Қазгидромет 26 қазанда ауа райына байланысты бірқатар өңірде ескерту жариялады.
Синоптиктердің болжамы бойынша, еліміздің басым бөлігінде ауа райы құбылып, жел күшейеді, тұман түсіп, өрт қаупі артады.
Маңғыстау облысында түнде және таңертең тұман түседі. Өңірде жоғары өрт қаупі сақталады.
Ақмола облысының батысы, солтүстігі мен шығысында тұман түседі. Облыстың оңтүстік-батысында өрт қаупі жоғары.
Жамбыл облысында күндіз найзағай ойнап, желдің екпіні 20 м/с-қа дейін жетеді. Түнде және таңертең таулы аудандарда тұман түседі. Өңірдің батысы мен солтүстігінде өрт қаупі өте жоғары. Тараз қаласында да өрт қаупі күшейеді.
Абай облысының оңтүстігі мен орталығында жел солтүстік бағытқа ауысып, 20 м/с-қа дейін күшейеді. Өңірдің оңтүстігінде өрт қаупі жоғары. Ақтөбе облысында да өрт қаупі өте жоғары.
Жетісу облысында Алакөл маңында желдің екпіні 20 м/с-қа жетеді. Шығыс Қазақстан облысында да жел күшейеді. Атырау өңірінің оңтүстігі мен шығысында өрт қаупі өте жоғары, ал солтүстік-шығысы мен оңтүстік-шығысында орташа жоғары болады. Облыс орталығында да жағдай осындай.
Түркістан облысы мен Шымкент қаласында өрт қаупі өте жоғары. Ұлытау облысының солтүстігі мен шығысында түнде көктайғақ болады. Өңірдің басым бөлігінде өрт қаупі жоғары, оңтүстігінде өте жоғары.
Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарының көптеген ауданында түнде және таңертең тұман түседі. Бұл өңірлердің кей аймақтарында өрт қаупі жоғары.
Айта кетейік, «ҚазАвтоЖол» үш өңірдің жүргізушілеріне ескерту жасады.