Амангелді Кеңшілікұлы: Жолдау қоғамдық санаға үлкен қозғау салды

Амангелді Кеңшілікұлы: Жолдау қоғамдық санаға үлкен қозғау салды

Амангелді Кеңшілікұлы: Жолдау қоғамдық санаға үлкен қозғау салды
ашық дереккөзі
– Амангелді Кеңшілікұлы, Елбасы Жолдауда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын айрықша атап өтті. Осы жайында кеңірек айтып берсеңіз? – Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауының қоғамдық санаға үлкен қозғау салғаны мәлім. Әсіресе, халқымыздың рухани тыныс-тіршілігіне ерекше мән берілген стратегиялық маңызы зор саяси құжатты зиялы қауым өкілдері қуана қабылдады. Өйткені елдің әлеуметтік жағдайы, экономикасы мен мәдениетін одан ары жақсартудың нақты жолдары көрсетілген Жолдауда Елбасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жаппай қолдауға ие болғанын тілге тиек ете келіп, бұл бастаманы әрі қарай жалғастырып, оның аясын жаңа мазмұнмен және бағыттармен толықтыру қажет екеніне ерекше тоқталды. – Таяуда ғана жарияланған Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы осы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының лайықты жалғасы екені белгілі. Осы ретте аталған мақаланың ұлт тарихын тануға тигізер септігі қандай деген сұрақ туындайды. Сіздің пікіріңіз қандай? – Шын мәнінде, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының жарық көруі ел өміріндегі елеулі оқиғаға айналды. Содан бері өткен бір жарым жылда рухани салаға қатысты талай істер атқарылып, тарихымыз, салт-дәстүріміз, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің бойына қан жүгіргенін аңғару қиын емес. Енді міне, Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» деп аталатын жаңа дүниесі жарық көріп отыр. Бұл мақаланы рухани жаңғыруға қатысты ой-толғаулардың заңды жалғасы ретінде қабылдадым. Президенттің кезекті стратегиялық бастамалары ұлттық әдебиетіміздің де өрісін ұлғайтып, бұрынғыдан да биік белестерді бағындыруына зор ықпалын тигізеді деп ойлаймын. Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы» екенін тілге тиек еткен Елбасы бірнеше жобаларды қолға алу қажет екенін қадап айтыпты. Әрине, Президент ұсынған жобалардың қай-қайсысы да маңызды. Алайда солардың ішінен «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» деп аталатын жоба өзіме ерекше ұнады. Құзырлы мекемелер пәрмен беріп, жоба өз деңгейінде жүзеге асса, байтақ даламыздың даңқын шығарған тұлғаларымыздың рухын тірілтіп, төрткүл дүниеге танытудың зор мүмкіндігі бар. Мақалада өте жақсы сараланғандай, мұндағы көздеген басты мақсат басқа халықтарды төмендетіп, ұлылығымызды дәріптеу емес, нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз орнымызды байыппен пайымдау. Елбасы айтқандай, Ұлы дала әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және тағы да басқа көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді. Өкінішке қарай, бүгінгі ұрпақ сол ұлы бабаларымыздың өмір жолын да, жасаған ерлігі мен артына қалдырған асыл мұрасының қадір-қасиетін де таразылай алмай жатады. Оған басты кедергі – кешегі заманнан санамызда ұялап қалған құлдық сана. Біздің әлі күнге дейін жүріп өткен жолымызға байланысты өз көзқарасымыз жоқ. Мына жобаның сол сеңнің бұзылуына септігін тигізеріне сенімім мол. – Ұлттың руханиятын жаңа биікке бастайтын мақаланың қазақ әдебиетіне де ерекше әсер етері сөзсіз. Бұл жайында не дейсіз? – Әдебиет туралы әңгіме қозғалғанда, жастарымыз көбінесе, құдды бізде сөз өнері болмағандай, Батысқа ғана еліктеп, соларға тамсанып, аузын ашып, көзін жұмады. Керісінше, түркі әлемінің адамзаттық өркениеттің өрлеуіне зор шарапатын тигізген, талай ұлы ғұламалар мен шайырларды өмірге әкелгенін біле қоймайды. Неге? Дерек аз, мәлімет тапшы. Бірді-екілі қаламгер болмаса, ұлы Әуезовтен кейін түркі топырағында туып, әлемді тамсандырған ұлы қаламгерлеріміздің асыл мұрасын тыңғылықты зерттеу ісі дұрыс жолға қойылмаған. Содан барып Данте, Шекспир, Байрон, Гете мен Пушкиндерді жатқа соғатын бүгінгі ұрпақтың Шығыстың ұлы шайырлары Санаи, Аттар, Шәмсаддин, Руми, Низами мен Физулидің әдеби мұраларын білмейтініне таңғалуға бола ма? Сондықтан Елбасының жаңа мақаласы осы олқылықтардың орнын толтырып, әдебиетіміздің аясын кеңейтеді деп сенемін.  

Әңгімелескен Еламан МАҚСОТҰЛЫ