10 Қаңтар, 13:08 514 0 Ішкі саясат Әсел ӘНУАРБЕК

Сырдың бойы –  алып құрылыс

Алты алашқа ана болған Сыр елінің бүгінгі бет-бейнесі бірден қалыптаса қойған жоқ. Өңірдің өсіп-өркендеуі үшін еселі еңбектер атқарылып, сансыз көп жобалар қолға алынды. Бүгінде Қызылорда облысы – республикадағы жетістігі мол өңірлердің бірі. Өткен жылдың өзінде Қызылорда облысында айтулы нысандар салынып, экономикалық һәм әлеуметтік салада оң өзгерістер байқалды.

Бизнес жүргізуге  қолайлы өңір

2018 жылғы рейтинг қорытындысы бойынша, Қызылорда облысы республика бойынша бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдай жасаған ең үздік өңір деп танылды. Өңірде кәсіпкерлік саланы дамыту мақсатында сансыз жұмыстар атқарылуда. Мәселен, болашақ және өз істерін бастаған кәсіпкерлер үшін барлық қолайлы жағдай жасауға Кәсіпкерлер үйі ашылды. Мұнда облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасы, «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы, «Жобаларға сараптама жүргізу орталығы» ЖШС, Өңірлік кәсіпкерлер палатасы, екінші деңгейлі бірқатар банк филиалдары және өзге де мекемелер орналастырылған. Сондай-ақ, аймақтың кәсіпкерлері үшін электрондық қызмет түрлерін тегін алуға болатын онлайн-кабинет жұмыс істейді. Шағын және орта бизнесті қаржыландыруға республикалық және облыстық бюджеттен, банктер мен қорлардан 32 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Оның ішінде стартап-жобаларға 3 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған.

Айта кетейік, 2018 жылдың 1 қарашасында өңірде 51 956 шағын және орта бизнес субьектісі тіркелген болса, оның 42 066-сы жұмыс істеп тұр. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 12,7 пайызды құрады. Бұл – республикадағы ең үздік көрсеткіш. Сонымен қатар, жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің үлесі тіркелгендер санының 80,9 пайызын құрады.

Облыс орталығы – Қызылорда қаласында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында кәсіп ашып, жеке іс бастап жатқан жандар жетерлік. Кәсіп иелері мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауды оңтайлы пайдаланып қалуда. Аталған бағдарлама алғаш іске қосылған жылы көбіне наубайхана мен мал шаруашылығы саласы бойынша сүт және ет бағыты бойынша кәсіп ашқандар көп болатын. Жыл өткен сайын бұл кәсіптермен қатар тігін цехы, қонақүй бизнесін дамытушылар көбейіп келеді.

Ағымдағы жылы кәсіпкерлікті дамыту мақсатында қолға алынған жобалардың нәтижесінде, қалаға қарасты елді мекендерде 1 тігін цехы, 2 наубайхана, 1 қонақүй, 1 автокөліктерге техникалық қызмет көрсету орталығы жұмысын жүргізіп келеді. Мал басын көбейту мен сүт, ет бағытын дамытуда 522 мүйізді ірі қара, 202 жылқы алынған. «Береке», «Ырыс» несие беру бағдарламалары аясында 5 кооперативтің 138 мүшесі тарапынан 2814 мүйізді ірі қара сатып алынды. Сонымен қатар, қала маңындағы елді мекен тұрғындарына сапалы жолаушылар тасымалын ұйымдастыру мақсатында 5 кәсіпкер орта сыйымдылықтағы қоғамдық көлік сатып алып, 11 кәсіпкер өз кәсіптерін дамыту мүмкіндігіне ие болды.

Сондай-ақ, «Бастау» жобасы аясында өңірде 355 азамат кәсібін бастады. Өткен жылы Қызылорда облысында 1600 азамат аталмыш жоба аясында оқып шықты. Олардың ішінде жобасын сәтті қорғап шыққан 1309 азамат оқуды бітіргендігі туралы сертификатқа ие болса, қалған 291 азаматқа қатысқандығы туралы сертификат берілді. Жоспар бойынша оқытылған азаматтардың ішінде кемінде 20 пайызы немесе 320 азаматтың жобасы қаржыландырылуы қажет болатын. Алайда бұл жоспар артығымен орындалып, жыл соңына дейін облыстағы 355 жұмыссыз азамат кәсіпкер атанды. Олардың жобасын қаржыландыруға әртүрлі көздерден 697,5 млн теңге тартылды. Атап айтқанда, жалпы құны 674,4 млн теңгені құрайтын 280 жоба қаржы институттары арқылы несиелендірілсе, қалған 75 жобаның иесі 23,1 млн теңгені инновациялық жобаларға арналған грантты жеңіп алды. Ал 2018 жылы қаржыландырылып үлгермеген жобаларға осы жылы да қолдау көрсетіледі. Айта кету керек, 2017 жылы «Бастау» жобасы пилоттық режимде облыстың Арал, Қазалы, Қармақшы, Шиелі, Жаңақорған аудандарында ұйымдастырылған болатын. Ол кезде оқытылған 937 азаматтың 357-сі бүгінде кәсібін сәтті жүзеге асыруда.

Баспанамен қамту –  басты назарда

Халықты баспанамен қамту – маңызды міндеттердің бірі. Бұл міндетті орындау мақсатында елімізде қолға алынған жобалар жетерлік. Ал Қызылорда облысында баспана мәселесін шешудің оңтайлы жолдары қарастырылып, түрлі байыпты бағдарламалар қолға алынып, жүзеге асуда. Мәселен, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында облыста арнайы «Орда» тұрғын үй құрылысының «Жол картасы» әзірленіп, облыстық бюджеттен жыл сайын қажетті қаржы бөлу туралы шешім қабылданды. Оны іске асыруға 3,5 млрд теңге қарастырылды. Жол картасы бойынша қатысушыларға тұрғын үйлер кейіннен сатып алу құқығымен жалға беріледі. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» алғашқы жарнасын бірден жинап беруге мүмкіндігі келе қоймайтын тұрғындар, жаңа үйге қоныстанып алғаннан кейінгі кезеңде банк шартын орындай беруге мүмкіндік алады. Оны жүзеге асыруға жыл сайын қайтарымды негізде өткізілмеген несиелік тұрғын үйлерді сатып алуға немесе тұрғын үй салуға 9 жыл мерзімге облыстық бюджеттен 2 млрд теңгеден кем емес қаржы қарастырылатын болады және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» механизмін қолдану арқылы іске асыру жоспарлануда.

Жаңа жыл қарсаңында Қызылордада 60 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл пәтерлерге бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, кезекте тұрғандар мен көпбалалы отбасылар ие болды. Жалпы, 2018 жылы қаржыландырудың барлық көздері есебінен облыс орталығында 402 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді. Бүгінгі күні қалада 2052 пәтерге арналған 46 көпқабатты үй, оның ішінде 1272 пәтерге арналған 31 үй – жеке инвесторлар есебінен салынуда. Соңғы 6 жылда Қызылорда облысында 14 жаңа шағын аудан, оның ішінде Сырдария өзенінің сол жағалауындағы жаңа қалада бірінші шағын аудан нысандары бой көтерді.  Тек осы жылдың өзінде өңірде 1222 пәтерге арналған 56 көпқабатты үй, яғни 600 мың шаршы метрден астам тұрғын үй (2013 жылы – 270 мың шаршы метр) салынды. Ал «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда Қызылорда облысы республика бойынша алғашқы үштікке енген. Мәселен, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қабылданған «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 2018 жылдың қараша айында өңірдегі Сырдария ауданында көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 42 отбасыға жаңа пәтердің кілті берілді.

Соңғы жылдары облыс орталығы – Қызылорда қаласында жаңадан бірнеше шағын аудандар бой көтеріп, 7 мыңнан астам қызылордалық баспаналы болды. Былтыр да осы бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізілді.

Өткен жылы атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі 16 млрд 751,4 млн теңгеге жетті десек, облыста атқарылған құрылыс жұмыстарының 42,9 пайызы қаланың үлесінде. Дарияның сол жағалауындағы жаңа қалада республикалық, облыстық бюджеттерден 220 пәтерлік 4 көпқабатты арендалық тұрғын үй мен 240 пәтерлік 4 көпқабатты кредиттік тұрғын үй құрылыстары басталған болатын. Бұл – аймақтағы құрылыс жұмыстарының ең ауқымдысы.

 Өнеркәсіп өңірді өркендетуде

Сыр өңірі бүгінде байыпты бастамалар, жарқын жобалар, байсалды бағдарламалар орталығына айналды. Соңғы бес жылда облыста 50-ден астам өнеркәсіп нысаны іске қосылса, оның 16-сы ірі және орта кәсіпорын екен. Нәтижесінде өңдеуші секторда осы кезең ішінде өндірілген өнім көлемі 65 пайызға артып, шикізаттық емес сектордың экспорт көлемі тек соңғы жылдың өзінде 60 пайызға өскен. Мәселен, «жасыл» экономиканы дамыту тұжырымдамасы аясында аймақта қалдықтарды жинау, сұрыптау және қайта өңдеу бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде қуаты 60 мың болатын қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау бойынша кешен құрылысы жоспарлануда. Бүгінгі күні облыстың елді мекендерінде өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтарды жинау үшін полигондар салуға 145 жер учаскесі бөлінді. Қазалы және Қармақшы аудандарында 2013-2015 жылдары полигондар салынды, ал Арал және Сырдария аудандарында полигон құрылысының жобалары дайындалды. Қазір қалған аудандарда жұмыс жүргізілуде.

Сондай-ақ, заңға сәйкес, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап отқа қауіпті қалдықтарды, пластмасса мен полиэтилен қалдықтарын, құрамында сынап бар шамдар мен басқа да заттарды, түсті және қара металдардың әйнегі мен сынықтарын өзге де тұрмыстық қалдықтармен бірге көмуге тыйым салынады. Осыған байланысты жыл соңына дейін қауіпті қалдықтарды бөлек жинау және кәдеге жарату үшін сұрыптау кешенінің құрылысы жоспарланған. Қызылордада қалдықтарды жинауға арналған қазіргі полигон 20 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді. Ағымдағы жылы сұрыптау кешенінің құрылысын бастау жоспарланып отыр. Кешен құрылысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жоспарлануда. Қазір аталған жобаны іске асыруға байқау жарияланды.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының қатысуымен өткен «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы. Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық телекөпір барысында қуаттылығы жылына 1 млн тонна болатын цемент зауытын іске қосу және «Қараөзек» станциясынан «Сарыарқа» магистральды газ құбырының құрылысы бастау алған болатын. Бұл зауыт жылына 1 млн тонна цемент өндіреді. Нысанда 260 жаңа жұмыс орны ашылды. Жергілікті тұрғындарды жұмысқа орналастыру мақсатында Қытай еліндегі зауытта 48 адам арнайы оқудан өтті. Сондай-ақ, қытайлық инвесторлар Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінің базасында жергілікті жастар арасынан 80 маман даярлауда. Айта кетейік, аталмыш жоба өндірістік қуаттарды тасымалдау бойынша 51 бірлескен Қазақстан-Қытай жобасының тізіміне кіреді.

 

Соңғы жаңалықтар