Виза электронды болады

Виза электронды болады

Виза электронды болады
ашық дереккөзі
Қазақстан Республикасында 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап шетелдіктерге бір мәртелі визаны электрондық форматта алу рәсімі енгізілді. Қазақ­­стан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, электрондық виза (іскерлік, туристік және емделу үшін) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің көші-қон қызметі бөлімшелерінде белгіленген тәртіппен рәсімделген қазақстандық тараптың шақыруы негізінде беріледі. Шетелдіктер жарамды электрондық визамен тек Астана және Алматы қалаларындағы халықаралық әуежайлардың бақылау пункттері арқылы Қазақстан Республикасының аумағына кіріп-шығады. Туристік электрондық визалар 117 елдің, іскерлік және емделу үшін – 23 елдің азаматтарына беріледі. Электрондық виза тек визаны алушы үшін ғана жарамды және онымен бірге жүрген тұлғаларға қолданылмайды. Төленген консулдық алымдар қайтарылмайды. Виза алушының ұсынған паспорты келесі өлшемдерге сай келуі тиіс: 1) түпнұсқалығына және иесінікі екендігіне күмән келтірмеуге, ұзартулар, белгілер, ескертпелер, жазбалар, өшірулер мен түзетулер, жыртылған немесе тігілген беттері болмауы тиіс;  2) кемінде 2 таза бет болуы тиіс; 3) қолданылу мерзімі сұратылған визаның қолданылу мерзімінің аяқталу күнінен бастап 3 айдан бұрын аяқталмауы тиіс. Қабылдаушы тұлғалар келіп-кетушілер туралы көші-қон қызметі органдарына олар келген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабарлайды (аталған қызмет онлайн режимде Визалық және көші-қон порталында қолжетімді). Электрондық визаны рәсімдеу алгоритмі – электрондық визаны алу үшін Визалық және көші-қон порталында тіркелу (www.vmp.kz); – тіркелуден кейін электрондық визаны алу талаптарымен танысу; – шақыру нөмірін енгізу (Қазақстан Республикасындағы шақырушы тараппен жіберіледі) және визалық сауалнаманы толтыру; – консулдық алымды төлеу; – электрондық визаны басып шығару (виза жеке кабинетте қалыптасады және сауалнаманы толтырған кезде берілген электрондық поштаға жіберіледі); – Астана және Алматы қалаларындағы халықаралық әуежайларында паспорттық бақылаудан өту кезінде басып шығарған электрондық визаны ұсыну қажет.