Жас кәсіпкерлердің жиыны

Жас кәсіпкерлердің жиыны

Жас кәсіпкерлердің жиыны
ашық дереккөзі
«Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалы «Shymkent» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп «Бизнес-Жастар» кездесуін өткізді. Жастармен кездесуге «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалының кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелері, «Shymkent» ӘКК» АҚ өкілдері, мемлекеттік мекеме басшылары, танымал кәсіпкерлер қатысты. «Shymkent» ӘКК» АҚ  басқарма басшысы, қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары  Рашид Аюпов «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалында кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі Қоғамдық кеңес құрылғаны туралы айтып өтті. «Кеңес бизнестің бәсекеге қабілеттілігін көтеру жөнінде тұжырымдамалық ұсыныстарды әзірлеу үшін сұхбаттасу алаңы болуды көздейді. Мақсатымыз – креативті индустрия мен креативті  ойлауды дамыту, экономика саласындағы ең өзекті дүниелерді  қозғау, Шымкент қаласы жастарының кәсіпкерліктерін қолдау», – деді Рашид Аюпов. Кездесу барысында «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов, қалалық отбасы және жастар ісі жөніндегі басқарма басшысы Жандос Қалтаев жастарды кәсіпкерлікке баулудың маңыздылығы туралы сөз сөйледі. Танымал жас кәсіпкерлер Аят Азимов, Александр Цой, Наталья Диголян, Азиз Есжанов,  Батыр Көпжасаров  жаңадан бастаған кәсіпкерлерді әрі қарай дамыту және қолдау көрсету туралы өз идеяларымен және жоспарларымен бөлісті. Жиында «Coffee Like» компаниясының құрылтайшысы, жас кәсіпкер Аят Азимов өз табысының сырымен бөлісті.  «Біздің компания кофе сатумен  айналысады. Екі жыл бұрын мен тәуекелге бел байлап, банктен кредит алып,  Шымкентте бірінші кофехана аштым. Аз ғана уақыттың ішінде еліміз  бойынша кофеханалар желісін құрдық. Қазіргі таңда 6 меншікті және 11  франчайзингті кофе-барлар жұмыс істейді. Сыртқы нарыққа шығу жоспарымызда бар», – деді кәсіпкер. Кәсіпкерлер  өз тәжірибесімен бөлісіп, студенттердің сұрақтарына жауап берді.   Жиын соңында жастарды кәсіпкерлікке баулу мақсатында мотивациялық кітаптар таратылды.