Архив адалдыққа қызмет етеді

Архив адалдыққа қызмет етеді

Архив адалдыққа қызмет етеді
ашық дереккөзі
Еліміз тәуелсіздік алған соң жас мемлекетті басқару жүйесін жетілдіру үшін барлық салаға қатысты халықаралық нормаға негізделген заңдарды бекіту қолға алынды. Бұл – Елбасы бастаған тәуелсіз мемлекетіміздің заң шығарушы органдарының Қазақстанды әлемнің дамыған елдері дәрежесіне жеткізу жолындағы игі қадамы еді. Соның арасында Қазақстанның экономикалық және мәдени дамуына ерекше серпін беретін заңның бірі – 1998 жылы 2 шiлдеде (N 267) қабылданған Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңы болатын. Ол басқа салалармен қатар архив саласына да қатысты. Архив саласына қатысты заңдық нормаларға келсек, Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 22 желтоқсандағы №326-I «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Заңына байланысты еліміздегі барлық мекемелер мен ұйымдардың дәрежелік ретіне сай құжаттарының реттілігін, сақталуы мен жинақталуын, олардың жариялануын қадағалау – саланың негізгі міндеттеріне жатады. Ал ол міндетке Ұлттық архив қорындағы құжаттарды мемлекеттің, халықтың игілігіне пайдалану, құрамын қазақ халқының тарихына қатысты тың деректермен толықтыру, халықтың сұрауларын қанағаттандыруда архивтік құжаттарға негізделген анықтамалар беру және т.б. міндеттерін жүзеге асыру шарасы жатады. Ол дегеніміз – архив қызметкерлері Қазақстанның жеке және заңды тұлғаларының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыру және қорғау мақсатында  2007 жылдың 12 қаңтардағы N 221-III Қазақстан Республикасының «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» бекітілген Заңға сүйене отырып, жеке және заңды тұлғалардың әлеуметтік-құқылық өтініштерін қарауға, оларға архивтік құжаттар негізінде жауап беруге міндетті деген сөз. Заңның 8-бабында көрсетілген өтініштерді қарау мерзімдері өтініш берушілерге қажетті мәліметтерді архивтерде сақталған қорлардың құрамы мен санына, яғни іздеу жүргізілетін архив қорлары құжаттарының сандық көрсеткішіне, хронологиялық шегіне байланысты. Атап айтсақ, егер өтініште немесе сұрау хаттардың мазмұнында көрсетілген қажетті ақпараттар бойынша іздеу жұмысын жүргізу үшін архивист маман қанша қордың қаралуы тиіс екендігін болжай отыра, 10-15 күн мерзімде жауап дайындайды, кей жағдайда сұрау хат иесіне қосымша хабарлама жолданып, қарау мерзімі ұзартылады. Егер сұрау хатта көрсетілген ақпараттар хаттың келіп түскен архивінде болмаған жағдайда, орындаушы қосымша іздеу жұмыстарын жүргізіп, үш күн ішінде келген хаттағы ақпарат бойынша өзге архивтерге, мекемелер мен ұйымдарға сұраным жолдайды. Заңның 17-бабында «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеліп соқтыратындығы» айтылған. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңында сыбайлас жемқорлықпен күресудегі жауаптылықты арттыру жолында халықтың мемлекет пен оның құрылымдарына деген сенiмін нығайтуға, бiлiктi мамандарды мемлекеттiк қызметке кiруге ынталандыруға, мемлекеттік қызметтi жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғаларға кәсiпкерлiк қызметтi қоса атқаруға жол берілмейтіндігі атап көрсетілген. Сол секілді мекемелер мен ұйымдарда құқыққа қайшы тапқан қаражаты мен өзге мүлiктi заңдастыруға жол бермеу мақсатында Қазақ-стан Республикасының заңында белгiленген тәртiппен қаражатқа қатысы бар жеке және заңды тұлғаларға арнайы қаржылық бақылау шаралары қолданылады. Осыған байланысты жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік кіріс органына Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлердегі табыстары мен мүлкі туралы мәлімет беруі, мүлiктiң орналасқан жерiн көрсете отырып, декларация мен мәліметтерді ұсынуы қажеттігі, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті лауазымды және өзге де адамдарға және оларға теңестірілген адамдарға педагогтік, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтен басқа, ақы төленетін өзге қызметпен айналысуға тыйым салынады. Мемлекеттiк мiндеттердi атқаруға уәкiлеттiк берiлген лауазымды және өзге де адамдар мен соларға теңестiрiлген адамдардың өздерiнiң жақын туыстары немесе ерi (зайыбы) атқаратын қызметтерге тiкелей бағынысты лауазымдарды, заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, атқаруына болмайды. Мемлекеттiк мiндеттерiн атқару кезiнде алынған ақпаратты, егер ол ресми жариялауға жатпайтын болса, жеке немесе топтық мүдделерге пайдалануға болмайды. Заңдарда көзделген ақпаратты жеке және заңды тұлғаларға беруден негiзсiз бас тартуға, оны кешiктiруге, бұрыс немесе толық емес ақпарат беруге, жеке немесе заңды тұлғалардың табыс етуiне, сол сияқты заңдарда көзделмеген ақпаратты бұл тұлғалардан талап ету заңсыз деп саналады. Жоғары тұрған ресми адамдардың лауазымдық өкілеттіктерін пайдалана отырып мүліктік пайда, игіліктер не артықшылықтар алу үшін аталған адамдарға сыйлықтар тарту және қызметтен тыс қызмет көрсету; құмар ойындар ойнауға қатысу әрекеттерi сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылықтар болып табылады. Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларының есебiнен мемлекетішiлiк және шетелдiк туристiк, емдеу-сауықтыру және өзге де сапарларға шақыруды қабылдау да сыбайлас жемқорлыққа жататын әрекет. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен кү­ре­судегі жауаптылықты арттыру үшін заң­да көрсетілген шектеулерді архив саласы қызметкерлері де жадында ұстауы тиіс деп санаймыз.  

Марзия ЖЫЛЫСБАЕВА,

Қазақстан Республикасы

Орталық мемлекеттік архиві

директорының орынбасары