«ЫРЫС» — ЫРЫСҚА ҰЙЫТҚЫ

«ЫРЫС» — ЫРЫСҚА ҰЙЫТҚЫ

«ЫРЫС» — ЫРЫСҚА ҰЙЫТҚЫ
ашық дереккөзі
560
Түркістан облысында жергілікті әкімдік пен қаржы ұйымдары тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсетілуде. Осы мемлекеттік қолдаулар нәтижесінде өңірде кәсіп бастап, жұмыс орындарын ашқан азаматтар көбейіп келеді. Шағын және орта бизнесті дамыту бағытында құрылған «Ырыс» микроқаржы ұйымы жыл басынан бері 4 387,7 млн теңгені құрайтын 1 228 жобаны қаржыландырды. Жүзеге асқан жобалар бойынша 1 мың 300-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. Қаржыландырылған жобалардың 31,9 пайызы, яғни 371 жоба мал шаруашылығын дамытуға бағытталған. Ал көктемгі егістік жұмыстары бойынша 766 жоба, жылыжай шаруашылығы бойынша 15 жобаға қолдау көрсетіліп отыр. Өндіріс, құс шаруашылығы, қызмет көрсету және өзге де салаларға қаржылай қолдау жасалды. Түркістан қаласының тұрғыны Тұрғанбай Ахметов «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 10 млн теңге жеңілдетілген несие алып, «Датқа» деп аталатын жеке кәсіпорын ашқан. Қазіргі таңда кәсіпкер тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеп, полиэтилен және пластик құбырға қажетті шикізат өндіруде. Осы кәсібі арқылы 11 адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкер енді картон қағаздарын өңдеуді қолға алмақшы. Жандар Исламбек есімді кәсіпкер «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша 2 млн теңге несие алып, автокөлік май сүзгілерінің 286 түрін өндіруде. 8 адам жұмыс істейтін орталықта айына 20 мың дана сүзгі шығарылады. Өнім Түркістан облысы мен Шымкент қаласында сатылады. «Ырыс» микроқаржы ұйымы ашылған сәттен бастап 17 мың 367 жобаны қолдап, 16 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылуына ықпал етті.

Серіктес жаңалықтары