Тағдыр сыны

Тағдыр сыны

Тағдыр сыны
ашық дереккөзі
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары ел басшылығы қызметтерінде жүріп, ерен еңбегімен көзге түскен жандар аз болған жоқ. Солардың бірі әрі бірегейі қоғам және мемлекет қайраткері Кеңес Мұстаханұлы Аухадиев. Тоталитарлық заманда тағдырдың талай сынынан өтіп, қиын кезеңдерде ар мен намысын сақтай білген жан. 1972 жылдың сәуірінде СОКП Орталық Комитетінің «Партиялық құжатты айырбастау туралы» қаулысы шықты. Республика басшылары Алматы қаласының Совет ауданында партиялық есепте тұратын. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың атына Мәскеуден арнайы жіберілген №11 партбилетті тапсыру құрметіне осы аудандық комитеттің бірінші хатшысы Кеңес Аухадиев ие болды. «Қонаевты бұрын жиналыстарда алыстан көруші едім. Сол жолы бір қадам алдында тұрып, ашаң өңіне көз тоқтаттым. Толқи сөйлеп, жаңа партбилетін тапсырдым. Алғаш рет қолын алып құттықтадым», – дейді ол кейін өткенді еске алып. Аухадиевтің қиын да қызықты партиялық қызметі тосыннан басталды. Бақ жанса, бәрі де тез емес пе?! Еңбектегі жемісті жылдары оның тасын өрге домалатты. Алматы қалалық Атқару комитетінің төрағасы, астаналық облыс партия комитетінің бірінші хатшысы дәрежесіне дейін көтерілді. Алайда алда тағдыр соқпақтарының қилы бұралаң кезеңдері күтіп тұр еді. 1985 жылы СОКП Орталық Комитетінің сәуір пленумы болды. Пленумда Орталық Комитеттің Бас хатшысына Михаил Сергеевич Горбачев сайланды. Ертеңіне оны құттықтауға Д.Қонаев, Б.Әшімов, Н.Назарбаев, В.Демиденко, К.Аухадиев, Е.Әуелбеков, О.Қуанышев Кремльге барды. Горбачев оларды жарқын жүзбен қарсы алып, бәрімен құшақ жая амандасқан. Димекең пленумға қатысқан республика басшылары атынан құттықтады. Сол жылдары басшылық аппараттарда мынандай бір жай қалыптасқан еді. Егер облыстарда бірінші басшы қазақ болса, екіншісі міндетті түрде орыс ұлтынан тағайындалады. Немесе керісінше. Алматы облысының екінші хатшысы Вениамин Иванович Машкунов тумысынан осы жерлік. Сондықтан болар жергілікті ұлт өкілдеріне іш тартып тұрады. ̶ Кеңес Мустаханович, бүгін Москвадан телефон соқты, – деді ол бір жолы. ̶ Нендей мәселемен? – Партия мүшелігіне қабылданғанда ұлттардың проценттік үлесіне қарамай белден басқандарың қалай деп жатыр. Бұрын Мәскеуден мұндай сұрақ түспейтін. Орталық Комитетке Егор Кузьмич Лигачев келгелі процент қуу деген пәле шықты. Мұның артында не жатыр? Шовинистік саясат. Аз ұлттың өкілдерін билікке жібермеу. Бір ғана ұлттың мүддесін қорғау. Сондай қитұрқылық шығар, болмаса Мәскеудегілер Машкуновқа астыртын телефон шалар ма еді. Және бұл бір емес, бірнеше рет қайталанған. Демек, оны өзімсініп, сыр тартқаны кәміл. Аухадиев оған қадала қарап: – Вениамин Иванович, облыс аудандарында жергілікті ұлт өкілдерінің көп тұратынын жақсы білесіз. Сол тұрғыда түсіндіріп көрмедіңіз бе? – деді қоңырқай салмақты үнмен. – Өзім де солай жауап бердім. – Маликунов ағынан жарылды. Сол жылы Қонаев шілде айының орта тұсында Аухадиевті қабылдауына шақыртқан. Әдетте жымия қарсы алып, жайдары сөйлейтін. Бұл жолы ондай жылылық танытпады. Ауыр ойдың үстінде отырғаны салыңқы қабағынан байқалған. Сәлемін салқын алды. – Кеңес, Лигачевтың алдында үстіңнен жазылған біраз домалақ арыздар жатыр екен, – деп жүзіне барлай көз тастап, сәл кідіріңкіреп қалды. – Әкесі өлгенді де естіртеді, шырағым. Маған: «Мәселені өздеріңіз қарап, қызметінен босатыңыз» – деп, жөнсіз, қатты талап қойып отыр. Байқаймын, сөз тыңдар түрі жоқ, қадалған жерінен қан алатын сұры бар. Аухадиев содан бір ай бұрын Мәскеудегі үлкен жиынға қатысқан еді. Сонда СОКП Орталық Комитеті ұйымдастыру бөлімінің орынбасары Могильниченко мен Орта Азия және Қазақстан бойынша бөлім бастығы Мищенко өзін оңашалап, майдан қыл суырғандай сыр тарта сөйлескені бар. «Сендер жассыңдар. Дәл қазір қызметте өсетін кездерің. Бірақ бір орнында тапжылмай ұзақ отырып қалған шалдар оңайлықпен жолын бере қоймайды. Ол үшін қарекет жасағандарың жөн. Біздің осы сөзімізді мақұл көрсең Лигачевпен кездестірейік», – деген. Осылай жылы-жылы сөйлеп, үлкен мансаппен жыланша арбап, емексітіп жатқанда Аухадиевтің есіне Горбачевтың: «Қонаевты сақтаңыздар! Ол – біздің партияның алтын қоры», – дегені оралды. Екеуіне алма кезек көз жүгірткені болмаса, ләм деп тіс жарған жоқ. «Сендердің арандатқандарыңа алданып, ардан таяр жайым жоқ». Оның ішкі ойы осы болды. 1985 жылы 23 қыркүйекте Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюро мәжілісі болып, Кеңес Аухадиевтің жеке мәселесі қаралды. Оған бюро мүшелері Д.Қонаев, Б.Әшімов, Е.Башмаков, В.Гребенюк, К.Қозыбаев, З.Камалиденов, О.Мирошхин, Н.Назарбаев, А.Рыбников, Қ.Тұрысов және бөлім меңгерушілері қатысты. Мәжілісті Д.Қонаев жүргізіп, СОКП Орталық Комитеті тексеру комиссиясы тарапынан Аухадиевтің үстінен түскен арыздар негізінде жазылған анықтамамен таныстырды. Онда облыстағы әлеуметтік–экономикалық жағдайдың төмендеп кеткенін, кадрлар жиі ауыстырылатынын, оларды таңдауда және орналастыруда көп кемшіліктерге жол берілгенін, партия мүшелігіне қабылдауда ұлттық құрамның проценттік талаптары сақталмағаны айтылған. Жоғарының пәрменіне қарсы тұрғаннан еш нәтиже шықпайтынын сезген бюро мүшелерінің бірі де бас көтеріп, сөйлеген жоқ. Орталық Комитет қаулы алды. №120 хаттама №9. Аухадиев орнынан тұрып: – Димаш Ахметович, Алматы облысының экономикалық көрсеткіштері басқа Оңтүстік облыстардан артық болмаса, кем емес. Мен соншалық орынсыз кінәлайтындай не жаздым? Димекең салқын үнмен: – Мәскеудің шешімі осыған әкеп тұр ғой, – деді. Ертеңіне облыстық партия комитетінің пленумы өтер алдында таңертең Орталық Комитеттің екінші хатшысы О.Мирошхин пәтеріне телефон шалып: – Кеңес Мустаханович, пленумға қатыспай-ақ қойғаныңыз жөн шығар, – деді. – Неге қатыспауым керек? – Сізге ауыр соға ма дегенім ғой. – Үнінен жанашырлық сезіліп тұрды. – Халықтың алдында да, партияның алдында да менің арым таза. Пленумда оғаш мінез көрсетеді деп қамықпай-ақ қойыңыздар, – деді бұл. Алматы облыстық партия комитетінің VIII пленумына Қазақстан компартиясы Орталық Комитетінен Д.Қонаев пен О.Мирошхин қатысты. Күн тәртібіне тек ұйымдастыру мәселесі ғана қойылды. Қонаев сөз сөйледі. Сөз арасында ол: «...1981–1985 жылдар аралығында қалалық және аудандық партия комитеттерінің 70 пайыз хатшылары, совхоз директорлары мен колхоз төрағаларының 59 пайызы ауыстырылған» деп, соған байланысты Орталық Комитет Аухадиевті обкомның бірінші хатшысы және бюро мүшелігінен босатып, шаруашылық жұмысқа ауыстыруды жөн көргенін жеткізді. Осы мәселе бойынша ұсыныс жасады. Пленумның қабылдаған қаулысымен К.М. Аухадиев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы және бюро мүшелігінен босатылып, орнына Марат Самиевич Меңдібаев сайланды. Аухадиев мінберге көтеріліп, өзінің басшылығы кезінде облыста орын алған бірқатыр кемшіліктерді мойындап, Дінмұхамед Қонаевқа облыс экономикасы мен әлеуметтік жағдайын көтеруде әрдайым қолдау көрсетіп отырғаны үшін алғыс айтып, обком аппаратында өзімен бірге қызметтес болған жандарға шын көңілден ризашылығын білдіріп, табыстар тіледі. Сол кезде мұндай кемшіліктерді республикадағы кез келген облыс басшыларына таңуға болатын еді. Негізгі мәселе онда емес. Мәскеудің айтқанына көніп, айдауына жүрмеген Аухадиевтің тап өзінде болғаны айдан да анық. Қалада өсек өрттей лаулап жатты. Кеңес Аухадиев: – Мені қорғап қалмады деп Димекеңе қалай ренжиін. Әкесі соғыста өлген, шешесі теміржолда қара жұмысшы болған, жетімдіктен жетілген бала емес пе едім?! Бағым жанып, билікке қолым жетті. Мені кейде інісіндей, кейде баласындай көрді. Ұстаздық етіп, елді қалай басқаруды, адамдармен қызмет бабында қалай араласудың жөн-жобасын көрсетті. Күнара өзі телефон шалып: «Облыс пен Алматы қаласында нан жеткілікті ме? Сүт пен құс өнімдері ше?» – деп сұрап, жағдайды қадағалап отырды. Малшыларға баса көңіл бөлетін. Ең бастысы, өз ұлтымды жан-тәніммен сүюіме үлгі болды. Соның бәрін ұмытып, өкпе артсам менің кім болғаным? – дейді. Көп ұзамай олар Мәскеуде кездесті. Әйелі Кербез екеуі Борвиха саяжайында демалып жатқан. Қонаевтың Орталық Комитеттегі мәжіліске келгенін естіп, Қазақстан өкілеттігінің қонақжайына барды. Қонаев: – Кеңес, демалыс қалай өтіп жатыр? – деп сұраған. – Демалған жақсы ғой, Димеке. Тек көңілдің орта болып жүргені, – деді бұл. – Оны айтпасаң да түсінемін, шырағым, – деп ілкі сәт үнсіз қалды. – Саған қабілетіңе сай үлкен қызметті қимай отырған жайым жоқ. Мына Лигачев: «Мамандығы бойынша инженер етіп жібер», – деп тақақтап қояр емес. – Сонда мені қандай қызметке жібермек ойыңыз бар? – Әзірге «Главриссовхозстрой» бастығының орынбасары қызметіне барасың. Аухадиев «Главриссовхозстройдың» бастығы Виктор Александрович Гончаровты жақсы білетін. «Ақдала» күріш алқабын ретке келтіргенде, Үлкен Алматы каналын салғанда талай рет қайнаған шаруа басында бірге болғаны бар. Іштей «Сөзіне ісі сай жан екен» деп ой түйген. – Мақұл, Димеке, жіберген жағыңызға барамын, – деді бұл. Ол жаңа қызметке қараша айының басында кірісті. Бұрын мықты кейбіреулер қапелімде үлкен қызметтен алынғанда бәрінен де баз кешіп, морт сынған ағаштай болатын-ды. Сондай кінәмшіл жандардың орынсыз өкпелеп, ішкілікке салынып кеткендерін де жұрт көрген. Ал Аухадиев ар-абыройын ойлады. Досқа күлкі, дұшпанға таба болмауға тырысты. Құздан құладым демей қарапайым өмірге тез бейімделді. Әу баста мансапқорлықты мансұқ етпеген жандар ғана осылай істейді. «Главриссовхозстрой» партия ұйымының хатшысы Серафим Зиновьевич Сюндюковпен сөйлескенімде: – Әуелгіде Аухадиевке аса сақтықпен қарадық. Үлкен қызметтен келген адам біздің шағын ұжымды менсіне ме деген ойда жүргеніміз рас. Сөйтсек қателесіппіз. Сабырлы, салмақты, мәдениетті жан екен. Білім-біліктілігінің арқасында өз міндетін тез игеріп алды. Көптен шешілмей жатқан түйінді мәселелерімізді аз уақыттың ішінде жолға қойып, ұйымдастырушылық қабілетімен тәнті етті. Көкейімізден «Мұндай іскер жанды облыс басшылығынан неге алған?» деген сауал кетпей-ақ қойды, – деген еді. Мәскеудің демеуімен облысқа бірінші басшы болған Марат Меңдібаев бір жылдың ішінде «қонаевшина», «асқаровшина», «аухадиевшина» деп, 750 білікті кадрларды қызметтен босатып, облыстағы ауыл шаруашылығы мен өндіріс орындарының жағдайларын мүлдем төмендетіп жіберді. Ал бұған Мәскеу көз жұмып қарады. Баласағұн бабамыз айтқан екен. «Өмір теңіз, өтіп кетем демеңіз, Ізгіліктен жаралмаса кемеңіз». Кеңес Аухадиев тағдыр сынынан өтті. Мансапқа алданып, арын сатқан жоқ. Қай кезде де, қандай жағдайда да Қонаевты әкесіндей сыйлап, құрмет көрсетумен болды. Тағдырдың тауқыметі басына түскенде сәмбі талдай иілді, бірақ қарағайдай морт сынған жоқ. Биліктен кеттім деп әлдекімдердей рухани күйзеліске бой ұрмай қарапайым инженер кезінде де адами қасиетін, ізгілік жолын жалғастырумен болды.