569
Шыршада шамдар жанғанда...
Шыршада шамдар жанғанда...
«Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының жетекшілері жаңа жыл қарсаңында Көшім арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына арнайы барып, демеушілердің қолдауымен дайындалған сыйлықтарды балаларға табыс етті.
Көшім арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы өткен ғасырдың орта тұсынан жұмыс істеп келеді. Мекемеде ерекше күтімдегі балалар тәрбиеленіп, ем-дом шаралары жасалады. Осы жұмыстар үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Бұл арнаулы мекемеде 59 бала ем-дом қабылдап, тәрбиеленуде. Оның 29-ы қозғала алмайтын балалар болса, қалғаны жүріп-тұра алатындар. Мекемедегі тәрбиеленушілерге 184 дәрігер мен оқытушы және әлеуметтік қызметкерлер жұмыс істейді. Арнаулы орталықта қосымша үйірмелер мен спорттық залдар қажетті жабдықтармен толық қамтылған.
Орталық тәрбиеленушілерінің бірі – алтыншы сынып оқушысы Данияр Меңдіғазиев. Ол ән айтуды ұнатады. Түрлі байқауларға қатысып, жүлделі оралып жүр. «Маған ән айтқан ұнайды. Ән айтып жүргеніме алты жыл болды. Астана қаласында, өзіміздің Орал қаласындағы сахналарда ән айттым. Мектеп бітіргеннен кейін оқуымды жалғастырып, әнші болғым келеді», – дейді өте зерек бала Данияр.
Орталық балаларды емдеп-тәрбиелеуге барлық жағдай туғызған. Осы мекемеге «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы жетекшілері арнайы барып, мерекемен құттықтады. Орталықтың жай- күйімен танысып, сыйлықтар табыс етті. «Қазіргі таңда 20 партиялық жоба іске асырылуда, соның бірі «Кедергісіз келешек» жобасы. Осы жоба аясында біз мүмкіндігі шектеулі жандарға, соның ішінде балаларға көмек көрсетіп тұрамыз. Бүгін осы мереке қарсаңында арнайы мекемеге балаларға бір ерекше көңіл-күй сыйлау үшін келіп отырмыз», – деді «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы саяси жұмыс бөлімінің жетекшісі Мирас Тұяқбаев.