Соликамск шахтасында өртенген кеншілер

Соликамск шахтасында өртенген кеншілер

Соликамск шахтасында өртенген кеншілер
ашық дереккөзі
Кез келген жұмыс, тіпті, кеңсе жұмысы да адам денсаулығына белгілі бір дәрежеде зиянды әсер етеді. Компьютер көзді ауыртып, түзу отырмау омыртқаның қисайып кетуіне әкелуі мүмкін. Ал өндіріс, не кәсіпорында жұмыс істеу физикалық тұрғыда адам ағзасына ауырлық тигізеді. Өз денсаулығын шетке ысырып, өмірін тәуекелге тіге отырып жұмыс істейтіндер де бар арамызда. Бірі жер бетіндегі – өрт сөндірушілер болса, келесілері қат-қабат жердің астында жүретін – кеншілер. Оған қоса қайғылы жағдайлардың жиі орын алатынын айтсақ, кеншілер өмірінің қауіп-қатерден тұратыны бірден айқындалады. Соңғы дәлел – Ресейдің Пермь өлкесіндегі Соликамск шахтасының өртеніп, 9 шахтердың 362 метр тереңдікте мерт болуы. 22 желтоқсан күні «Уралкалий» компаниясының Соликамск шахтасында өрт шықты. Кеніште барлығы 17 адам жұмыс істеп жатқан. Олардың сегізі жер бетіне аман шығып, қалғаны тілсіз жаудың құшағынан құтыла алмады. Өрт шыққан кезде шахтада бетондау жұмысы жүріп жатқан, ал оны мердігер ұйым атқарған. Оқиға орнына Ресей ТЖҚ күш-құралдары тегіс жұмылдырылды. Пермь апаттық медицина аумақтық орталығының дәрігерлері мен Пермь өлкелік құтқару қызметінің санавиация бөлімшесі, жедел жәрдем бригадалары да апат болған жерде кезекшілік құрды. Аяқ асты қаулаған отты ауыздықтауға жоғары температура мен қою түтін кедергі болған. Өрт бір тәуліктен аса бой берген жоқ. Құтқару жұмыстары барысында: «Бірінші деңгейде құтқарушылар – екі адамның, екінші және үшінші деңгейде тағы алты адамның денелерін тапты», – деп мәлім етті Перьм өлкесі үкіметінің баспасөз қызметі. Қаза тапқандардың денесін құтқарушылар 23 желтоқсан күні жер бетіне шығарған. Қайтыс болған 9 кеншінің де артында бала-шағасы қалды. «Кеншілердің отбасына, қай аймақтан келіп жұмыс істегендеріне қарамастан, әрқайсысына миллион рубльден беріледі», – деді Пермь облысының губернаторы Максим Решетников. Бұл қаражат облыстық бюджеттен бөлінеді. Сондай-ақ, кеншілер жұмыс істеген құрылыс басқармасы әр отбасыға 2 миллион рубльден, ал «Уралкалия» компаниясы 3 миллион рубльден береміз деп уәде еткен. Ресей Тергеу комитеті қылмыстық кодекстің «Тау-кен, құрылыс және өзге жұмыстарды атқару кезінде екі және одан көп адамның өліміне апарып соққан қауіпсіздік ережелерін бұзу» бабында қарастырылған қылмыс белгілері бойынша қылмыстық іс қозғады. Құқық органдары мердігер ұйымның төрт қызметкерін ұстаған. Сондай-ақ, Пермь облысының губернаторы 24 желтоқсанды қаралы күн деп жариялады. Бұл күні қалада мемлекеттік мекемелердегі тулар төмен түсіріліп, мәдени және ойын-сауық шараларына тыйым салынды. Бір өкініштісі Ресейде шахталардағы апат саны соңғы жылдарда екі-үш есеге дейін өсіп кеткен. Жер астынан әр 19 миллион қара отын шығарған сайын 3-4 кенші мерт болады. Кеншілер өлімі жоғары деңгейдегі елдер қатарында Қытай, Украина, Оңтүстік Африка (әлем бойынша ең терең жер асты кеніштері осы елде орналасқан), Австралия және АҚШ тіркелген. Ресей өз мемлекетінде орын алған жағдайды жөндеу мақсатында, 2016-2020 жылдары шахталардың қауіпсіздігін арттыру үшін 23,1 миллиард рубль бөлген. Десе де, күні кеше Соликамск кенішінде болған оқиға ақшаның орынды жұмсалмағанын, я дұрыс бақыланбағандығын көрсетті. Қазірде жер-жерде шахталарда орын алған апатты оқиғалар саны азаяр емес. Кеншілер ереуілдерін де жиі естіп жүрміз соңғы уақытта. Осы тұста Қазақстандағы кеншілер жағдайы қандай деген сұрақ туады. 2017 жылы Шығыс Қазақстан облысында орналасқан шахталардың өзінде ғана 219 кенші жарақат алып, оның 19-ы қаза тапқан. Бұған себеп қауіпсіздік техникасына назар аудармау. Осының кесірінен кеншілер өлімі елімізде әдеттегідей жағдайға айналып барады. Айта кету керек, кездейсоқ жазатайым оқиғалар орын алып жүрген кен орындарының иелері миллиардерлер тізіміндегі азаматтар. Тау-кен өндірісі дамыған Шығыс Қазақстан облысының прокурорлары 19 мың адамды жұмыспен қамтып отырған «Қазцинк» ЖШС және «Востокцветмет» ЖШС сияқты екі үлкен тау-кен кәсіпорындарын тексеріп, 1,5 мың жұмыс тәртібінің бұзылғандығын анықтады. Оның ішінде, еңбек жағдайларының сәйкессіздігі, өнеркәсіптік қауіпсіздік стандарттарын елемеу, жарақаттарды жасыру және өндірісті жаңғырту жетіспеушілігі сияқты жұмыс тәртібін сақтамау деректері дәлелденген. Адам өмірі – ең қымбат құндылық. Мемлекеттің де басты құндылығы адам және оның өмірі деп Конституцияда бекітілген. Ал адамның өміріне бей-жай қарап жүрген тау-кен өндірісінің басшылары Конституцияға да пысқырмай жүрген көрінеді. Көрші елде орын алған апатты жағдай кез келген уақытта, кез келген жерде қайталануы мүмкін. Оған біздің кен орындары сақадай сай ма?