РЕНТГЕН АППАРАТТАРЫ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

РЕНТГЕН АППАРАТТАРЫ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

РЕНТГЕН АППАРАТТАРЫ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?
ашық дереккөзі
3801
Қазіргі уақытта емдеу-сауықтыру мекемелерінде әр алуан диагностикалық аппаратуралармен қатар заманауи рентгенқондырғылар кеңінен қолданылады. Себебі диагностиканың сәулелік әдісі бүгінгі таңда адамның ішкі ағзасының патологиясын табудың кең тараған түрі. Әдетте, рентгенқондырғы дегенде жұртшылық «кеудені айнаға түсіреді» деп айтып жүрген флюорографиялық аппарат еске түседі. Алайда «рентгенқондырғы» деген ұғым өте ауқымды. Себебі аурухана, емханаларда диагностикалық мақсатта қолданылатын компьютерлі томограф, рентгенограф, рентгеноскоп және маммограф сияқты аппараттардың бәрі рентгенқондырғыға жатады. Бұл аппараттардың бәрінде рентген сәулесін алуға қажетті рентген түтікше (трубка) бар. Рентгентүтікше дегеніміз – ішінде катод пен анод электродтары бар вакуумды шыны баллон. Рентген сәулесі ультракүлгін сәулелену (излучение) мен гамма-сәулелену аралығындағы электромагниттік толқынның ағыны болып есептеледі. Біз өмір сүретін ортада радиацияның табиғи көздерінен (күн және ғарыштық сәулелену радиациялары, тау жыныстары, құрылыс материалдары, ауа, топырақ, су және т.б.) қалыптасатын табиғи радиациялық фонның да бар екенін айта кеткен жөн. Ғылыми әдебиетке сүйенер болсақ, күнделікті өмірдегі радиобелсенді сәулеленудің шамамен 37%-ы ауа мен құрылыс материалдарындағы радиобелсенді газдан, 19%-ы топырақтың радиобелсенділігін, 14%-ы ғарыш сәулеленуінен, 17%-ы денедегі және тағамдағы радиобелсенді қосындылардан және 13%-ы медициналық процедура кезінде алатын сәулеленуден тұрады. Дегенмен емдеу-сауықтыру мекемелерінде диагностикалық мақсатта қолданылатын рентгенаппараттардың маңызы өте зор. Атап айтқанда, осы аппараттардың көмегімен көптеген қатерлі және жұқпалы аурулар дер кезінде анықталып, диагноз қойылып, тұрғанда қажетті ем-шараларды жүзеге асыруға қол жеткізеді. Басқаны айтпағанның өзінде, туберкулез сияқты жұқпалы аурудың алдын алуда рентгенді диагностикалық флюорографиялық қондырғының алатын орны ерекше. Дей тұрғанмен, пациент пен рентгенкабинетте еңбек ететін қызметкерлерге диагностикалық мақсаттағы және ем-дом шараларын жүзеге асыратын рентген қондырғылардың зиянды әсерін азайту мақсатында келесі сақтық шаралары сақталуы қажет. 1. Экрандаумен қорғау.  Рентген қондырғылар пайдаланылатын бөлменің қабырғалары, төбесі және есіктері қорғасын, бетон немесе барибетон сияқты рентген сәуелесін сіңіретін қасиеттері бар материалдардан жасалуы қажет. Рентген түтікше пациент пен персоналды қорғау үшін арнайы қаптаманың ішіне салынып, дозаның деңгейі арнайы диафрагмамен реттеліп тұрады. Рентгенкабинеттердің бәрі рентген сәулесінен қорғауға қажетті қорғасыннан жасалған қорғаныш алжапқыш, жамылғы және қорғаныш жағалармен қамтамасыз етіледі. 2. Уақытпен қорғау.  Рентгенсәуленің жүктемесін азайту мақсатында флюорография немесе рентгеноскопия процедурасы қысқа мерзім ішінде жасалуы қажет. Қарапайым тілмен айтқанда адам ағзасын қысқа уақыт ішінде суретке түсіру керек. Уақытпен қорғау – пациент пен қызметкерлерге әсер ететін рентгенсәулесі мөлшерін азайтудың ең маңызды түрі болып саналады. 3. Қашықтықпен қорғау. Сәулелену дозасын азайту мақсатында рентген түтікшенің фокустық қашықтығын белгіленген нормативтерге сәйкестігін сақтау. Яғни фокустық қашықтық неғұрлым алшақ болса, сәулелену дозасы да соғұрлым аз болады. «Заттың бәрі – у, заттың бәрі – дәрі. Тек доза ғана затты не у, не дәрі қылады» деп XVI ғасырдың басында өмір сүрген швейцариялық атақты дәрігер-химик Парацельс айтқандай, егер қорғанбаса рентгенқондырғылардан тарайтын сәуледен де адам денсаулығына зиян келеді. Ал сақтық шаралары қатаң және тұрақты түрде сақталатын болса, онда атаған аппараттардан қорқуға ешқандай негіз жоқ.  

Ихсан КӨБЕЕВ,

Алматы қалалық қоғамдық денсаулық

сақтау департаментінің өнеркәсіптік

нысандарды қадағалау бөлімінің басшысы

Серіктес жаңалықтары