Жасампаз жастықтың жалынды күші

Жасампаз жастықтың жалынды күші

Жасампаз жастықтың жалынды күші
ашық дереккөзі
Елдің иесі – қазақ, жердің иесі – қазақ. Сондықтан мүмкіндік болғанда ең алдымен жақсылықты қазаққа, екінші рет те қазаққа және үшінші рет те қазаққа жасау керек. Себебі бізді өз жерімізде, туған халықтың арасында тәуелсіздіктің нұрлана атқан ақ таңын көруге, ашық аспан астында бейбіт күн кешуге жеткізген және тұншыққан өкпемізге бостандықтың таза ауасын құшырлана жұтқызған ата-бабаның қаны да, жаны да қазақ. «Жауға шаптым ту байлап, Шепті бұздым айғайлап. Дұшпаннан көрген қорлықтан, Жалынды жүрек қан қайнап. Ел-жұртты қорғайлап, Өлімге жүрміз бас байлап» (Ақтамберді), «Еділ үшін егестік, Тептер үшін тебістік, Жайық үшін жандастық» (Махамбет), «Қазағым, елім, Қайқайып белің, Сынуға тұр таянып. Талауда малың, Қамауда жаның, Аш көзіңді оянып» (Ахмет Байтұрсынов), «Құртпаққа бізді ойлаған, қанымызға тоймаған. Қолымызды байлаған, Өшті залым қарасы, жасасын Алаш, жасасын!» (Алаш ұраны), «Қазақстан жерінен, Тұтағандай ел кегі, Жолды кернеп қол кетті, Сендерге дем бергелі. Ұрпаққа үлгі болыңдар, Заманымның өрнегі!» (Жамбыл), «Туған жердің намысы, Бөтен қолда кетпесін... Абай туған жерінде, Бомбасын атом жармасын... Мойныма алып жаланы, Мен болайын құрбаның» (Қайрат Рысқұлбеков). Міне, осының барлығы – ата-бабаларымыздың ұрпағы, жері, елінің болашағы үшін жанкешті күресі. «Әдебиет – халық өмірінің көркем бейнесі» десек, қазіргі дәуірге дейін айтылып келген ауыз әдебиет жырларынан да, жазылған поэзия мен прозаның қай-қайсысынан да халықтың басына түскен ауыртпалықтарды айқын көреміз. Ең өкініштісі – ойы таза, парасаты мол, ақылы асқан, ерік-жігері мықты қазақ зиялыларын сүттің бетіндегі қаймақты сыпырып алғандай бір-ақ сәтте жоқ қылғаны. Ең қайғылысы – жұдырық жүрегі қазақ деп соққан, өрімдей-өрімдей қайсар ұл-қыздарды қаһарлы қыста мұзға жығып, сабап-сүйреп, атып-қырғаны. Олар не үшін кінәлі еді? Тым ақылды, тым патриот болғаны үшін! Әйтпесе, табиғатта қазақ өмір бойы басқаға тәуелді болып өтуі керек деген заң бар ма еді о баста? Әрине, жоқ. Жайдақ ақыл, сараң да соқыр саясаттың кесірі бәрі. Жаратқанның қазақ тағдырына жазылған осындай қиын-қыстау кезеңдерге сай ылғи мықты тұлғаларды сыйға тартқаны да тегін емес шығар. Ақиық ащы шындықты өрге сүйреп, сындардан сүрінбей, барлығын жеңіпті. Бірақ сол үшін өмірлерінен айырылды. Десек те, шын ерлікке өлім жоқ. Олардың есімдері ұрпақ есінде мәңгі қалады. Артта қазақтың ерлікке тұнған тарихы қалды. Заман қабығы, өмір ағыны, халық тағдыры өзгерді. Қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын заманға жеткенімізге биыл 27 жыл. Осы күнге жеткізген бабалардың еңбегі, тартқан қорлығы мен көрген азабы текке кетпеді. Ұрпағы бүгінде бақытты күн кешуде. Еліміз демократиялы, зайырлы, Заңы мен шекарасы бекітілген азат, бейбітсүйгіш ел. Осы орайда, Тәуелсіз елдің жастарын сөйлетуді жөн көрдік. Қалай дегенмен, жыл сайын ұрпақ ағыны, танымы мен түсінігі өзгеріп келеді. Сондықтан жастардан «Тәуелсіздік сізге не берді?» деген сұраққа жауап алуға тырыстық.   Айбек Молдасанов, кәсіпкер, 25 жаста:  width= Ес білгелі егемен елде тұрамын – Төл теңгеміз шыққан жылы дүниеге келдім. Ес білгелі егемен елде тұрамын. Қазақ мектебінде оқыдым, қалаған оқу орнына түстім. Тәуелсіздіктің арқасында көк байрағымыз, ата заңымыз, әдебиетіміз, мәдениетіміз, тағылымы терең тарихымыз бар. Еліміз ел болып іргесін қалағалы жиырма жеті жыл. Өзімді тәуелсіз елдің төл құрдасы деп есептеймін. Ол да, мен де жаспыз. Әлі үйренеріміз көп-ақ. Бастысы, келешегіміз күңгірт, болашағымыз бұлыңғыр емес. Тәуелсіз еліміздің бар екенінің өзі көңілдің бұлтын сейілтіп, жарқын болашаққа сенім сыйлайды. Тәуелсіздіктің үлкен сыйы – тұрақтылық. Бейбіт күніміз баянды боп тұра берсе, алар асуымыз жеткілікті. Себебі тамшы тұрақтылығымен тас теседі.   Айдана Қуантханқызы, ҚХР, Нинся университетінің магистранты, 24 жаста:  width= «шетел көргендер» артықтық етпейді – Тәуелсіздік маған не берді? Қанатымды кең жаюға мүмкіндік берді... Ал мен Тәуелсіздікке не бере аламын?... Мен Тәуелсіз елде дүниеге келген ұрпақпын. Тәуелсіздік маған, менің қатарластарыма әлемнің әр бұрышына барып, білімін жетілдіріп, таным-түсінігін дамытуға мол мүмкіндік берді. Бұрын «Ташкен көрген» немесе «Мәскеу көрген» деп, білімін шетелде жетілдіріп келген мықты адамдарды айтқан. Ол заманда шетел тұрмақ, көрші ауылға барудың өзі қиын болғанын білеміз. Ал қазір біздің қанатымызды кең жаюға, ғылымға еркін бойлауға, шетелде білім алуға, тәжірибе алмасуымызға мүмкіндігіміз мол. Жастар бұл мүмкіндікті жақсы пайдаланып жатыр. Бірі Қытайда, бірі АҚШ-та, кейбіреулері Еуропада, әлемнің түкпір-түкпірінде... Дұрыс, алпауыт елдермен көршілес жатқан Қазақстан үшін «шетел көргендер» артық етпейді. Бастысы, сол жер дүниені шарлап жүрген жастар, алған білімін мақсат емес, қару ретінде пайдаланып, елдің өркендеуіне, ғылым мен техниканың дамуына өз үлестерін қосса екен. Әбіш Кекілбаев: «Тәуелсіздік – ұлттық жауапкершілік» дейді. Ұлы жауапкершілікті әрбіріміз сезіне білсек деймін. Рухымыз биік болсын! Тәуелсіздік жасай берсін! Елжас Қуанышев, мемлекеттік қызметкер, 27 жаста:  width= Тәуелсіздік тың мүмкіндіктерге жол ашты – Тәуелсіздік – ең құнды байлығымыз. Ол үлкен мүмкіндіктерге жол ашты. Өткенімізді айқындап, болашаққа сеніммен қадам басуға, жоспар құрып, еркін дамуға жол ашты. Тіліміз бен дінімізді, салт-дәстүрімізді бекітті. Әсіресе, жастардың қалаған мамандығы бойынша білім алып, еліне қызмет етуіне мүмкіндік берді. Бастысы, қазақ өзгеге емес, өзіне бағынды. Ата-бабамыздың қанымен келген Тәуелсіздік ертеңгі күнге үлкен сенім берді. Енді біздің де оған береріміз арта түссе екен деймін. Адал жүріп, адал қызмет етіп, әлі талай биіктерге жететінімізге сенімдімін! Мәдина Дәулетқызы, журналист, 25 жаста:  width= Ана тіліме айрықша көңіл бөлінсе... – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алуы – қазақ елі үшін маңызды әрі тарихи оқиға. Егеменді ел атанғалы бері бабаларымыз аңсаған төрт құбыласы тең, қазығы берік, мамыражай тіршілігі бар мемлекетке айналдық. Ширек ғасырдан астам уақытта Қазақстан әлемге танылып, тар жол тайғақ кешу мен зұлмат қиын-қыстау кезеңдерден сүрінбей өтіп, жаңа деңгейге қол жеткізді. Алтай мен Атыраудың арасын жайлаған тәуелсіз елді әлем таныды. Тәуелсіздіктің тартуы көп-ақ. Алайда бүгінгі Қазақстанның перзенті ретінде, егемендік маған нақты не бергенін айта алмаймын. Себебі мен азат заманда дүниеге келдім, бүгінгі қоғамдағы құбылыстар мен жеткен жетістіктер мен үшін заңдылық болып кеткендей. Есесіне, бүгінгі Қазақстанға деген өтініштерім де жоқ емес. Мәселен, Тәуелсіздіктің жемісі ретінде – менің АНА ТІЛІМ, яғни қазақ тіліне көңіл бөлінсе екен деймін. Иә, Тәуелсіздік алғаннан кейін тіліміз заң жүзінде елдегі басты тілге  – мемлекеттік тілге айналды. Десе де, мені бүгінгі қоғамдағы оның алар орны қынжылтады. Неліктен мен күн сайын басшымның алдында орыс тілінде қинала өз айтар ойымды жеткізуім керек? Неліктен ауылдан келген қарапайым қазақ орыс тілін білмегеннің салдарынан жұмыссыз, бос жүр? Біз қашан Тәуелсіз еліміздің тартуы ретінде ата-бабамыз мұра етіп қалдырған туған жерімізде туған тілде сөйлеп, емін-еркін өмір сүреміз?