Ақырып теңдік сұраған француздар

Бес апта бойы Париж көшелеріндегі дүрбелең басылған жоқ. Бес күннен бері Будапешт алаңында – наразылар шеруі. Тіпті, Брюссельдің іші тыныш емес бұл күнде. Азаматтық үн, рух еркіндігі, демократиялық құқықтар – кәрі құрлықтың тұрғындары үшін мұның бәрі жәй популистік ұран емес. Себебі олар демократияның күнделікті өмір шартына айналған көрінісін жақсы біледі. Егер олар парламент мінбері арқылы билеушілерге өз арызын айта алмаса, егер сайланған басшылар қара халықтың мүддесіне немкеттілік танытса, өз үнін жеткізу үшін көшеге шығудан тайсақтамайды. Расында, екі революцияның отаны болған Франциядағы толқулардың сыры біз ойлағаннан әлдеқайда тереңде.

Еуропаның басындағы қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған заман өтті деуге әлі ерте. Бірақ соңғы он шақты жылда бұған дейінгі бақуатты, қамсыз өмір кешкен күндер көзден бұл-бұл ұша бастағандай. Оның бір себебі – Еуроодақтың басындағы экономикалық қиыншылықтар. Кейінгі бір себептердің бірі – Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстан бас сауғалап, заңды-заңсыз жолмен кәрі құрлықты жаяу «жаулаған» босқындар армиясы. Жау жағадан алғанда, етектен тартқандай болған – АҚШ-тың сыртқы саяси бағытының күрт өзгеріп, Еуропаның мүддесіне қайшы шешімдер қабылдауы мен Британияның Еуроодақтан шығу туралы референдум өткізуі. Әлбетте, мемлекет басшылары мен іс басындағы саясаткерлердің олақ басшылығы жығылғанға жұдырық деп бағалауға лайық.

Еуропа елдерін Африка мен Азиядағы қақтығыстарға араласып, әскер мен соғыс техникасын жұмсауға түрткі болған АҚШ ақыр аяғы осы халықаралық операциялардың салдарымен күресуде Еуроодақты жеке-дара қалдырды. Расында, «халықаралық терроризммен күрес» және «либералды демократия құндылықтарын тарату» операцияларына мұрындық болған Ақ үй соңғы жылдары күрт айнып, оқшаулану саясатына қарай ойысты. Сыртқы және ішкі қайшылықтарға ұрынған кәрі құрлық енді әрі саяси, әрі экономикалық, әрі этносаралық-дінаралық қақтығыс сияқты түрлі ауыртпалықтардың қайсысына бірінші кірісуді білмей, дағдарысқа ұшырады.

Ал бұл қайшылықтардың дұрыс шешімін тауып, қайырлы саясат жүргізуге еуропалық саясаткерлердің қабілеті жетпеді. «Мигранттарға құшақ жаямын» деген Меркель немістердің назына душар болса, француздардың Макронға артқан үміттері ақталмай, халқы пұшайман болды. Расында, осыдан бір жарым ғана жыл бұрын төтеден келіп, тосыннан президент болып сайланған Макронның бәсі сол кезде бәрінен жоғары еді. Оған дейінгі саясаткерлердің өтірік уәделерінен шаршаған француздар жас Макроннан жаңа тұрпаттағы озық шешімдер күтіп еді. Бірақ жыл өтпей-ақ оның сыртқы саясаттағы шешімдері көңілдегі күмәнді күшейтті. Ал ішкі саясаттағы экономикалық, әлеуметтік мәселелерге қатысты пәрмендері ашық наразылық тудырды.

Егер Еуропа қалаларын бірінен соң бірін біртіндеп дүрбелеңге түсірген наразылық шерулерінің басты себептерін саралар болсақ – осы. Әдетте, халық толқуларына түрткі болатын жайт – лаулаған отты тудырған бір тал шырпы сияқты ғана атқарар рөлі бар. Бұл жолы да солай болды. Азат француздардың ашу-ызасын тудырған әрі шыдамның соңғы шегі болған оқиға – Макрон үкіметінің жанармай салығын енгізуге қатысты шешімі еді. «Мал ашуы – жан ашуы», онсыз да бұған дейінгі жылдар бойғы әділетсіздіктерге жаны күйіп, зығырданы қайнап жүрген француздар көшеге шықты да кетті. Әуелі тек Парижден басталған толқулар енді Францияның басқа қалаларын шарпыды. Бұл тек бір реттік акция емес, бес апта бойы әр сенбіде жоспарлы түрде наразылық білдіруге арналған жүйелі шараға айналды. Тіпті, тұтас Еуропа, жаппай Батыс елдері шаттана тойлайтын Рождество мерекесі де наразылардың ашуын қайтаратын емес. «Сенбілік» шерулер алдағы апталарда одан әлі жалғасады.

Бұл соңғы елу жылда Францияда болған ең ірі шерулер сериясы. Көтерілісшілер рухы өлмеген француздар тыныш, бейбіт түрде шеру өткізуді үйренбеген. Шерушілер көше бойындағы дүкендердің әйнегін қиратып, көліктерді жағып, полициямен қақтығысқа түсті.

Осы арада венгрлер де өз үкіметі қабылдаған Еңбек туралы заңға наразылық білдіріп, көшеге шықты. Желтоқсанның 15-інде Будапештте басталған наразылық шерулер осы аптада одан әрі жалғасты. Өткен жексенбіде он мыңдаған адам көшеге шыққаннан кейін осы дүйсенбіде тағы екі мың адам Венгрия мемлекеттік телеарнасының алдына барып, қоғамдық БАҚ пен тәуелсіз сот болуын талап етті.

Бұл шерулердің сыры неде? Тек билік басындағылардың одағай шешімдері мен солақай саясатына деген наразылық па? Әлде соңғы отыз-қырық жылда «эстра-комфорт» жағдайында өмір сүріп үйреніп қалған, яғни жайлы тұрмысқа дәнігіп, енді басқа түскен азғана қиыншылыққа көндіге алмаған сабырсыздық па? «Табыс азайып, салық көбейді» деп ашу білдірген француздардың тұрмыс жағдайы әлде де басқа құрлықтағы тұрғындардан көш ілгері екені түсінікті ғой. Бірақ өзгелер қанағат тұтатын жерде еуропалықтар ашу шақыратын сияқты. Әйтсе де, мұның бәрі тек «қара қазан, сары баланың» уайымы ма?

Асылы, француздарды көшеге итермелеген тек тұрмыстың уайымы емес. Мұның бір дәлелі – шерушілердің аптығын басу үшін француз үкіметі әуелі жанармай салығына мораторий жариялағаны, одан соң президент Макронның халыққа үндеу жариялағаны еш әсер еткен жоқ. Макрон жанармай салығына уақытша шектеу қойды. Бұған қоса ең төменгі айлық жалақыға 113 доллардан қосу туралы шешім шығарды. Мұның бәрі француз үкіметінің шығынын 11 миллиард долларға арттырғанымен, шерушілердің көңілін тыныштандыруға жеткіліксіз болып отыр. Олар Макрон бастаған үкіметтің отставкаға кетуін талап етеді. Апта сайын алаңға шығып, еліріп алған француздар Макронның сөзін елейтін сыңай танытпады да.

Француздар «салықты азайтып, миграцияны шектеуді, ортақ ауылшаруашылық саясатты жоюды, ақпарат құралдарына мемлекеттік субсидияны қалпына келтіруді» ғана емес, ең бастысы, «тікелей демократияның қайта орнауын, халық үкіметінің жүзеге асуын» талап етеді.

Сонда да Франциядағы «сары желеттер» шеруі – салдар емес. Салдар болғанның өзінде толық және түпкілікті емес. Кезінде екі бірдей революция жасаған рухы азат француздар үшін билік басшыларының құтын қашыру қиын болмас. Кезінде ғасырлар бойы тақтан түспеген монархтың басын шауып, қара халықты теңдікке жеткізген француздарға демократиялық сайлауда жеңіске жеткен Макронды бар құзыретінен айырып, абыройсыз ету – қисынсыз көрінбес. Анығында, көшеде ұрандатып жүргендердің тілегі осыған саятын сияқты.

Соңғы ширек ғасырда француздар ереуіл желігін ұмыта бастағандай еді. Қазіргі шерулерге Макронның шектен тыс амбициясы мен саяси қателіктері себеп болды десек те, халық наразылығы тек оның жеке басына бағытталған деу ағаттық болар. Француздар бұған дейінгі президенттер, яғни Жак Ширактың, Николя Саркозидің, тіпті Франсуа Олландтың мойнында кеткен ақысының өтеуін талап етіп отыр. Дәл бүгінгі әлеуметтік келеңсіздіктер мен экономикалық қиындықтарды тудырған Макронның өзі болмаса да, ол «айран ішкеннің» кебін киіп, билеуші топ – үстем таптың өкілі ретінде жауап беруі тиіс.

Германияда, Францияда популистік оңшыл саясаткерлердің үні басымырақ шығып, ал Шығыс Еуропада ұлтшылдардың бас көтере бастауы да содан. Біртұтас Еуропаға деген нық сенімнің көбесінің сөгілуіне либералды демократияға деген адалдықтың кетеуі кете бастағаны себеп еді. Демократияның арқасында билікке келген еуропалық басшылар көптің билігін жүзеге асыруда адалдық таныта алмады.

Еуропадағы толқулардың басы бұл емес. Соңы да емес. Олақ басшылар әр елде болуы мүмкін, бірақ тек рухы азат халық қана билік басындағылардың қателігін ашық айтып, өз құқығын «ақырып сұрап», теңдік пен әділет іздеп, көшеге шығады. Көше қақтығысы болған жерде кісі өлімі болмай тұрмайды, бірақ француздарды «бәлен адам жарақат алыпты, бәлен адам қаза тауыпты» деп қорқыта алмайсың. Себебі олар бензиннің қымбатшылығына, салықтың көптігіне, тұрмыстың ауыртпалықтарына емес, президент пен үкіметтің қара халықты ұмытып, өз қамын күйттеп кеткеніне наразы. Демократияның басты қағидасы – көпшіліктің үкіметі болу, көптің мүддесінен шығатын шешімдер қабылдау, баршаға бірдей жағдай жасау шарттарын естен шығарғанына ашулы. Бұл наразылықты, бұл ашуды Макрон да, басқалар да ақшалай не материалдық сауға беріп баса алмас. Не осыдан соң Макрон бастап еуропалық саясаткерлер тәубесіне келіп, халықтың дегеніне көнер, не тулаған халық өз демократиясын орнатар. Бостан елге одан басқа жол жоқ. «Біз Ресейдің жолымен жүрмейміз» деген француздар авторитаризмге жол бермес үшін күреске шықты.

Иә, еуропалықтар өзгерісті тілейді. Бұрынғының қателіктерін ескерген, игі жаңалықтарға түрткі болатын, бұдан кейінгі дамуға жол салатын тың шешімдер керек. Бірақ бұл Италия ұсынып отырған «үй ішінен үй тігу» емес, тіпті Германия бастамашы болған «еуропалық армия құру» да емес. Халықтың атынан солақай шешімдер қабылдауды қоюды талап еткен «сары желеттер» шеруі осыны әйгілейді. Француздар біледі ғой, егер демократия үкімет үйі мен парламент кабинеттерінде қысым көре бастаса, ол көшелер мен алаңдарда өзіне орын табады.

Сондықтан «сары желеттер» тек француздардың басына үйірілген бұлт емес. Тек француз үкіметіне деген қарсылық емес. Бұған дәлел – Бельгияда, Польшада, Нидерландтар мен Каталонияда қарасы көбейген дәл сондай «сары желеттер». Сары түсті кеудеше киген наразылар Лондон мен Тель-Авив көшелерінде де бой көрсете бастады. Осылайша, «сары желет» тек француздық шерудің емес, әр елде билік иелерінен «ақырып ақы сұраудың» халықаралық символына айналды.

Бет қатталып жатқанда:

Бес сенбі бойғы шерулерден соң француз полициясы наразылар жағына шығуға дайын. Француз полициясы соңғы бір айда шамадан көп жұмыс істеп, оған лайықты түрде еңбек-ақы алмағандарын, шаршағандарын айта бастады. Енді олар өздеріне бұдан жақсы жағдай жасалуын және жалақыларын көбейтуді талап етіп отыр. Егер полиция халыққа қосылып, көшеге шықса, француз үкіметіне толық «капитуляция» жасаудан басқа амал қалмайды. Француз полициясы өздерінің наразылық кеудешесінің түсін көк етіп таңдапты.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button