Нұрсұлтан Назарбаев: Тәуелсіздік – әрбір қазақстандық үшін қадірлі ұғым

Нұрсұлтан Назарбаев: Тәуелсіздік – әрбір қазақстандық үшін қадірлі ұғым

Нұрсұлтан Назарбаев: Тәуелсіздік – әрбір қазақстандық үшін қадірлі ұғым
ашық дереккөзі
582

Тәу етер Тәуелсіздік күнін де атап өттік. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиынға қатысып, барша жұртты еліміздің ұлық мерекесімен құттықтады.

Қазақстан Президенті тәуелсіздіктің 27 жылы ішінде мемлекетіміз өзінің даму жолында зор жетістіктерге жеткенін, егемен еліміздің құрылу тарихында Қазақстанның жас астанасының маңызды рөл атқарғанына айрықша тоқталды.

– Бұл – қыран құстай еркіндікке ұмтылған халқымыздың ғасырлар бойғы асыл арманы орындалған күн. Тəуелсіздік – жүрегі елім деп соққан əрбір қазақстандық үшін аса қадірлі, айрықша ардақты ұғым. «Адам бақытты өмір сүруі үшін, оның тəуелсіз Отаны болуы қажет» деген даналық сөз бар. Бүкіл халқымыз ақсарбас айтып, егемендік байрағын көкте желбіреткеніне, міне, 27 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде Қазақстан тамырын тереңге жайып, өрісін кеңейтіп, кемелдене түсті. Сынағы көп сындарлы кезеңнен сүрінбей өтіп, мəртебесі биік, тұғыры берік, мерейлі мемлекетке айналдық, – деді Елбасы. Бұдан əрі Елбасы егемен еліміздің құрылу тарихында Қазақстанның жас астанасының маңызды рөл атқарғанына айрықша тоқталып: «Еуразияның жүрегінде орналасқан жаңа елорда жаңғырған Қазақстанның символы саналады. Биыл Астанамыздың 20 жылдығын еліміздің барлық өңірімен бірге жоғары деңгейде атап өттік. Бұл мерейтойға еліміздің барлық өңірлері атсалысып, шаһарымыздың көркейе түсуіне зор үлес қосты», – деді. Сонымен қатар осынау жылдар ішінде татулық пен келісімді басты ұстаным еткен сындарлы саясаттың арқасында Қазақстанның ынтымақ-бірлігі жарасқан елге айналып, əлем елдері алдында беделі арта түскенін атап өтті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қазақстанда жүргізілген ауқымды нарықтық реформалар миллионнан астам азаматымыздың кәсіпкерлік қабілеттерін экономикаға жұмылдыруға жол ашқанын айтты. «Экономиканы жүйелі индустрияландыру өңдеу өнеркәсібінің үлесін айтарлықтай арттыруға септігін тигізді. Бүгінде мұндағы өнім көлемі шамамен 9,5 триллион теңгені құрап отыр», – деген Елбасы көлік-логистика инфрақұрылымына тартылған инвестицияның арқасында Қазақстан құрлықтық маңызы бар транзиттік хабқа айналғанын атап өтті. Тәуелсіздік жылдары табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен тұрғындар саны 15 есе азайып, ал нақты еңбекақы 4 есе артқанын жеткізді. – Егемен Қазақстанның басты жетістіктерінің бірі – халқымыздың саны 18 миллионнан асып, тұрғындардың орташа өмір сүру ұзақтығы 72,5 жасқа жетуі. Осы маңызды жеңістеріміз бен игі нәтижелеріміз біз таңдаған бағыттың дұрыс екенін растап отыр, – деді Мемлекет басшысы. Және де Президент 2018 жылы еліміздің сыртқы саясатта да, жаңғыру бағдарламаларын іске асыру аясында да қол жеткізген басты жетістіктеріне тоқталды. – Біздің жауапты әрі сындарлы сыртқы саясатымыз әлемдік аренадағы өз орнымызды айтарлықтай нықтай түсуге мүмкіндік берді. Қазақстанның жемісті бітімгерлік қызметі Астанадағы Сирияаралық келіссөздердің нәтижелі болуына септігін тигізді, – деді Елбасы. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халық­аралық қаржы орталығын, «Астана хаб» ІТ-стартаптардың халықаралық технопаркін және «Жасыл» технологиялар мен инвестициялық жобалардың халықаралық орталығын іске қосу жөніндегі жұмыстардың нәтижесіне назар аударды. Еліміздің орнықты дамуы жолында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар мен тың бастамаларға тоқталған Елбасы экономиканы жаңғыртуға бағытталған цифрландыру процесі қарқынды жүріп жатқанын, халықтың əл-ауқатын жақсартуды көздейтін «Бес əлеуметтік бастама» еліміздің дамуына оң серпін бергенін атап өтті. – Биылғы қазан айындағы Жолдауым азаматтарымыздың тұрмыс сапасын арттыру мəселесіне арналды. Жаһандық бəсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің өзгеше моделін құруға қадам бастық. Қазіргі таңда ұлттық сананың жаңаруына тікелей ықпал ететін Үшінші жаңғырудың мəні зор. Жуырда жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаламда əлемдік өркениетке қосқан үлесімізді кеңінен атап көрсеттім, – деді Н.Назарбаев. – Қоғамдағы бірлік пен келісім біздің барлық жетістігіміздің бастауында тұрғанын әрдайым есте ұстауымыз керек. Этносаралық және конфессияаралық дамудың қазақстандық моделі бүгінде халықаралық брендке айналды, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті еліміздегі кейінгі бастаманың бәрі тұрғындарымыздың тұрмыс сапасын жақсартуға, қоғамдық қауіпсіздікті жоғары деңгейде қамтамасыз етуге және әл-ауқатымызды арттыруға бағытталғанына тоқталды. – Әлеуметтік саланы кешенді жаңғырту – біздің маңызды бағытымыз. Тәуелсіздік жылдары миллионға жуық азаматымыз баспаналы болды. Біз жуырдағы 5 жыл ішінде 70 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй саламыз. Бұл шамамен тағы екі миллионға жуық қазақстандық баспаналы болады деген сөз, – деді Елбасы. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз ел тұрғындарының қазіргі буыны уақыт талабына сай болып, Қазақстандағы әрбір отбасының игілігі мен берекесін нығайтуға үлес қосатынына сенім білдірді.

Серіктес жаңалықтары