550 жылдықтың логотипі дауға айналды
550 жылдықтың логотипі дауға айналды
Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Қазақстан халқы рухани даму қоры» акционерлік қоғамы өткен жылдың қараша айында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған логотип жасауға ашық байқау жариялаған болатын. Жақында аталған байқаудың жеңімпазы да белгілі болды. Ол – ҚР Ұлттық музейі директорының бірінші орынбасары Алмаз Нұразхан. Үздік деп танылған логотиптің авторына 365 мың теңгелік жүлде қоры да уәде етілген еді. Байқауға қатысқан 14 логотиптің арасынан жеңіске жеткен Алмаз Нұразханның эскизі үздік деп танылғанымен, логотипке қатысты дау бірден туындап кетті. Қазір суретші Алмаз Нұразханның еңбегі әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, үздік деп танылған логотиптен бас тарту қажеттігі айтылуда. Логотиптің Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері Ту мен Елтаңбаның қосынды көшірмесі екенін айтып қоғам белсенділері дабыл қаққанымен, әзірге бұған мойын бұрар адам табылмай тұр. Ғаламтор беттерінде қызу талқыланып жатқандықтан, біз де Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған логотип туралы іздестіре бастадық. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған логотипке қатысты дау блогер Бақытжан Бұқарбаевтың жазбасынан басталды. Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған байқауға қатысқан блогер өзінің блогында: «Конкурстың ережесіне сәйкес, үміткерлерге еңбекті жасап шығу үшін тура бір апта берді. Сол бастан-ақ күдік туып, жеңімпаз анықталып қойған шығар деп ойладым, ал конкурс болса «жалған» және көзбояушылық үшін ұйымдастырылған, десе де мен сынға түсіп көрсем деп ойладым. Конкурсқа ұйымдастырушылар барынша аз адамның қатысқанын қалағандай болып көрінді», – деп жазған. Сондай-ақ, Бақытжан Бұқарбаев жеңімпаз атанған Алмаз Нұразханның Қазақстан халқының рухани даму қорында қызмет ететінін де атап көрсеткен. Ал қазылардың құрамында аталған қордың қызметкерлерінің де болғаны белгілі екендігін айтады. Өз кезегінде жеңіп шыққан логотип авторы Алмаз Нұразхан мырза: «Мен логотиптердің 30 нұсқасын жібердім. Қазылар алқасы таңдады және менің бұған ешқандай қатысым жоқ, оларға не істеу керектігін айтуға құқығым жоқ. Олар оны үздік деп тапты. Өз басым логотипті жақсы деп санаймын, неге олай болмасқа? Адамдар талқылап жатыр, сынап жатыр, бізде бәрі суретші және дизайнер ғой. Мен дауласуды және біреуге дәлелдеуге тырысуды дұрыс деп таппадым», – деген жауап қайтарыпты. Әуелде байқау туралы хабарланғанда, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойының логотипінде хандықтың құрылған уақытымен үндес келетін элементтер мен нышандар көрініс табуы, Қазақ хандығының құрылу тарихы мен Қазақстан Республикасы арасындағы рухани байланыс қамтылуы тиіс делінген. Сонымен қатар, логотиптің түсі Мемлекеттік Тудың түсіне және Байрақтағы көрсетілген нышандарға ұқсас болуы қажет деген талап қойылған. Яғни, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған логотипте бейбітшілікті сипаттайтын көгілдір аспан түсіне және мәңгіліктің символы күннің түсіне басымдық берілуі керектігі ескертілген болатын. Қазақстан суретшілер қауымдастығы басқармасының төрағасы Хасен Абаев мырза Алмаз Нұразханның еңбегі жөнінде баспасөз беттерінде былай депті: «Қазақ хандығы мерейтойының логотипін анықтау жөніндегі арнайы комиссияның мүшесі ретінде конкурсқа түскен жұмыстардың барлығын көріп шықтым. Ішінен ең тәуірі Алмаз Нұразханның жұмысы деп есептедім. Қалған жұмыстардың көркемдік деңгейі жоғары деуге келмейді. Мысалы, кейбірінің 550 деген сандары мен жазулары тым үлкен болды. Ал Алмаз Нұразханның логотипі Қазақстанның туына ұқсас, шаңырақ бейнеленген. Шаңырақ қашанда бірліктің, ынтымақтың, берекенің белгісі болған емес пе?! Конкурс әділ және ашық өтті. Оның жұмысы көпшілік дауыспен жеңгеніне куә болдым». Әзірге қазылар алқасының көңілінен шыққан логотип қалың көпшіліктің қолдауына ие бола алмай тұр. Бұл логотиптің халықтан оң баға алуы да қиын-ау. Осы орайда біз аталған даулы логотипке қатысты кәсіби мамандардың пікірін білген едік. Бейсен Серікбай, дизайнер, ҚазҰУ журналистика факультетінің баспа ісі және БАҚ дизайны кафедрасының оқытушысы: – Еліміз тойлағалы отырған Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған логотип өте сауатсыз жасалған. Әрі бұл таңба 99 пайыз көшірме. Әсіресе, бұл Мемлекеттік рәміздеріміз Ту мен Елтаңбаға нұқсан келтіретін таңба. Себебі, Тудағы күн мен қыранды, Елтаңбадағы шаңырақты алып дайын таңба жасап шығарған. Елтаңбадағы шаңырақты алып, күннің ортасына қоя салған. Тіпті, ортадағы шаңырақтың күлдіреуіші крест болып көрініп тұр. Мұндай жұмысты ұрлық демеске амал жоқ. Бұл таңба біздің мемлекеттігімізге нұқсан келтіреді. Сондықтан, мұндай таңбаны пайдаланудан бас тарту керек. Мен бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне хат та жолдадым. Екіншіден, «Қазақ хандығына 550 жыл» деген жазуда «550 жыл» деген мүлдем көрінбейді. Кез келген мерейтойда даталардың жазуы алыстан көрініп тұруы керек. Сол себепті «550» деген сан көзге бірден түсуі тиіс. Мұндай таңба жасауда «Қазақ хандығына 550 жыл» деп созудың қажеті жоқ. Тек «Қазақ хандығы 550 жыл» деп қана жазса жеткілікті. Мұндай таңба бізге әлем алдында абырой әкелмейді. Ұятқа қаламыз. Логотип авторының кәсіби маман екеніне де күмәнім бар. Ол қалай логотипті менің жұмысым деп жариялайды. Егер барлығын көшіріп алған болса. Логотиптегі әрбір таңбаның авторы бар. Тудың авторы – Шәкен Ниязбеков, Елтаңба авторы – Шота Уәлиханов.