Барлық жақсылық – балаларға

Барлық жақсылық – балаларға

Барлық жақсылық – балаларға
ашық дереккөзі
Ақтөбе қаласында «Партияның 20 қайырымды ісі» акциясы жүзеге асуда. Бұл іс-шара «Нұр Отанның» 20 жылдық мерейтойына орай қолға алынған. Акция шеңберінде партиялықтар аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мен отбасы үлгісіндегі балалар үйінің тәрбиеленушілерін жаңа жыл мерекесімен құттықтап, сый-сияпат жасауда. «Нұр Отан» партиясының Ақтөбе қалалық филиалы мен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бастауыш партия ұйымының төрағасы Абай Сақтағанов көпбалалы Садуовтар отбасына барды. Бұл отбасы 5 бала тәрбиелеп отыр. 16 жасар Самұрат сал ауруымен ауырады, қызы Алтынайдың жүйкесі зақымданған. Балаларын арнайы мектепте оқыту үшін Әйтеке би ауданынан көшіп келген отбасы пәтер жалдап тұрады. Сондай-ақ, жүрегі сыр берген отағасы жұмыс істей алмайды. Ол ІІ топ мүгедегі. Сондықтан да отбасының бар қажеттілігі Салтанаттың мойнында. «Отбасымда үш бірдей мүмкіндігі шектеулі жан бар. Мүмкіндігімше олардың жағдайын жасауға тырысамын. Қиналғанда «Нұр Отан» партиясының Ақтөбе қалалық филиалынан көмек сұрадым. Алдымен депутаттар қаржылай көмек көрсетті. Партиялықтар азық-түлікпен қамтамасыз етті. Бүгін, міне, жаңа жыл мерекесімен құттықтап, мерекелік көңіл-күй сыйлады», – деді көпбалалы ана. Ал Мәртөк ауданындағы партиялықтар отбасы үлгісіндегі балалар үйінің тәрбиеленушілерін мерекемен құттықтап барды. Балалардың қызығушылығына орай оларға спорттық құралдар сыйлады. Ал партияның белсенді мүшесі Айбар Уақбаев оқу құралдарын алып берді. Тәрбиеші Гүлнұр Бекжанованың айтуынша, мұнда қазір 11-17 жас аралығында 9 бала тәрбиеленуде. Олардың барлығы да спортқа жақын. Мәселен, Давид Саранцов дене шынықтыру пәні мұғалімі болғысы келеді. Ал Свачко Вячеслав футбол десе ішкен асын жерге қояды. «Былтыр партиялықтар балаларды «Керуен-Сити» сауда ойын-сауық орталығына алып барып, киноға кіргізді. Содан соң балалар ат спорты мектебінде болды. Партияның Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары бізге бір жылда екі рет келді. Партияның аудандық филиалы өкілдері де жиі бас сұғып тұрады. Көрсеткен көмектері мен қамқорлықтарына ризашылығымыз шексіз», – деді Гүлнұр Бекжанова.