкен сыр жатыр. Ата мен әжені, әке мен шешені қадірлеудің қазақы қалпын айта отырып, сол қасиеттің бүгінгі ұрпаққа жұғысты болуын меңзейді. Сондай-ақ, осы бір өлеңнің екінші астары барын да аңғарасың: ...Ұршық қой мына Уақыт Жіп қылып бәрін иірген... Бауыржан ақын адам мен заман тағдыры Уақыт деген ұлы ұғымның уысында екендігін ескертіп, оны күйбең тіршілікке алданып, бекер өткізбеу жайында әңгіме қозғап отыр. Осы жерде бір өзгеше ойдың ұштығы шығып тұр. Оқырмандар тарапынан ақыннан қазіргі уақыттың жыры таусылып қалғандай өткен заманның сырына үңіле беруінің себебін сұрауы ықтимал. Менің ойымша, оның жауабы: өткеннің киелі өнегесін бүгінгі өмір-тіршілікке сабақтастыра жалғастыру, яғни бұл күндері қоғамға қозғау салып, қызу талқыланып жатқан ұлттың жаңғыру мақсатын көздеген көкейкесті мәселенің бастауы десем дөп болар. Бұл – ақынның әдеби тәсілді қолданудағы бір қыры. Оның өзі тапқан оңтайлы екінші қыры да мәністі. Өткен өмір – балалық шақтың мөлдір тұнық сезімдері арқылы ой толғап, өлең өрнектеу шынайы шындықты айтып, адамдардың жан-дүниесін жасандыруға, ұлттық рухын көтеруге өте қажетті, шарапатты шара. Қазақтың тұрмыс-тіршілігінің суреттерін өлең-жырларының арқауына айналдырған ақын ұлт өмірінің сол бір өзгеше таным-түсінігінің тамырын тереңнен қопарып, жаңаша парасатты ой сараптауға шебер шендестірген. Мысалы, «Бәйге» деген өлеңде суырыла шапқан сәйгүлік аттардың қашан сөре сызығын аттағанға дейінгі делебе қоздырған жарысын қызықтай әрі келістіре жыр кестелеген ақынның тапқырлығы түйінінде. Мына өлең жолдарын оқысаңыз, біздің пікірімізге қосыла кетеріңіз кәміл. ...Көңіл емес бәйгесіз Қазақтардың көңілі. Өмір емес бәйгесіз Қазақтардың өмірі, – дей келе: ...Оқтай зулап кетеді, Аянбайды шапқанда. Өмір жарыс екенін Түсінгендей аттар да. Әрі қарапайым, әрі қазыналы қағида. Ел аралап, жер шалған ақын атамекеннің таңғажайып табиғатына – сұлулығына сұқтанып, тірі адамдай тілдесіп, тылсым сырын түсініп, жүрегінен жыр ұшыруға құштар. Ол жапан даланың дидарын тамашалай жүріп те талай ойға батып, өлең өрнектеген. Бір жолы қатар жатқан екі көл – Тұздыкөл мен Тұщыкөлді көріп, дертке дауа суына шомылып, дәру алғанын сағынышпен есіне алып, оны өлеңге көшіріпті. Алайда ақынның айтар ойы, ақтарған сырының астары тереңде жатыр. ...Екі көл боп көріндің, Беу, табиғат, күштісің! Сездіргендей өмірдің Ащысы мен тұщысын... Қарапайым мысалмен-ақ адам өмірінің терең сырын шерткен шайырдың ақындық шеберлігін анық аңғаруға болады. Бауыржанның Баянауылға арнаған өлеңі­нің өрнегі де, түйіні де төтенше. Ақын әдеттегідей жаннат жердің көркін қызықтап кетпей, киелі топырағынан түлеп ұшып, қазақтың атын шығарған Бұқар жыраудан бастап, Олжаспен аяқталатын атақты адамдардың ел-жұртына сіңірген ерен еңбектерін айта келе: ...Ел едің ердің атын шығарған, Батыр шығарған, ақын шығарған... ...Баянауылым, шоқтығы биік, Көтеріп тұрсың қазақты көкке, – деген сөзі қандай салмақты, ойы қалай оймауыт! Туған елі мен қара орман жұрт – қазағының өмір-тіршілігіне терең үңіліп, ой салған ақын тапқырлығы таңғаларлық. Асық ойынының астарынан, яғни сақа үйірген сәттегі оның жерге қай қырынан түсетініне байланысты байсалды ой түйгені ғажап: ...«Берме, – деп, – еліме күн райы бөтен!» – Қолымды Тәңіріге жайып өтем. Бірде алшы, бір шік, бүк, тәйке түскен, Өмірдің өзі – асық ойыны екен. Міне, ақын осылайша бүгінгі аумалы-төкпелі заманда ел мен жер, адамдар тағдыры көңілін алаңдатқанын жырына қосып, ізгі тілегін білдіруге асыққан... Болмашы көріністен көркем ой түйіп, өлеңге айналдыра қою – Бауыржанның ақындық болмысының бір қыры. Мәселен, сайын сахара ұлан даланың ұшы-қиыры шексіз кеңістігінен әр тарапқа тарайтын күрең жолдар, жазира жазықтар мен тау бөктерлерінен кезігетін балбал тастар қаншама?! Ақын солардан сыр сабақтап, ойын оюлап өлеңге көшіре қояды. ...Бірде оңға бұрыласың қау ішіне, Кіресің солға тартып тал ішіне. Көңілімді байлап қойып көз ұшына, Сіңесің енді бірде тау ішіне... Сыйладың сөйтіп талай ойды маған, Есімде дейсің менің қай бұралаң... Басталған үзілместен күрең жолым Адамның өмірінен айнымаған... Даланың күрең жолдары мен адамдардың өмір жолын салыстыра келе, оқырмандарға ой салған ақынның тапқырлығына тәнті боласың. Ал мына «Тас» деген өлеңінен үзінді келтіре кетейін: ...Тастан талай ескерткіштер қашадық, Сөйтіп, ұлы тарихымызды жасадық. Тастан белгі қойып қимас жандарға, Тұрдық кейде көзімізге жас алып... Сол тастарға жазылып, бүгінгі күнге жеткен бұрынғының сөзі, өткен заманның көп сырын ішіне бүккен тас обалар, балбал тастарда бейнеленген тас мүсіндер көне тарихымыздың жарқын беттері екендігін есімізге түсіруі тегін емес. Санамызда сараланған терең ойдың түйіні мен қағидасы. Әлбетте, туған жер туралы жүрегі егіліп-төгіліп жыр жазбаған ақын жоқ. Таптаурын тақырып. Алайда нағыз ақындар атамекенге арнауларын өзгеше арна тауып жазуға ұмтылған. Бауыржан да осындай бағдар ұстанған. Ол өзінің кіндік қаны тамған, тал бесігін тербеткен алтын ұя ауылын, өсіп-өнген өңірін: Арқатты, Абыралыны, Қарауылтөбені, Жидебайды, Шыңғыстауды, Семейді, Ертісті есіне алса болды, «кеудесінен жібек жыры тарқатыла жөнеледі. Ауылын есіне алған» сәтте тіпті түтінінің иісін сағынатыны бар. Бұл – бір ақын емес, бар қазақ баласының жүрегіндегі сөз. Ауылдың сыртына шығып, қыр асса болды қарсы алатын тобылғы сай, сәмбі тал, майқараған, көк жусан, көкорай шалғын ақынды шабыттандырып, ойына өлең жолдарын оралта кетеді: ...Күлім қағып ақ әжем, Күбі ыстаған тобылғы... Бабам өрген қамшының Сабы болған тобылғы... Немесе: ...Алтын шашы жайылып, Күміс суға шайылып, Түнгі аспанда талықсып, Жалаңаш Ай толықсып, Шомылғанын өзенде, Талай көрген сәмбі тал... Немесе: ...Тұрушы ең сары гүл боп көзің күліп, Келгенін көктеменің сезіндіріп. Ыстыққа, суыққа да төтеп берер Бар еді сенде ғажап төзімділік. Сыйладың сол тұлғаңмен ойды маған, Төзімді сенен алмай қайдан алам? Немесе: ...Мұндайда санама ойлар құт оралтып, Жусанның жұпар иісі күтер аңқып. ....Шалғайда жүрсең егер Шалғыныңнан Екен-ау туған жердің түтіні артық. Бауыржанның басқа ақындардан айырмашылығы жанды жаратылыстың сырт келбетін суреттеумен шектелмей, оның қасиетін адамдар өміріне байланыстыра баяндауында. Табиғатты тірілтіп, тілдесе жөнеледі: ...Сурет көріп туған жер келбетінен, Табиғат бесігінде тербетілем. Жел жүгіріп барады су бетімен, Су жүгіріп барады жер бетімен Қалықтайды ақша бұлт көкті қармап, Тұрақ таппай қаңғырып кетті қаңбақ. ...Ақ шуаққа қыраттар жылынады, Жапырақтың жан сырын гүл ұғады. ...Қозғалыс бар үздіксіз, Сондықтан да Тіршіліктің бәрі ояу, тірі бәрі. Бауыржан ақынның үздіге үзілдіріп тізген жыр моншақтары адам баласының туған жеріне, өскен еліне деген іңкәрлік сезімінің суреттері. Оттай ыстық Отаныңды, жалпақ жұртыңды – ұлық ұлтыңды қастерлеудің үлгісі өлеңдерінің шумақтарынан шуақ болып шашылып, жан дүниемізді нұрландырып тұр емес пе?! ...Туған жерім! Қымбат сенің әр кешің, қымбат таңың, Тал бесікке тәнімді құндақтадың, Сен деп соққан жүректе көп сыр жатыр, Тауыса алмай келемін жырлап бәрін, – дегенінде терең сыр бар. ...Жұпар шашып күтіп алып тұрсаң қыр, Жоқ арманым жусан болып тусам бір. Туған жерді таныстырып әлемге Туғызуым керек менің жусан-жыр... Асқақ арманды ақын жусанға айналып кетуге де әзір. Осы орайда «Сарыарқаның самалы» өлеңінен бірер шумақ мысал келтіре кетейін: ...Сарыарқаның саумал самалы-ай! Изеннің басын изелткен, Бетеге басын билеткен, Домбыра-талды қолға алып, Құлағын бұрап күйлеткен ...Сезімнің күйін шалқытқан, Ойымның көлін толқытқан. Кеудемді кеулеп тазартып, Жан-жүрегімді балқытқан. Даламды кезіп көсіліп, Жазықта жүріп есіліп, Өткен күндерден бүгінге Шежіре шерткен шешіліп, Сарыарқаның саумал самалы-ай! Туған жер дегенде делебесі қозып, шабыты шалқып, жүрегінен жақұттай жайнаған жырлары төгіле жөнелетін ақынның монологінен көп сырды көкейімізге түйеміз. Шуағын шашып шыққан күн, арайлап атқан таң, сыңғырлап аққан өзен, мөлдіреп жатқан көл, шыңдары шыршалы таулар, үйір киіктер үйірілген үкілі сайлар, иір жарға иірілген қарлығаштар, бозала таңда боз даланы оятқан бозторғайлар, жағажайдың балауса балқұрағы, бұлқына шапқан тау бұлағы – осының бәрін өзіне меншіктеп алып, үстінен су төгілмес жорғадай жырларын ағытқан ақын: ...Ақын болып туған соң, Жырлау керек бәрін де. Аспан асты, жер үсті – барлығы да менікі, – деп есіле жөнелсе, біз де хош көреміз. Атамекеніңді осылайша от боп өртеніп, жан-тәніңмен беріліп, егіліп сүймесең, ұлтының алдындағы парызыңды өтейтін перзенті атанып, ел-жұртыңа адал қызмет көрсете алмасың аян. Ақынның сөзін ұйып тыңдап, жүзеге асыруға асыққанымыз абзал-ақ, тегі! Қысқасы, Бауыржан ақын туған жер, өскен елінің сұлу табиғатын суреттей отырып та, сол ортаны мекендеген адамдардың дүниетанымын танытуға қатыстыра жырлауға айрықша көңіл бөлетіні. Арда қазақтың атам заманнан бергі арманы өз басының бостандығы, елінің еркіндігі еді ғой. Ұлан даланың бүгінгі ұрпағын тәуелсіздік таңы атып, сол көксеген атамұратына жеткізді. Ендеше ел-жұртының көл-көсір қуанышын азамат ақын қалайша өлең-жырларына арқау етпесін?! Бауыржан ақынның мына бір өлеңі тәуелсіздік тойына шашылған жыр-шашу. ...Мың тоғыз жүз тоқсан бір – Бабама болған арман жыр, Басыма бақыт қонған жыл, Қазақтың көкте жұлдызы Жарқырап тұрып жанған жыл. ...Шаттыққа кеудем толған жыл Өз тізгінін өз елім Қолына берік алған жыл. ...Іргесі бүтін, Тәуелсіз Қазақстан болған жыл!.. Бодандықтың бұғауынан құтылып, бостандықтың көк туы желбіреген еркін еліміздің қуанышын төгілте жырлаған ақынның асыл сөздерін Алаш жұртының Тәуелсіздікке айтқан тәубесі деп қабылдаймыз. Қазіргі кездегі басымыздан өткеріп жатқан қоғамдық-әлеуметтік сілкіністердің самалы мен салқыны азамат ақынды толғантпауы мүлдем мүмкін емес. Уақытпен үндесе, замандастарымен тілдесе отырып, ой толғап, жыр кестелеген ақынның жүрекжарды жырларының оқырмандарын ойлантып-толғантар ақиқаты да, көркемдігі де керемет. Айтқандай, ақын қазақ сөзінің қадір-қасиетін көздің қарашығына балап, өлеңдерінің өріміне қисынын тауып, қиыстыра өрнектеудің шынайы шебері. Мына бір сөз тіркестері мен теңеулер тізбегі осы пікіріміздің дәлелі: «су шашып түннің бетіне, толқындар шолп-шолп малтиды», «есіле аққан тұп-тұнық су мөлдір көз», «шашылған жұлдыздардың арасында, Ай-асық алшы түсіп, туды оңынан», «ақбоз үйдің түрілген түндігінен, жұлдыз күліп қарайды, Ай сығалап», «ағаштар бір-біріне бас изесер, сырласып таудың бипаз самалымен», «Күн-сәбиді өмірге әкелмек боп, көзін ілмей Түн-ана толғатады», «демін ішке тартып дүлей бір боран, бұталардың бұғып жатыр түбінде», «айдың нұрына түн шомылғанда», «қоға мен құрақ қауқылдасады», «кемпірқосақ та керілді, садағындай боп сақтардың», «таң атты жасыл шалғынның, көзінен жасын парлатып», «ағарып уыз таңы атқан жерім, қызарып, қимай күнді батқан жерім»... Тізбелесек таусылар емес. Иә, осылай. Тасбұлақтай тасқынды, арғымақтай арынды, моншақтай мөлдір, көктемдей көгілдір, жақұттай жарқылдаған өлең-жырларды оңашада оқи отырып өзіңнен-өзің ойланасың, толғанасың, елжірейсің, егілесің, бір керемет сезімге кенелесің. Мазмұны мен мақсаты сөзінің астарынан аңғарылатын текті өлеңдердің өзегі де, өрнегі де айрықша айшықты. Жазылуы жаңаша, өзгеше өріске шыққан шуақты да қуатты өлеңдерінің жаратылысы бөлекше. Жалпы, Бауыржан Жақыптың айтулы ақындығына азды-кем тоқталдық. Бұл оның өнерінің бір қыры ғана. Шығармашылық жолын түгел қамтыр болсақ, оның тарихи тақырып пен жаңа заман өмірі қосамжарлана қанат қаққан поэма-дастандары мен балладалары хақында арнайы мақала жазар едік. Сондай-ақ, ғылым жолындағы оқымыстының ерен еңбегін таратып айтуға да болар еді. Оның бәрі келешекке аманат. Мен шамам жеткенше қазіргі қазақ қоғамының тарихи кезеңі тұсындағы азат ел ақынының қалам сілтесі, жыр кестесі қандай деңгейде деген сауалдың жауабын біртуар шайыр Бауыржанның шығармашылық жолына шолу жасау арқылы қайтаруға тырыстым. Оның ақындық алғырлығын, талантының тазалығын, қазақ өлеңінің өрен жүйріктерінің қатарынан берік орын алғандығына көз жеткізу мақсатында біршама дәлел-дәйектер келтіріп, түсіндіріп, тарата талдап шықтым. Кең көсілуге мақала көлемі көтермейтін болған соң қысқа қайыруға мәжбүр болғаным рас. Қысқа сөзімнің түйіні осы. Сөз соңында қазіргі қазақ поэзиясының биік белестерге көтерілуіне үздік үлес қосқан қос қанатты өнерпаз – өлең мен ғылымда өз соны соқпағы бар біртуар ақын Бауыржан Жақыптың жемісті жолы жалғаса бергей деген тілек қосқанымыз жөн болар.  

 Қуанышбай Құрманғали,

 Халықаралық «Алаш» әдеби

сыйлығының лауреаты