Әдебі зор, әсері мол

Әдебі зор, әсері мол

Әдебі зор, әсері мол
ашық дереккөзі
ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың бастамасымен 2012 жылы «100 кітап» жобасы әзірленді. Жоба аясында ҚазҰУ студенттері оқуға  тиіс үздік отандық және әлемдік классиктердің шығармалары таңдалып алынды және тізім жасалды. Мұндағы негізгі мақсат – жастарды кітап оқуға тарту, терең білім алуға құштарлығын арттыру. Жылдың үздік оқырмандарын тауып, оларды марапаттау. Университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов осы жобаға қатысты: «Адам өмір бойы оқуы керек. Бұл – алғашқы бастама. Кітаптардың тізімі әлі де толыға бермек. Біздің мақсат – ҚазҰУ-ға оқуға келген жастың студенттік төрт жылда жүз кітапты оқып шығуы азаматтық борыш екендігін сезіндіру. Өзге жоғары оқу орындарының студенттерінен ерекшеленетін басымдығы да осы болмақ. Осылайша, жастар арасында кітап оқуды сәнге айналдыру қажет. Міне, «ҚазҰУ-дің студенті оқуға тиіс 100 кітап» жобасы осындай мақсатта қолға алынып отыр. Бұл рухани, үлкен жоба. Әр университет өз түлегімен мақтанатындығын ескерсек, дайындаған кадрлар рухани дүниемен сусындап шықса, мықты маман болары сөзсіз», – деп атап айтты. Университеттің «География және табиғатты пайдалану» факультетінде «Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО» кафедрасы жұмыс істеуде. Жаңаша көзқарастар мен жаңаша қажеттіліктер жоғарыда аталған кафедраның осы мәселелерге ғылыми зерттеулер мен ізденіс жұмыстарын жүргізуіне негіз болып отыр. Ол үшін жүйелі білім, терең таным керек. Кафедраның мақсат-мұраттары осы деңгеймен өлшенеді. Жүйелі білім алу, таным-түсінікті тереңдету – көп оқудың, үнемі ізденудің нәтижесі. Алға қойған биік мақсат үдесінен шығып, жастарға терең білім, саналы тәрбие беру жолында кафедраның оқытушы-профессорлық құрамы аянбай еңбек етуде. Жуырда «Қоршаған ортаны қорғау және өмір, тіршілік қауіпсіздігі» мамандығының 1-курс студенттерімен «Көркем әдебиеттің мән-маңызы» тақырыбында пікірталас ұйымдастырылды. Пікірталасқа Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Тұрсынхан Шәлдибекқызы мен Жазушылар одағының мүшесі, танымал сыншы Әмина Құрманғалиқызы шақырылды. Студенттер өздері оқыған Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек», Л.Н. Толстойдың  «Анна Каренина», Әділхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романдары мен Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян», Мұқағали Мақатаевтың  «Аққулар ұйықтағанда»  поэмаларының кейіпкерлері туралы ой өрбітті. Әрқайсысы өз пікірлерін ортаға салды. Қонақтар кезегінде аталмыш шығармалар тарихын, қай кезеңінің оқиғасын қамтитындығын, сол тұста орын алған тарихи шындыққа тоқтай келе әр шығарманың тақырыбы мен идеялық мазмұнына, кейіпкерлеріне талдау жасады. Студенттер қонақтарға ойларында жүрген өздеріне дүдәмал сұрақтарын қойып, жауап алды. Көркем әдебиеттің берері көп екені, ол адамды және өздеріңді қадірлеуді үйрететіндігі, ақыл-ойыңды кеңейтіп, біліміңді тереңдететіндігі, рухани байлығыңды арттыратындығы айтылды. Студенттерге бүгіндері қандай кітап оқу керектігі жөнінде ақыл-кеңес берді. Қысқасы, кездесудің жастарға ой салғаны анық. Студенттер апайлардан бата сұрады. Қонақтар жастар тілегін қанағаттандырды.  

Айгүл Қожахан,

Нұргүл Бергенева,

«Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО»

кафедрасының профессор міндетін атқарушы,

техника ғылымдарының  кандидаты