Көпен Әмірбек: Қалағаның комедиясымен сахнаға шықтым

Көпен Әмірбек: Қалағаның комедиясымен сахнаға шықтым

Көпен Әмірбек: Қалағаның комедиясымен сахнаға шықтым
ашық дереккөзі
– Қалтай ағаның аты-жөнін мектепте оқып жүргенде М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин сияқты классиктерден кейін ести бастадық. 1967 жылы Отырардың орталығы Шәуілдірдегі онжылдық мектепті бітірген соң, оқуға түсе алмай ауылға келіп, халық театрында жұмыс істедім. Сонда Қалағаның «Қуырдақ дайын» деген екі сағаттық комедиясын дайындалып жатыр екен. Сонда басты рөлді – Ережеп деген жағымсыз кейіпкерді сомдадым. Қалағаның шығармасы арқылы ел алдына шығып, көрерменнің алдында өзіңді қалай ұстау керектігін үйрендім. Басты рөлдегі Ережеп сахнаға шыққан сайын әндетіп шығады. Ол: «Жаратқан жақсылыққа бастап жүрме, Түсімде қызыл түлкі сойып жүрмін» дейді әндетіп. Бір жыл бойы осы комедияда ойнап, төселдім. Келесі жылы нәсіп бұйырып, ҚазГУ-дің журналистика факультетіне оқуға түстім. 3-курс оқып жүргенде Жазушылар одағынан келген бір топ ақын-жазушылармен кездесу өтті. Солардың ішінде Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Тұманбай Молдағалиев, Қалтай Мұхамеджанов, Қадыр Мырзалиев бар екен. Кешті ұстазымыз Сұлтанғали Садырбаев жүргізді. Студент жастарға лүпілдеген өлеңдерін оқытты. Ол кешке әшейін бара салған едім. Әзіл-сықақты енді ғана жазып жүрген кезім. Оқи салайын десем, өлеңім жоқ. Соған да қарамастан, орнымнан тұрып: «Қалтай аға, сіздің «Қуырдақ дайын» атты комедияңыздан үзінді оқып берсем бола ма?», – деп едім, ол кісі мұрнын бір сипап қойып, «Оқы!» деді. Бір жыл бойы жатқа айтқан комедиядан үзінді оқығанда жұрт қыран-топан күлкіге кенелді. «Өзіңнің жазғандарың бар ма?», – деп сұрады Қалағаң. Жаңадан жазған екі-үш әзіл-сықағымды оқып едім, «Айналайын, «Қазақ әдебиеті» газетіне осы өлеңдеріңді алып кел», – деді. Не тұрыс, апарып бердім. Бір аптадан кейін Қалағаның батасымен «Қазақ әдебиеті» бетіне жарқ ете қалды. Қалағаны алғаш көруім және бірден жетегіне еруім осылай басталған еді. Ол кезде «Қазақ әдебиеті» газетінде апта сайын «Бүйенбайдың пұшпағы» деген қосымша шығып тұрды. Қалтай ағаның күтпеген жерден айтатын сөздері бар. Қазақ қыздарының алғаш жасырынып, темекі тартып жүрген кезі. Сонда Қалағам: «Темекі шегетін қызды сүйгенше, «пепельница» жалаған артық» деп жазды. Осы бірауыз сөз мені тұтатып, отымды жақты. Сөйтіп, «Қарагөз – паравоз» деген өлең жаздым. Қалағаң мұны да шығарды. Содан әрі ол маған – ұстаз, мен оған – шәкірт болдым. 1988 жылы ұлттың ұстазы, қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков Орталық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болып келді. 5 мамыр – Баспасөз күнінде журналистермен кездесу өткізді. Сонда мүйізі қарағайдай газет-журналдардың бас редакторлары ол кісіге қолдау көрсетуден ары аса алмады. Қалтай Мұхамеджановтың «Ара-Шмель» журналына бас редактор болғанына көп уақыт өтпеген. Бір кезде Қалағаң орнынан тұрып: «Құрметті Өзбекәлі! Сізге журналистердің жағдайын айтайын. Журналист жақсы жазу үшін оған баспана, жағдай керек. «Ара-Шмель» қызметкерлерінің де халі мүшкіл. Мысалы, «Арада» істеген Қажытай Ілиясұлы үйім жоқ дегенде Сталин марқұм тірі екен. Осы журналистердің жағдайын әрі сізге құтты болсын айтайын деп кабинетіңізге бардым. Барғанда құр қол барған жоқпын. Біздің «Арада» істейтін сатириктердің көз жасын жинап едім, екі бөтелке болды. Сол екі бөтелкені апарып, көрсетейін деп едім. Жоқ екенсіз. Сосын кабинетіңіздің алдына төгіп кетейін деп едім, тайып жығыла ма деп сізді аядым» деді. Қалтай ағаның әзілмен жеткізген мәселесі бір айдың ішінде шешіліп, Қажытай Ілиясұлы Алатаудың етегінен үй алды. Бұл деген ғажап қой! «Араға» қаншама өткір сын фельетондар шықты. Талай лауазымды қызметтегілер нақты деректер арқылы сыналады. Кейбіреулері ренжіп қалады. Сонда Қалағаның: «Арада» жұмыс істеу, жалаңаш құйрықпен кірпінің үстіне отырғанмен бірдей» дегені әлі есімде. Әңгіме арасында өзінің өмірбаянын айтып қоятын. Қалағаң Қызылорда облысы, Терең-өзек ауылында өсті. «Бұл кісі қандай талантты? Сөзі де, өзі де қалай классик боп туған?» деп ойлайтынбыз. Сөйтсек, Қалағаның Күдері деген арғы атасы ағып тұрған ақын, жыршы, ал өз әкесі Мұхамеджан ауылдың діни пірі болған екен. Ал атақты өр мінезді, өткір тілді Тұрмағамбет Ізтілеуов, Асқар Тоқмағамбетов, бәрі – бір ауылдың перзенттері. Тұрмағамбет Ізтілеуов пен өзбек жазушысы Садриддин Айни екеуі Самарқанда медреседе бірге оқыған. Олардың әзілдерін естіп, жастайынан құлағына құйып өскен Қалаға қалжыңды нәшіне келтіріп айтпағанда, кім айтушы еді?! Жақында Түркістан облысында Шыңғыс Айтматов пен Қалтай Мұхамеджановтың 90 жылдық мерейтойы аталып өтті. Қалағаның Шыңғыс Айтматовпен бірге жазған «Көктөбедегі кездесу» екі бөлімді драмасынан көрініс қойылды. Осы кешке барып, қатысқанымды ұстаздың алдындағы шәкірттік парызым деп білдім. Қалағаның аузынан тек жақсы сөз шығатын. «Алланың ықыласы құлаған адам тым сирек қой» деп отыратын. Сондай адамның бірі өзі еді. Бір қарағанда Қалтай аға маң-маң басқан, керуенді асықпай бастап келе жатқан нар түйе сияқты әсер ететін. Сөйтсек, оның сыртқы тұлғасы ғана сабырлы екен, ал жан дүниесі үнемі арпалысқа түсіп, «Қандай дүние жазамын? Тақырыбы қалай болады?» деген сияқты оймен  жүреді екен. 1990 жылдардың басында, Тәуелсіздік алған жылдары елде жоқшылық болды. «Араның» да жабылатын кезі жақындады. Сонда Қалағаның «Араның» жабылғаны – қазақ сатирасының қара жамылғаны» деп айтқан сөзі бар. Сол сөздің жалғасын бір жиналыста Елбасыға қарата айтқан екен. «Құрметті Нұреке, қазір қағаз тапшылығынан кітаптар да, журналдар да шыға алмайтын болды. Өзіңіз білесіз, дүкенде ет те, май да құрыды. Сол ет пен майды орап сататын қағаздарды мен басқарып отырған «Ара» журналына берсеңіз, қағаз тапшылығынан құтылып қалар едік» деді. Қандай сөз! Бір жағы сын да бар, шындық та бар. Қалағаның бірауыз сөзінен кейін «Ара» журналы біраз жыл шығып тұрды.

Жазып алған  Динара Мыңжасарқызы