289
Алматыда жылу мен ыстық суға тарифтер өзгерді
Алматыда жылу мен ыстық суға тарифтер өзгерді
Алматылықтар 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ыстық суға сараланған тарифпен төлейтін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Алматы жылу желілері» ЖШС жылу мен ыстық суға қатысты тарифтерді ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу мен бәсекелестікті қорғау комитеті Алматы қалалық департаментінің 2018 жылдың 29 қаңтарындағы №255-ОД бұйрығына сәйкес өзгертіп отыр.
Мәселен, жылу есептеу құралдары бар көппәтерлі үйлердің тұрғындары үшін тариф әр айға әртүрлі болады. Қазан айына - 38,51, қарашаға - 191,82 тг/м2 тариф орнатылды. Максималды төлем қаңтарда 281,10 тг/м2 болады.
«Адамдар сараланған тарифті, әсіресе қаңтардағы төлем наурыз бен қазан айларына қарағанда көбірек болғанын көргенде, оны қымбаттады деп ойлайды. Бірақ баға көтерілмейді. Сараланған тариф жылудың пайдаланылуына байланысты әр айда әртүрлі болады. Ең суық кезде судың қызуы 90-95 градусқа көтеріледі. Сәйкесінше, қаңтардағы жылу қымбат болады. Есептеу құралы, сондай-ақ үйге қанша жылу кіргенін есептейді. Есептеу құралы жоқ тұрғындармен салыстырғанда бұл арзанырақ. Тұрақты шама да жыл мезгіліне байланысты өзгеріп отырады. Бірақ, қазаннан сәуір айына дейінгі барлық төлемдерді қосып, айлардың санына бөлетін болсақ, өзгеріссіз қалып отырған және белгіленген тарифке сәйкес келетін орташа шама шығады», - деді «Алматы жылу желілері» ЖШС ресми өкілі Ян Гирин.
Айта кету керек, бұған дейін жылу есептеу құралы жоқ алматылықтар - айына 8139,04 тг/Гкал, құралы бар үй тұрғындары 5967,11 тг/Гкал тарифпен төлеп келген. Бұл тариф 2019 жылдың қаңтарына дейін сақталады.
Жалпы үйде есептеу құралы, әр пәтерде су есептеу құралы орнатылған алматылықтар судың 1 текше метрі үшін қазіргі 477 теңгенің орнына 466,38 теңге төлейтін болады. «Жылу энергиясының құны 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап төмендетіледі. Кәсіпорын есебінен резервтер табылды. Жылу энергиясын беру құны арзандады. Қазір ол - ҚҚС-ты қосқанда 2087,41 теңге/Гкал. Ал 1 қаңтардан бастап ҚҚС-ты қоса есептегенде 2074,8 теңге/Гкал болады. Жылу көздері - өз тарифтері белгіленген ЖЭО, қазандықтар. Олардан жылуды Алматы жылу желілері сатып алады. Ал олардан біз сатып алып, жылу жеткізу тарифін қосып, ең соңғы тұтынушы - заңды және жеке тұлғаларға жеткіземіз. 2019 жылдың қаңтарынан бастап соңғы тұтынушыға арналған жалпы тариф жылудың насосты станциялар арқылы құбырмен жеткізілуі есебінен төмендетіліп отыр. Ал министр өз сөзінде айтып өткен жылу көздерінің тарифін төмендету мәселесі қосымша шешілетін болады. Оны біз шешпейміз, мүмкін, ЖЭО-2 үшін көмірді жеткізу құны, ЖЭО-1 мен қазандықтарға газды жеткізу бағасы есебінен жасалатын шығар»,- деді Ян Гирин.