Сарсаңға салған субсидия

Сарсаңға салған субсидия

Сарсаңға салған субсидия
ашық дереккөзі
823
Еліміздегі кейбір құс фабрикаларының жұмысы тоқтап қалды. Өйткені оларға сәуір айынан бері субсидия берілмеген. Бұл туралы депутаттар да дабыл қағып, Үкімет басшысының атына сауал жолдады. Депутат Тұрғын Сыздықовтың ұсынған дерегі бойынша, еліміздің 5 аймағында құс шаруашылығына мемлекеттік қаржылай қолдау кешігуде.  Жыл соңына жақындаған тұста Алматы, Атырау, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Ақмола облысының шаруалары мемлекеттен берілетін қаржылай көмекке мұқтаж болып отыр.

Қаржылай көмек неге кешігеді?

Алматы облысы елімізде құс өнімдері бойынша алда келе жатқан өңір. Аймақ кәсіпорындары құс етінен республикадағы сұраныстың 45 пайызын, жұмыртқа бойынша 35 пайызын қамтамасыз етеді. Бірақ облыстағы құс фабрикалары сәуір айынан бері мемлекеттің қаржылық қолдауынан қағылған. Алматы облысында құс шаруашылығын дөңгелеткен ірі 8 компания бар. Оның 5-і ет, қалған 3-і жұмыртқа өндіреді. Алайда барлығы банкроттың алдында тұр. Себебі олар 2018 жылдың сәуір айынан бері тиісті субсидиялық қаражаттарды алмапты. Оның көлемі 5 млрд теңгеден асады. Аймақтағы 15-ке жуық кәсіпорын тиісті қаражат төленбесе, жұмыс орындары қысқарып, тауар өнімділігі күрт төмендейді деп алаңдаулы. Құс фабрикасының иелері бұл сала субсидиясыз тұралап қалатынын айтады. Өнімдер маусымдық ерекшеліктерге байланысты арзандап отырады. Құстың азығы, вирустық дәрмектер мен қосымша шығындарды субсидия арқылы ғана жабуға болады. Отандық нарықты сапалы жұмыртқамен қамтамасыз етіп отырған Алматы облысындағы ірі құс фабрикасының табысы жарты жылдан бері азайып қалған. Өйткені Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан әр жұмыртқаға берілетін 2,7 теңгелік субсидия мүлдем тоқтатылған. Бұл жылына 150 млн дана жұмыртқа шығарушы фабрика үшін қаржылық тұрғыдан ауыр соққы. Ал еліміздегі ең ірі құс фабрикаларының тең жартысы Алматы облысында орналасқанын ескерсек, субсидияның неліктен тоқтатылғаны түсініксіз. Теңгенің құнсыздануы отандық өнеркәсіп орындарының өндірісіне кері әсер етті. Жем-шөп бағасы 50 пайызға өсті. Әзірге фабрика қажетті тапсырысты орындауға қауқарлы. Бірақ келер жылы субсидия мүлдем тоқтатылса тоқырамақ. «Атырауда бірнеше құс фабрикасы несие және оның өсімпұлын өтей алмай отыр. «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік палатасы қаржыны қайтар деп қысым көрсетіп жатыр екен. Құсқа шетелден жеткізілетін қосымша азық үшін қарыз 250 млн теңгеден асқан. Сол сияқты ең ірі «Өскемен» құс фабрикасы да 2018 жылы небәрі 2,2 пайыз субсидия алған. Мемлекеттен берілуі тиіс 1,8 млрд теңгені күтіп сарғайып отыр», – дейді депутат Тұрғын Сыздықов. Ал Семейде жұмыртқа тапшылығы туған. Қала мен оның айналасындағы аудандарға тауық жұмыртқасы Ресейден немесе көрші облыстардан жеткізіледі. «Семей құс» фабрикасы 2012 жылдан бері тек ет өндірумен айналысуға бағыт алған. Қалада жұмыртқаның «ондығы» үшін 250-300 теңге аралығында баға қалыптасып отыр. Жұмыртқаның фабрикадан шығатын өзіндік құны 20 теңге. Ал оның ішінде 13 теңге тек құстың жеміне жұмсалады екен. Дайын өнім дүкен сөрелеріне жеткенге дейін екі есеге қымбаттайды. Оған қаптама, жол шығыны мен сауда орнының маркасы қосылады. Сонда тұтынушы әр он жұмыртқаны 380-400 теңгеге сатып алуға мәжбүр.

Импортқа тәуелділік тұралатып тынбақ

Кеңес өкіметі кезінде Қазақстан құс еті мен жұмыртқа өндіру жөнінен аймақ елдері ішінде көшбасында болды. Республикамыз 60 млн құс асырап, жылына 4 млрд жұмыртқа шығарып отырған. Алайда тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елдегі 70 құс фабрикасының 80 пайызы нарықтық экономикаға бейімделе алмай, жабылды. Нарықты Ресейден, Украинадан келетін құс етімен бірге АҚШ-тан жеткізілетін әйгілі «Ножки Буша» атанған тауық еті толтырды. Бүгінде елімізде 65 құс фабрикасы жұмыс істейді. Одан бөлек 6 мыңнан астам елді мекенде тауық өсіріледі. Өткен жылы республика бойынша 180 мың тонна құс еті өндірілген. Ал биылғы жоспар – 235 мың тонна. Сондай-ақ, былтыр құс фермалары 5 млрд 200 мың жұмыртқа өндірген еді. Дәл осы сандық деректерге қарап, Қазақстанның құс өнімдері бойынша импортқа тәуелді еместігін байқауға болады. Десек те, Қазақстан нарығына сырттан енгізіліп жатқан құс өнімдері жоқ деп айта алмаймыз. Халықаралық азық-түлік институты Қазақстан мен Қырғызстанды әлем бойынша құс етін көп тұтынатын елдердің қатарына қосыпты. Аталмыш сала мамандары соңғы үш жылда, әсіресе, қазақ елінің құс етіне тәбеті артып кеткенін алға тартып отыр. Ресми деректерге сүйенсек, 2016-2018 жылдарда Қазақстан құс етінің 70-80 пайызға жуығын импорттаған. Импорттың 70 пайызы АҚШ пен Бразилия елдерінің үлесінде. Тағы 17 пайызын көршілес Ресейден, 4 пайызын Белорусь елінен жеткізеді. Құс өсірушілер одағының мәліметтері бойынша, бұрын елімізге АҚШ-тан 110 мың тонна құс еті әкелінетін. Ал Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болғаннан кейін АҚШ-тан жеткізілетін құс етінің көлемі 140 мың тоннаға жетіп отыр. Оның 128 мың тоннасы – тауық сирағы, ал 12 мың тоннасы – консервіленген ет. Айта кетейік, құс өнімдері бойынша экспорттың 78 пайызы Ресейге тиесілі. Көрші ел тұрғындары арасында қазақстандық құс өнімдеріне деген сұраныс жоғары. Сәйкесінше, біздің елге де Ресейдің бірқатар құс фермалары өнімдерін саудалап отыр. Бірақ үстіміздегі жылдың маусым айында елімізге Ресейден тауық еті мен жұмыртқа әкелу шектелді. Себебі Халықаралық эпизоотикалық бюро Ресей аумағында Курск, Пенза және Самара облыстарында жоғары патогендік құс тұмауын тіркеді. Ресейдегі құс тұмауы тіркелген 36 құс фабрикасының өнімін әкелуге тыйым маусым айында салынған еді. Қазан айында бұл шектеу тағы ұзартылды. Осыдан кейін дереу Ресей АҚШ-тан келетін тауық етін Қазақстанға кіргізбей қойды. Бұл өз кезегінде еліміздегі құс еті мен жұмыртқа бағасының қымбаттауына әкеліп соқтырды. Мәселен, тауық етінің бағасы Павлодарда 20 пайызға өскен. Алматы мен Шымкентте құс етінің құны сиыр мен жылқы етінің бағасымен теңесіп шыға келген. Құс өсірушілер одағының түсіндіруінше, еліміздегі құс фермалары жемнен басқаның бәрін сырттан сатып алады. Шикізат қымбаттағаннан кейін тауық етінің де құны өскен. Субсидияның дұрыс бөлінбеуі де жығылғанға жұдырық болып отыр. Құс өсірушілерге бөлінетін субсидияға қатысты мәселе бүгін ғана пайда болған жоқ. Сала мамандары бұл түйткілмен 4-5 жыл бойы алысып келеді. Бұрын субсидия бөлу құзыры Ауыл шаруашылығы министрлігінің еншісінде еді. Ал қазір облыс әкімдіктеріне басымдық берілген. Яғни, құс шаруашылығына қаншалықты субсидия бөлінетінін әкімдер шешеді. Негізінен, тауықтың әр келісіне 80 теңгеден субсидия қарастырылуы қажет. Алайда бұған назар салып, қадағалап отырған ешкім жоқ. Мәселен, елімізде құс етін өндіруден көш бастайтын Алматы облысындағы шаруалар субсидияның 20-30 пайызын ғана иеленіп отыр. Айта кетейік, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері Алматы облысында құс өсіру саласы экономиканың басымдық беріп отырған саласы емес деп шешіп, бөлінген қаржының тек 20 пайызын ғана құс шаруашылығын дамытуға бағыттау туралы шешім қабылдаған. Өзгесі ірі қара мал басын көбейтуге, қант қызылшасын өсіруге арналған. «Жыл басында Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдерімен кездесіп, субсидиялаудың жаңа ережесіне наразылығымызды білдірген болатынбыз. Аталған ережеде жұмыртқа өндірісіне де, жалпы құс шаруашылығына да қаржы қарастырылмаған. Бізге әр кәсіпорында өнімді сұрыптайтын техника болуы қажет деген талап қойды. Жаңа инвестициялық ереже бойынша бөлінетін қаражатқа құрал-жабдық сатып ала алмайсың. Өзгеріс енгізілмесе, нарықта отандық өнім көлемі азайып кетуі әбден мүмкін», – дейді Құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шәріпов. Ақмола облысының шаруалары да жыл басында алуы тиіс көмек қаржыға енді ғана қол жеткізуде. Ал Қарағанды облысындағы құс фермаларының иелері әлі жер сипап отыр. Осындай жағдай орын алып отырғанда өндірушілер арасында бәсекелестік қайдан туындасын? Шаруаларға бағаны көтергеннен басқа жол бар ма? Дәл осылай жалғаса берсе, құс шаруашылығының қарқыны айтарлықтай бәсеңдеп қалары анық. Бүгінде қазақстандық шаруалар ұсынған құс еті ішкі нарықтың 60 пайызын ғана қамтып отыр. Ал 2023 жылға қарай еліміздің құс өсірушілері 300 мың тонна құс етін өндіріп, сол арқылы ішкі нарықты түгелдей қамтуды көздеп отыр. 2027 жылы 740 мың тоннаға дейін жеткізіп, экспортқа шығара бастамақ. Бірақ бұл межеге жету үшін отандық өндірісті барынша қолдау қажет.  

Серіктес жаңалықтары