Алматыда кортеж ұйымдастырған түлектердің ата-аналарына айыппұл салынды

/
Алматыда кортеж ұйымдастырған түлектердің ата-аналарына айыппұл салынды
Скриншот

Алматыда полиция қызметкерлері соңғы қоңырау мерекесіне арналған салтанатты іс-шара қарсаңында автокортежбен жүрген 21 жасөспірімнің ата-аналарына айыппұл салды, деп хабарлайды turkystan.kz.

ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұған дейін мұндай шараларды өткізуге тыйым салынғаны жөнінде тұрғындарға бірнеше мәрте түсіндіру жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан, бір топ мектеп түлегі қала көшелерімен автокөліктер колоннасын ұйымдастырып, жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарын өрескел бұзған.

Қабылданған шаралар нәтижесінде кәмелетке толмаған 21 жасөспірімнің ата-анасы балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар полиция қызметкерлері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу деректері бойынша 5 әкімшілік хаттама толтырды. Автокөліктер арнайы айыппұл тұрағына қойылды.

«Алматы полициясы автокортеж ұйымдастыруға, әсіресе оған кәмелетке толмағандардың қатысуына жол берілмейтіні туралы алдын ала ескерткен еді. Соған қарамастан кейбір азамат заң талаптарын елемеді. Осындай әрбір дерек бойынша полиция әрекет ететінін атап өткім келеді. Мерекелік көңіл-күй қоғамдық тәртіпті бұзуға және өзгенің қауіпсіздігіне қатер төндіруге себеп болмауға тиіс», - деді Алматы қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаев.

Полиция өкілдері соңғы қоңырау күні және одан кейінгі кезеңде қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы ережелерінің сақталуына бақылау күшейтілетінін еске салды. Әсіресе түлектердің қатысуымен болатын құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше назар аударылмақ.

Алматы полициясы ата-аналар мен мектеп түлектерін мерекеге жауапкершілікпен қарап, заң талаптарын сақтауға және өз өмірі мен айналасындағылардың қауіпсіздігіне бейжай қарамауға шақырады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары